Ақпараттық портал

Теңдесі жоқ тектілік тереңнен тамыр тартады

Ақ пен қара, жақсы мен жаман деген қарама-қайшы түсініктей, өмірде тарихқа бойлау кезінде де, тұлғаны тану ісінде де қоғамның ойы ұдайы екіге жарылатыны заңдылық. Күні кеше ғана даналықтың
дарабозы болған Абайдың 180 жылдық мерейтойын Семей топырағында дүркіретіп тойлау да елдің пікірін екі тарапқа жетеледі. Бірі – бос даңғаза, дарақылық, қаражатты желге ұшыру десе, енді бірі бұл мерейтой бізді Абайды тануға тағы бір табан жақындата түсті, рухани әлемнің кең сарайының сәулесін көрсетті деді. Ал, осы мәнді мақаланы оқымаққа көз жүгірткен оқырманның көкейінде автордың ойы қай бағытқа қарай ойысады деген сауал тұрары анық. Әрине, осыған дейін Абайды оқып, өзінше ой түйіп жүрсек те, рухани бұлағына шын бас қойғаным осы жыл екен. Кезінде тарихта қалған дүбірлеген астардың өзі қазақылығымызды қазықтап, дәстүрімізді дәріптеп, тұлғаларымызды танытып, өн бойымызға өсиет дарытарлықтай деңгейде болған. Бұл торқалы той да соның жалғасы іспеттес.

