Оқуға тиіс 100 кітап
Кітап оқу – терең талғам мен риясыз руханияттың өлшемі. Кітап оқу арқылы оқырманның пайымды парасаты, сергек санасы, кемел көзқарасы қалыптасады. Небір сырлы сезімдерді сөз құдіреті арқылы талай жанның жұмыр етінен өткізіп, жан жүрегіне жеткізетін де – осы кітап.
Кітап оқу – адам жанының ізгілікке алғашқы қадамы деп білетін жастардың саны да аз емес.
Кітаппен өскен ұрпақ қандай жағдайда да, қай жерде де өресі биік, рухы асқақ тұрары сөзсіз. Ақын-жазушылардың шығармаларымен танысып қана қоймай, сол арқылы адамның санасын оятады.
Оқырмандарды кітапханаға тарту, жастардың кітап оқуға деген ынтасына сеп болу мақсатында аудандық, қалалық, ауылдық кітапханалар ұдайы іс-шаралар ұйымдастырады. Кітап оқу адамның дүниетанымын кеңейтетіні сөзсіз. Өмір сүруге жол ашатын ақпаратты адам тек қана кітаптан алады. Адам өз өмірінде күніне 50 бет кітап оқығанның өзінде, орташа есеппен 75 жыл өмір сүрген адам өз өмірінде үш мың кітап оқиды екен. Құрығанда күніне 10 бет оқыса, адамның танымдық көкжиегі едәуір кеңейер еді.
Осы ретте бүгінде кітап оқу мәдениетін насихаттау бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жастарды «100 кітап оқуға тиіс» жобасы тізіміндегі шығармаларды оқуға ынталандыру, қызығушылықтарын арттыру, тарихи, көркем шығармаларды оқып, талдауға бағыттау мақсатында Шу қалалық кітапхананың ұйымдастыруымен «100 кітап – жас ұрпаққа рухани бағдар» атты тақырыпта оқырмандар арасында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар бұл жобаның өте тиімді, дұрыс бастама екендігі жайлы, оны үнемі қолдайтындықтары туралы өз ойларын ортаға салды. Кітапхананың тұрақты оқырманы Тұқан Дидар өзінің оқыған Әзілхан Нұршайықовтың “Махаббат қызық мол жылдар” кітабынан алған әсерімен бөлісті.
Шара соңында “Таңдаулы 100 кітап” атты кітап көрмесі таныстырылды.
Б.Сабекова,
№3 қалалық кітапхананың кітапханашысы.