Ақпараттық портал

Келелі кеңесте өзекті мәселелер талқыланды

Аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Кеңес алдында аудан әкімі Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға арналған аудандық актив отырысына қатысты.
Одан кейін аппараттық кеңестің күн тәртібіне қойылған мәселелер қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Керімбаева ауданда еңбек құқықтарының сақталуы, міндетті зейнетақы жарналарының уақытылы аударылуы және еңбек шарттарының ақпараттық жүйеге тіркелуі жөнінде баяндады.
Бөлім басшысының айтуынша, аудан бойынша ұжымдық шарт жасасу жоспары 100 пайыз орындалып, бүгінгі күнге дейін 58 ұжымдық шарт жасалған.
– Жыл басынан бері әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-экономикалық және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үшжақты кеңестің 8 отырысы өткізілді. Жиындарда Шу қаласы мен ауылдық округ әкімдерінің, сондай-ақ комиссия мүшелерінің есептері тыңдалды, – деді Гүлмира Амангелдіқызы.
Келесі кезекте аудандық Мансап орталығының директоры Е.Омбаев еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелерге тоқталды.
Оның мәліметінше, 2026 жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 4 622 адамды тарту жоспарланған. Бүгінде оның 3 681-і аталған шараларға қатыстырылып, жоспардың 79,6 пайызы орындалған.
Сонымен қатар Далақайнар ауылдық округінің әкімі Б.Ошанов елді мекенде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы есеп берді. Атап айтқанда, биыл ауылдағы ұзындығы 630 метр болатын М.Ғабдуллин және 660 метрді құрайтын Т.Әубәкіров көшелеріне жарық шамдары орнатылған.
Аудандық аппараттық кеңестен кейін облыстық аппараттық кеңестің отырысы жалғасты. Онда жылыту маусымының барысы және жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарт талаптарына сәйкес қызмет атқаруы мәселелері қаралды.
Жиынға аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж.Каликов пен жер қатынастары бөлімінің басшысы А.Көшербаев бейнебайланыс арқылы қатысып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қойылған сауалдарға жауап берді.

Б.ЖЕЛДЕН.

Leave A Reply

Your email address will not be published.