Ақпараттық портал

Алтын құрсақты аналарға құрмет көрсетілді

Шыр етіп дүниеге келген әрбір перзент аяулы анасына ғұмыр бойы қарыздар. Ана – отбасына жылу сыйлап, балаларына мейірім шуағын төгетін, ұрпақ тәрбиелеп, елдің ертеңін қалыптастыратын ардақты жан. Қоғамда көпбалалы аналарды құрметтеу дәстүрі бұрыннан қалыптасқан. Бұл игі үрдіс тәуелсіз Қазақстанда да жалғасын тауып келеді. Әр жыл сайын атаулы күндер мен маңызды мерекелер мезетінде ізгі аналардың жолын жалғаған жандарға айрықша көңіл бөлінеді.

25 қазан – Республика күні мерекесіне орай Шу ауданында көпбалалы аналарға құрмет көрсетілді. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен берілетін мемлекеттік наградаларды аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков салтанатты жиында табыстады.
Мереке қарсаңында барлығы 24 ана мемлекеттік наградаға ие болды. Олардың 6-ына «Алтын алқа», қалғандарына «Күміс алқа» табысталды. Айта кетейік, бұған дейін Халықаралық әйелдер күніне орай да бірқатар ана осындай марапаттарға ие болған еді.
Салтанатты жиында аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы аналарды құттықтап, олардың қоғамдағы орны мен ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегіне ерекше тоқталды.
– Ана – өмірдің бастауы, адам баласы үшін ең аяулы жан. Қыз бала өзге шаңырақтың түтінін түтетіп, отбасын құрып, дүниеге ұрпақ әкеледі. Сонымен қатар бала тәрбиелеп, еліміздің демографиялық өсіміне үлес қосады.
Қазіргі таңда елімізде ана мен бала денсаулығын қорғауға баса мән беріліп, отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Ұрпақ тәрбиесі мен отбасы құндылықтарын нығайту да әрдайым маңызды. Баршаңызды мереке қарсаңында алған мемлекеттік наградаларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Балаларыңыздың дені сау, болашағы жарқын болсын! Өсіп келе жатқан ұрпақ еліміздің елеулі азаматтарына айналады деп сенемін, – деді аудан әкімі.
Бұдан кейін көпбалалы аналарға мемлекеттік наградалар мен аудан әкімдігі атынан естелік сыйлықтар табысталды. Жиын барысында аналарға ізгі тілегін жеткізген аудан басшысы нәзік жандылардың отбасыларына амандық, береке-бірлік және ұрпақтарының қызығын көруді тіледі.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік наградалары туралы» Заңына сәйкес, «Алтын алқа» жеті және одан да көп бала туған әрі тәрбиелеген аналарға, ал «Күміс алқа» алты бала туған және тәрбиелеген аналарға беріледі. Бұл наградалар көпбалалы аналардың ана болу жолындағы еңбегіне көрсетілген мемлекеттік құрметтің белгісі саналады.
Қолда бар мәліметке сенсек, Шу ауданында бұған дейін 600-ден астам «Алтын алқа» және 1 700-ге жуық «Күміс алқа» иегері болғаны айтылады.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.