Мәнерімен тәнті еткен Мақпал
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен 2020 жылдың 10 тамызынан бастап елімізде «Абай күні» атап өтіліп келеді. Биыл Ұлы ақынның 180 жылдығы аясында Абай мұрасын ғылыми, әдеби және мәдени тұрғыдан кеңінен насихаттау, шығармаларының рухани маңыздылығын жастарға танытып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастардың қазақ әдебиеті мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыру, көркемсөздің терең мәнін ұғындыру мақсатында халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде жүзден астам ауқымды шаралар өтуде.
Күні кеше ғана дана Абайдың мерейтойына арналған республикалық деңгейдегі «Абай әлемі» атты ауқымы кең байқауда жерлесіміз Әбдіжамал Мақпал Мұратқызы өнер көрсетіп, 150 мың теңгелік сертификатқа ие болды.
Байқаудың іріктеу кезеңі алдымен онлайн форматта өткізіліп, еліміздің түкпір-түкпірінен 18 бен 35 жас аралығында 120 қатысушы бақтарын сынаған. Олар байқау шартына сай бейне түсірілім арқылы ақынның шығармаларын орындап, оны инстаграм әлеуметтік желісінде арнайы хештег арқылы жүктеген. Желі қолданушыларының бағалауымен 120 үміткердің 26-сы үздік шығып, республикалық кезеңге жолдама алған. Атап өтерлігі, Жамбыл облысы бойынша қатысқан «менмін» деген төрт үміткердің ішінен Мақпал Мұратқызының өнері жоғары бағаланып, облысымыздың намысын қорғауға Шымкент қаласына аттанады.
– Мен бұл байқау туралы өзім ізденіп, өз қызығушылығыммен қатыстым. Себебі қазақты танытқан Абайдың шығармаларымен қазақ боп туған әрбір азамат сусындауы қажет деп ойлаймын. Ұлы ақынның шығармалары бір оқығаннан түсініп кететін жай өлең емес, мән-мағынаға толы, әрі күрделі құрылған ойлар. Байқаудың бірінші кезеңінде мен ақынның «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңін оқып, әлеуметтік желіге жүктедім. Ондағы бейнежазбамды көптеген жас қарайтын болғандықтан, дәл осы шығарманы жастықты бекер өткізіп, білім қумай, мал таппай, елге пайда тигізбей, мақтан қуған жастарға ой салады деген ниетте орындаған болатынмын. Ал байқаудың екінші кезеңінде көлемінің үлкендігіне, мәнінің күрделілігіне қарамастан Абайдың алтыншы қарасөзін мәнерге салдым. Себебі кемшілігін білген адамның ақылды болатынын жеткізген хәкімнің бұл қарасөзі шығармалары ішіндегі шоқтығы биік туындыларының бірі деп бағаланған, – дейді дарынды қыз өз сөзінде.
Иә, Мақпал – дарынды. Бұл жерлесіміздің көркемсөз оқу бағытында қатысып отырған ең алғашқы байқауы екен. Тіпті, мектеп табалдырығында жүрген кезінде де мәнерлеп оқудан бірде-бір байқауда бой көрсетпеген. Яғни, бұл Мақпалдың тұла бойында бар дарындылығы. Ауданымыздан шалғай жатқан Жайсан елді мекенінде туып өскен Мақпал Мұратқызы оқу орнын бітіргеннен кейін директордың хатшысы, кітапханашы қызметтерінде болған, қазіргі таңда Әл-фараби атындағы орта мектепте әлеуметтік педагог қызметін атқаруда. Қазақ ақындарының өлеңдерін мәнерге салып оқуды жеке хоббиіне айналдырған Мақпалдан біз алдағы уақытта да үлкен жетістіктер күтетін боламыз. Себебі дарын мен талант үнсіз қалмауы тиіс.
Балнұр Жексенбекқызы.