«Елдің әл-ауқатын арттыру – әрдайым назарда»
Еліміз егемендік алған жылдардан бері мемлекеттің әл-ауқатын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту мәселелері, мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндік аясын кеңейтіп, қолайлы жағдай тудыру істері күн тәртібінен бір күн де түскен емес. Қайтсек те экономиканы алға сүйреп, дамушы мемлекеттермен иық тіресе алға ұмтыламыз деген ұстанымымыз да өзгермеді. Еңбекпен еңсе тіктеген еліміз де мемлекет ұсынған тиімді жобалардың игілігін көріп, екі қолға бір күрек тауып, бел жазбай еңбек етуде. Өздеріңіз білетіндей мемлекет азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға және қолдауға бағытталған көптеген шаралар қабылдауда. Мұның маңызды құрамдас бөлігі халықтың өнімді жұмыспен қамтылуын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар болып табылады. Бұл елдегі жұмыссыздық деңгейін айтарлықтай төмендетеді.
Қай үндеуін алсаңыз да сөздің басын елдің экономикасын әртараптандыру тетіктерін қарастырумен бастайтын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” атты Жолдауында “Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс” деген болатын. Жақында халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама 2029 жылға дейін ұзартылды. Аталған құжат 2025 жылға дейін жүзеге асырылуы керек болатын. Үкімет мерзімін ұзартқан бағдарлама қазақстандықтардың, оның ішінде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын, өмір сүру сапасын жақсартуға, табысын арттыруға бағытталған. Осыған орай әлеуметтің әлеуетін көтеру бағытында жұмыстар атқарып жүрген аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Керімбаевамен сұхбаттасқан едік.
-Гүлмира Амангелдіқызы, елімізде балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау іс-шараларын тиімді ұйымдастыру ұдайы назардан түспейтіні белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстардың жай-жапсары жөнінде айтып өтсеңіз.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Жолдауында «Кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс» деп атап өткен еді. Соның аясында 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда мемлекеттік қолдау шараларын проактивті тағайындау үшін жұмыс режимінде отбасының цифрлық картасы іске қосылған болатын. Оның негізгі мақсаты — алушының өтінішін күтпей-ақ көмек көрсетуді көздейді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендете отырып, қызметті жеделдетуге және көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, бала туу және баланың күтімі бойынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, тағы басқа төлемдер осы жүйе арқылы жүзеге асырылады. Отбасылық цифрлық картасы бойынша 3082 отбасы тіркелсе, оның ішінде балалы отбасы-2517 адам, баласыз отбасы-565 адам. Бүгінгі күнге ауылдық округ әкімдерімен бірлесе 8690 адамның мәртебесі анықталып, жұмыстар жүргізілуде (орындалуы-87 пайыз).
Атаулы әлеуметтік көмекке 2976 адамға 240 млн 354 мың теңге қарастырылып, бүгінгі күнге 278 отбасындағы 1452 балаға 108млн 004,8 мың теңге тағайындалып, төленді. Ал, кепілдендірілген әлеуметтік топтама 1010 балаға 40 млн 70 мың теңге қарастырылып, бүгінгі күнге 238 отбасындағы 428 балаға 12 млн 540,4 мың теңге игерілді.
-Гүлмира Амангелдіқызы, біздің ауданда қанша мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген? Мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік нысандардың қолжетімді болуы үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?
-Ауданымызда мүгедектігі бар адам саны-2639, оның ішінде I топ-220 адам, II топ-523 адам, III топ-1385 адам, бала жастан мүгедектігі барлар-485 адам. Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға (155 балаға) 7 млн 257 мың теңге жоспарланды. Бүгінгі күнге 143 баладан өтініш қабылданып, 5 млн 234,5 мың теңге игерілді. Жеке көмекші қызметіне (3 жеке көмекшіге) 3 млн 525 мың теңге игеру жоспарланды. Бүгінгі күнге 1793,5мың теңге игерілді.
