Ақпараттық портал

Баспана тарту етілді

Дана халқымыздың “қайыр қылсаң, бүтін қыл” деген өсиетін өн бойына сіңіріп, бір сауап іс жасадым деп кеуде соқпай, жақсы іс қылғанның үстіне жақсылық қылып жататын жандар қашан да құрметке лайық. Сондай жандардың бірі – балуаншолақтық Мадалиевтар әулеті. Аядай ғана ауылда тұрса да аямай көмек көрсетіп жүрген шарапаты мол әулеттің аялы алақанынан төгілген қайырымды істі қаншама жандар көріп жүр.
Күні кеше ғана Дулат ауылдық округіне қарасты Бәйдібек ауылында үлкен қуаныш орын алды. «Асар» жобасына қолдау білдірген жеке кәсіпкер, «Қалқа» шаруа қожалығының жетекшісі Сағадат Мадалиев көпбалалы, жас отбасы иесі Мусаев Дәуренге үй алып берді. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер» демекші, жақсы іске қолғабыс етуден аянбаған Семеев Азамат деген жігіт ағасы үйдің ішкі жөндеу жұмыстарына қаржылай қолдау көрсеткен.
Үйді салтанатты түрде табыстау рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, батыр ана, Шу ауданының Құрметті азаматы Шымшық Мадалиева, ауыл тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты. Қуанышқа ортақтасқан жандар үйдің кілтін алып отырған жас отбасыға ізгі тілектерін арнап, осы шаңырақта өсіп-өнуіне тілектестігін білдірді.
«Жақсылықтың қадамы ұзақ, барар жері алыс, арамдықтың қадамы қысқа, барар жері жоқ» деген тәмсілдің қашан да салтанат құратындығын өмірде көрген-түйгені мол жандар жақсы біледі. Сондықтан да адамдықтың бір биігіне шығаруға сеп болатын жоқ-жітікке, кем-кетікке, мұқтаж-міскінге қайырымдылық жасап, жақсылықтың жаршысы бола білудің өзі үлкен мәртебе.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.