Ақпараттық портал

Жас әкімдер жұмыстың жүйесін табуы керек

Қалыптасқан қағидаға сәйкес әр аптаның сейсенбісі аудан әкімдігінде алқалы жиын өтеді. Бұл жолғы аппараттық кеңесте ауылдық округтердегі ахуалға мән беріліп, атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берілді. Аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков пен кеңеске қатысушылар назарына ең алдымен Төле би ауылдық округі бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары таныстырылды.

Округ әкімі Арнұр Рахимқұлов жыл басынан бері жүзеге асқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, аудан орталығында тазалыққа баса мән беріліп, 6 айда жергілікті полиция қызметімен бірлесе, жалпы 643 хаттама толтырылған. Сонымен қатар «ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық» кодексінің 505 бабына және 434-2 бабына сәйкес сәйкес, 100 азамат әкімшілік жауапқа тартылған. Есептік кезеңде жалпы 1 819 990 теңге көлемінде айыппұл салынған. Округ әкімдігі тарапынан 21 адамға ескерту беріліп, 4 адамға 314 560 теңге айыппұл салынған.
Салық түсімдерін қамту мәселесі үнемі қадағалауда болып, 2025 жылдың 6 айдың қорытындысымен барлық салық түсімдерінің жоспары 79,5 пайызға орындалғаны да мәлім болды.
-Округті дамыту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып, мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жолдарды жөндеу бойынша 10 көше орташа жөндеуден өткізіліп, бұл мақсатқа келісімшарт негізінде жалпы 107,4 млн қаражат игерілді. Ал арнайы бағдарлама аясында Төле би ауылының 1,5 гектар аумағына теректер отырғызылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді,-дейді Арнұр Ермекбайұлы.
Мұнан соң аудан әкімінің бас инспекторы Данияр Дәнебек сөз алып, аудан орталығына жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесін жария етті. Оның айтуынша, ауылдық округ әкімдерінің және аудандық маңызы бар қала әкімінің 2025 жылғы халықпен тұрақты кездесулерінің күнтізбесі бекітілген. Алайда, күнтізбеге сәйкес, Төле би ауылдық округі әкімінің тұрғындармен кездесуі ұйымдастырылмаған. Сондай-ақ округ әкіміне жалпы 18 хаттамалық тапсырма берілген. Оның 11-і орындалған, 3-і орындалу үстінде, 4 тапсырма орындалмай отыр.
Бас инспектор баяндағандай, Төле би ауылында абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын ұйымдастыру, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сәулеттік келбет пен түнгі жарықтандыруда кемшіліктер бар.
Күн тәртібіндегі кезекті мәселе бойынша Жаңақоғам ауылдық округінің әкімі Марлен Махамадиев өз аумағындағы шаруалардың тыныс-тіршілігін баяндап берді. Оның дерегінше, Көктөбе ауылында 11 көшенің орташа жөндеу жұмыстары аяқталып, қалған 7 көше жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес, ағымдағы жылдың 15 тамызында толық аяқталмақ. Одан бөлек, көшелерді жарықтандыру жұмыстары жоспарға еніп, ескі электр бағаналарын ауыстырып, жаңа трансформатор салу қажеттілігі туындап отыр.
М.Махамадиевтан кейін аудан әкімінің бас инспекторы А.Буденов өз тарапынан Жаңақоғам ауылдық округіне жүргізілген зерделеуді аппараттық кеңеске қатысушыларға жария етті. Оның мәлімдеуінше, Көктөбеде жедел шешімді қажет ететін шаруалар аз емес.
Жиын соңын аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы қорытындылап, ауыл әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді. Сонымен қатар ауыл басшылары өзіне аманат етілген аумақтағы мәселелерді жақсы біліп, шешімін іздеу керектігін алға тартты.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.