Санаторлық-курорттық шипажайға емделуге 49 млн 329 мың теңге жоспарланса, бүгінгі күнге мүмкіндігі шектеулі 465 адамнан өтініш қабылданып, 41 млн 721,5 мың теңге игерілді. Ымдау тілі маманының қызметіне, яғни 25 адамға 5 ымдау тілі маманы жұмыс жүргізу үшін 10 млн 648 мың теңге жоспарланса, бүгінгі күнге осы бағытта 28 адамнан өтініш қабылданып, 6548,2 мың теңге игерілді. Инватакси қызметіне – 17 млн 727 теңге жоспарланған. Ол мемлекеттік сатып алу порталына жарияланып, «Сезім мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі, «Жігер» жастар мүгедектер қоғамы қызмет көрсетуде. Бүгіні күнге бұл қызмет түрі 55 адамға көрсетілді.
Гигиеналық құралдарға – 227 млн 887 мың теңге жұмсау жоспарланса, бүгінгі күнге 375 адамнан өтініш қабылданып, 163 млн 136,0 мың теңге игерілді. Бұдан бөлек, кресло-арбаға, протездік-ортопедиялық құралдарға, сурдотехникалық, тифлотехникалық құралдарға да тиісті қаражаты бөлініп, адамдардың өтініші бойынша қызметтер көрсетілуде. Мүмкіндігі шектеулі 192 мүгедектігі бар балаға – 27 әлеуметтік қызметкер, жалғыз басты қарттар мен мүгедектігі бар 131 адамға жеті бағыт бойынша 20 қызметкер үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіп келеді.
«AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында әзірленген Жол картасына сәйкес, мүмкіндігі шектеулі жандардың ортаға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Шу ауданында 2025 жылға бейімделуге 30 нысан жоспарланып, аудан әкімі орынбасарымен бекітілді. Бүгінгі күнге барлығы 14 нысан бейімделіп, 2500,0 мың теңге игерілген. Атап айтқанда, білім саласының 14 нысаны С.Шәкіров, Д.Қонаев, М.Әуезов, Ш.Уәлиханов, Б.Момышұлы, Ш.Мұртаза, Амангелді, М.Мәметова, Ә.Молдағүлова, Т.Әшімбаев, А.Байтұрсынұлы, Төле би, А.С.Макаренко, Ғ.Мұратбаев мектептері толық бейімделді. Қалған 16 нысан ағымдағы жылдың соңына дейін бейімделетін болады.
-Қайырымдылық істері қалай жүзеге асырылуда, оған демеушілер қаншалықты тартылуда?
-Жыл басынан 209 осал топтағы азаматқа жалпы 1890,0 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. Бұған қоса, жеке кәсіпкер азаматтар да қайырымдылық іс-шараларына белсене атсалысады. Атап айтқанда, әз- Наурыз мейрамына орай өткізілген мерекелік шарада жеке кәсіпкер Урунжаева Аруза Ерғазықызының демеушілігімен 110 қызмет алушы балаға мерекелік дастархан жайылып, қоғам қайраткері Төлеуқұл Ағыбай Сембайұлы 160 қызмет алушы балаға тәттіге толы себет таратты. Сондай-ақ, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мүмкіндігі шектеулі балалар арасында «Спорт – денсаулық кепілі» атты дойбы ойынынан жарыс өткізіліп, «Шу қайырымды аналар» қорының төрайымы Шолпан Фрунзебекқызы демеушілік көрсетіп, балаларға сыйлықтарын табыстады. «Family time» ойын-сауық орталығының директоры Колесников Алексей Юрьевич және «Көкірек» балалар ойын-сауық орталығының директоры Якупова Бота Көшербайқызының демеушілігімен 60 мүмкіндігі шектеулі балаға тегін ойын алаңы ұсынылды. Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Ғани Қойбағаров пен қалалық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мақсат Шаймерден демеушілік жасап, балаларға тәтті балмұздақ, сусын және пицца тағамдарын ұсынды. «Шу қайырымды аналар» қорының төрайымы Шолпан Фрунзебекқызы демеушілік көрсетіп, балаларға тәтті салынған себет, жейде және ойын добын таратты. Алдағы уақытта 1 қыркүйек – Білім күніне орай, «Сыңғырла, алғашқы қоңырау!» атты іс-шарасын өткізуді жоспарлаудамыз. Тұтастай алғанда, елдің әл-ауқатын арттыру, көмекке мұқтаж азаматтарға қолғабыс ету әрдайым назарда болады.
-Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Айғаным Асқарбек.