Ақпараттық портал

Ғибратты ғұмыр иелеріне – ғасыр уақыт

Қазақтың қилы тарихында тақсыретті парақтар аз емес. Жаугершілік заманда зәбір көрген халқымыз басынан ашаршылық, ауру, қуғын-сүргін мен соғыс сынды нәубеттерді көп өткізді. Соның ішінде қан да, жас пен маңдай тер де көп төгілген 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысы еді. Ел басына күн туған шақта буыны жаңа бекіген жастар сарбаз болып, Кеңес әскерінің сапын толтырғаны ақиқат. Солардың қатарында өршіл мінезді Оспанов Абдрай атамыз да бар еді.
Майдангер Оспанов 1924 жылы 10 қазанда Жамбыл облысының Көктерек ауылында дүниеге келген. Жастайынан қоғамдық іске бейім болған қағілез жігіт жұмысын «Ынталы» ұжымшарының жастар ұйымының хатшысы болып бастаған. 1942 жылы жасы 18-ге толған Абдрай майданға шақырылады. Саратов облысының Ершов қаласындағы қысқа мерзімді курсты тәмамдаған соң ол бірден Сталинград шайқасына жіберіледі.
3 гвардиялық танк әскері, 45-атқыштар дивизиясының 224 атқыштар полкында ұрысқа қатысқан жауынгер Калач қаласын азат етуге, Курс иініндегі шайқасқа, Киев пен Праганы жаудан босатуға белсене қатысып, Берлиндегі майданға дейін жетеді. Аталмыш қаланы шабуылдап, фашистерден азат етуде аянбастан тер төгеді.
Қырық жыл қырғын болса да, ажалды ғана өледі дегендей, Абдрай атамыз 1949 жылы от пен оқтың ортасынан аман оралып, кейін бухгалтерлік курсты меңгереді.
Кескілескен ұрыстан мінез қалыптастырған кейіпкеріміз 1951 жылы Шу аудандық ішкі істер бөліміне жұмысқа кіреді. Әуеліде учаскелік инспектор болып бастап, жедел уәкіл қызметіне дейін жетеді. Көп ұзамай 1962 жылы тергеуші лауазымына көтеріледі. Жұмыс істей жүріп майдангер ҚазМУ-дың заң факультетін бітіреді. Ол ширек ғасыр бойы өзін талапшыл, турашыл әрі сауатты милиция қызметкері ретінде мойындатып, 1976 жылы милиция майоры шенінде құрметті демалысқа шығады. Құр ғана шыға қоймай, ардагер ретінде жас буын тәрбиесіне араласып, кейінгі толқынмен өз тәжірибесін бөлісе білген.
«Жігіттің олжасы – жақсы жолдасы» екені даусыз. Ардагер зайыбы Зейнеп апа екеуі 7 пер-зентті тәрбиелеп қатарға қосады. Балаларының есінде аяулы аналары өте ісмер, ұқыпты, жібектей мінезімен жақсы сақталған. Майдангер һәм милиция қызметкерінің жары болу осы қасиеттері арқылы аса қиынға түспеген сыңайлы. Қатал тәртіптегі қызметі бар жолдасын апамыз хандай қадірлеп, әкелерінің мақтауға лайық мінездерін әрдайым балаларына үлгі ететін. Содан болар А.Оспановтың Абсамат, Шәміл атты ұлдары мен Мәрия есімді қызы әке өкшесін басып бірі полиция, бірі қарулы күштер қатарында, енді бірі сот саласында қызмет етті. Қазіргі таңда барлығы зейнетке шыққан.
Ұрпақтар сабақтастығы деген сол болар, Абдрай Оспановтың немерелері де ата жолын жалғап, әке ізін қуған заңгерлер мен офицерлер. Мәселен, Динара заңгер мамандығын иемденіп, 2023 жылы нотариус лицензиясын алған. Атаның тағы бір немересі Анар Қырғыз еліндегі халықаралық университетте құқықтану мамандығы бойынша оқуда. Бүгінде полиция полковнигі Марат Оспанов Жамбыл облысының полиция департаментінде бір бөлімді басқарып отыр. Әсем атты немересі Астана қаласының ПД жұмыс істеп, зейнетке шықса, Дина ҰҚК аудармашы қызметінде. Атамыздың және бір ұрпағы Дамир ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясын аяқтап, капитан шенін алған.
Ұл-қыздары мен ұрпағы ұялмастай өмір сүретін ұлағат қалдырған Абдрай Оспанов жақынға жанашыр, досқа адал, қызметте қырағы болатын. Майдан шебіндегі 7 жылда жауды жайратып та, ерлігіне сай марапатталып та, жараланып та үлгерген. Соғыстағы батылдығы мен ерлігі үшін I дәрежелі ҰОС орденімен, Жуков медалімен, «Праганы азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» және Жеңістің 20,30,40,50 жылдық мерекелік медальдарымен марапатталған. Одан бөлек, «КСРО қарулы күштерінің 70 жылдығы», ІІМ «Ерен еңбегі үшін», «Мінсіз қызметі үшін» және «Еңбек ардагері» төсбелгілерін көзі тірісінде кеудесіне таққан.
Балаларына түзу тәрбие беріп, әрдайым шындықтың ауылында жүруге шақырған. Ескілердің өсиетімен тәрбие беріп, ер жігіттің шынайы болмысы қандай болуы қажеттігін паш еткен Оспанов Абдрайды балалары мен немерелері әрдайым мақтан тұтады. Жоғарыда айтқандай, кейіпкеріміздің кіндігінен 7 бала тарап, олардан 14 немере сүйген. Сондай-ақ 22 шөбере мен 1 шөпшек Оспанов әулетін, ата абыройын асқақтатып жүр. Олардың әрбірі текті тәрбие сіңіріп, еліміздің әр саласында абыройлы қызмет етуде. Өсіп-өнген құтты шаңырақтың ұрпақтары туралы ұзақ толғануға болар еді. Өздеріңізге белгілі болғандай, биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Сол жеңісті жақындатқан батыр ата-әжелеріміздің көбісі 100 жасқа жететін еді. Бірақ бұйырған ғұмырды ғибратты сүрген олар бізге бейбітшілікті, тыныш заманды аманаттап, өздері өмірден озып кетті.
Осы мақаланы дайындау барысында Оспановтар отбасы аталары мен әжелерінің 100 жылдығына орай еске алу шарасын ұйымдастырмақ ниетін жеткізді. Абдрай ата 2004 жылы 3 қыркүйек күні 80 жасқа қараған шағында дүниеден озған екен. Ал Зейнеп анамыздың туғанына осы жылы ғасыр уақыт болмақ.
Пешенесіне жазылған өмірді кешкен қос тұлғаның рухы шат болғай. Артындағы ағайын мен ұрпағына амандық нәсіп болсын!

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.