Ақпараттық портал

Үздік үрдістің тіні үзілмейді

Кешегі кеңестік дәуірде өнерпаздардың ауылдарды аралап концерт қоятын жақсы дәстүрі болған. Бұл ертелі-кеш еңбек еткен жұрттың көңілін серпілтіп, рухани тынығудың тиімді түрі болған. Бұған дейін бұл үрдіс үзілмеген шығар, бірақ былтырдан бері
«Ауыл кеші – көңілді» атты сазды кеш аудан басшысы
Б.Жәнібековтің бастамасымен жүзеге асып келеді.
Өткен жылы әр сенбі сайын аудандық мәдениет үйінің майталман әншілері мен өнерпаздары округтерді аралап шыққаны елдің есінде. Шу ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ә.Жазықбаеваның айтуынша, Шу ауданының 95 жылдығы, Шу қаласының 65 жылдығы аясында игі дәстүр жалғасын тауып отыр.
Жаз мезгілінің жайма-шуақ күндерінде бірлігі мен тірлігі жарасқан, тынысы кең, қазақ елінің бесігі – ауылымыздың өнерсүйер тыңдармандарымен қайта қауышып, ауыл даласын әнмен тербету мақсатында аталмыш шара көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасы мәдени шаралардың сәтті бастауы болды. Биыл 10 шілдеде бастау алған концерттік бағдарлама Ақсу, Көкқайнар, Белбасар ауылдарын қамтыды. Алдағы уақытта Шу қаласы мен қалған ауылдық округ тұрғындарына аталмыш кеш ұйымдастырылмақ.
Бұған дейін әнші мен бишілер өнерін паш еткен сазды бағдарламаларда аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев сөз алып, ауыл тұрғындарына ақ тілегін жеткізген болатын. Сондай-ақ ауыл ақсақалдары да сөз алып, атбасын бұрып келген өнерпаздарға ақ баталарын берген.
-Бұл іс-шаралар халықтың мәдени өмірін байытып қана қоймай, дәстүрлерді нығайтуға, қауымды біріктіруге, жергілікті таланттарды қолдауға септігін тигізеді. Бірегей іс-шара халық арасындағы байланысты нығайтуға және дәстүрлі құндылықтарды сақтауға бағытталған, -дейді Әсел Сәрсенқұлқызы.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.