Осы тұста ерекше атап өтерлік жай, көреген басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тізгінін алған уақыттағы жарқын істерінің бірі – Абай облысын құруы ядролық сынақтың зардабынан бас көтере алмай, елсіз мекендей тозуға айналған Семей өңірінің еңсесін тіктеуге маңызды қадам жасағаны деп білеміз. Президенттің Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру керек деген тапсырмасы да оң нәтижесін беріп жатқандай. Атаулы мерейтойдағы ең жағымды жаңалық Абай мұрасына арналған «Abay academiyasy» алғашқы энциклопедиялық порталының іске қосылуы да біраз жайды аңғартып тұр.
Шартараптың әдебиетін тауысып, мәдениетін танып, оңаша қалғанда ой қозғап, «Толық адам» ілімін салып кеткен Абайдың ішкі әлеміне бойлау арқылы Абайдың өскен ортасынан да тың мағлұматтарға қанық болудамын. Ұстыны ұлылыққа жетелейтін ұлтымыздың ұлы ағартушысының әр сөзінің астарына үңілген сайын өзіміздің жартыны да жарытпаған жарымжан екенімізді, қайтсек Абай айтқан ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған елден бөлек толық адам болатынымызды ойлап, ойымыз он саққа, санамыз сан саққа сенделеді.
«Алып анадан туады» демекші, тұлға болып қалыптасқан кез келген алыптың артында анасының түп тамырынан берілетін тектілік жататыны айқын. Ал, сол тектілік жанымызда да, қанымызда да болу үшін даналардан қалған сөздің дәнегінен өніп шығып, өремізді өсіруге өріс салу керек-ақ. Белгілі абайтанушы Тұрсын Жұртбай тегіннен-тегін «Күнім мен түнім Абайдың тұтқыны» демеген болар. Абайдың ортасын тану жолында бүтіндей бір қазақтың тарихын қаузауға болатынын анасы Ұлжанның тегіне үңілу арқылы аңдадым. Бұл мақаламда Абайдың бір ғана нағашы ағасын жазу арқылы көмбелі тарихымыздың бір кезеңін қалқып өтпекпін.
Биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойымен қатар туғанына 210 жыл толып отырған Тәттімбет Қазанғапұлының Абайға жақындығы барын көпшілігі біле бермес. Құнанбай мен Алшынбайдың құдалық жақындығынан бұрын Құнанбайдың Алшынбайға күйеубала екендігін де білуге құлық танытсақ, көп жайларға қанық болар едік. Құнанбайдың аға сұлтандыққа сайланып, «қарадан шығып хан болуына» көп септігін тигізген Алшынбай әсілінде құда деген жақындығынан бұрын, алыс-берісі тоқтамаған екі елдің дәстүрін биік қойып, күйеубаланы сыйлай білетін көрегендігінің үлгісін көрсетсе керек.
Құнанбайдың екінші әйелі, Абайдың туған анасы Ұлжанның інісі Тәттімбет Қазанғапұлы Арғынның Нұрбике Шаншар руынан болса, Алшынбай Тіленшіұлы Айбике Шаншар руынан тараған. Міне, осы арқылы Құнанбай Абай өмірге келмей тұрып-ақ Арғыннан шыққан Алшынбайға күйеубала болған. Бір дерекке көз жүгіртіп отырғанда бір дерекке қарай ойың ойысып, қазақтың шежіресінің әр тармағының таралуындағы тарихқа да сүңгіп кетесің. Арғын руынан шыққан Шаншар абыздың ұрпақтары неге Айбике Шаншар, неге Нұрбике Шаншар деп аталған деген ойға қаласың. Бұл ой еріксіз Қасым ханның қасқа жолына, Есім ханның ескі жолына беттетеді. Бұл күндері «Бөліп ал да билей бер» деген астыртын саясаттың айдауына еріп ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз болып бөлініп алған қазақтың рулары бұрын «Ұлы орда күші» атанғанын да осы тұста бағамдай бересің. Кезінде Ташкент, Түркістан, Қиуаға иелік еткен қазақ хандарының тегіне тереңдей берсеңіз, қазақтың қандай ұлы халық болғанын білесіз.
Негізгі жазбағымызға оралсақ. Биыл туғанына 210 жыл толып отырған шертпе күйдің атасы, қазақ мәдениетінде өз өрнегін қалдырған Тәттімбет Қазанғапұлы Шаншар абыздың тікелей ұрпағы. Шаншардан ары қарай бой салсақ, оның «Біз қазақ мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз» деп өр ұлттың тектілігін жауына танытып, бітімгерлікке келтірген Қазыбек биден тарағанын көресіз. Домбыраның құлағында ойнаған Тәттімбетке бұл өнері арғы аталарынан дарыған. Өзінің әкесі Қазанғап та әйгілі домбырашы. Тәттімбеттің алғашқы ұстазы болған Әлі күйші де Қазанғаптың інісі, яғни Тәттімбеттің ағасы болып келеді.
Тәттімбеттің домбыраның құлағында ойнаған деген теңеуімізге негіз де жоқ емес. Ол талай күй додаларында қарсыласын қапыда қалдырып, шаң қаптыру үшін домбырада қалыс, шалыс, теріс, қосақ бұрауларын көп қолданған екен, бұл әрине нағыз таланттың қолынан келетін өнер. Тәттімбеттің бұл күнге жеткен күйлерінің саны туралы нақтылық жоқ, кезінде шертпе күйлерінің көбісін байлардың күйі деп шолақ белсенділер жойып жіберуге тырысқан деген деректер де бар. «Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» демекші, сазгерлігімен де елді тәнті еткен дана Абайдың қоржынында төрт күйінің болуы да талантының тікелей нағашыларынан дарығандығын көрсетіп тұрғандай. Тәттімбеттің талай күйлері өресі биік замандастарының жоғары бағасына ие болған, тіпті оны ұстаз тұтқан, атақты сал-серілер де, күйшілер де жоқ емес. Оны «Тәттімбет – ардагерім Арғын асқан, қырық түрлі күй айналған бармағына» деген Біржанның Сарамен айтысқандағы кестелі сөзінен байқайсыз.
Қазақ халқының асып туғандығын, даналығын, даралығын, тектілігін, тазалығын, биіктігін мойындағысы келмегендер тарихымызды талай бұрмалауға ұшыратты. Соның ұшқыны Тәттімбет Қазанғапұлын да айналып өтпеген. Азаттыққа қол жеткізіп, тарихымыз түгенделіп жатқан тұста бізге тұлғатану ісін мықтап қолға алу қажеттігі алдымыздан көлденең тартып шыға келеді. Біз осы уақытқа дейін «Тәттімбет Қазанғапұлы – ХІХ ғасырдың ұлы күйшісі, шертпе күйдің атасы» деп танып келсек, оның ел басқару ісіндегі азаматтық болмысы, Қоянды жәрмеңкесін ұйымдастырудағы ерен үлесі, кен өндірісіндегі өзіндік қолтаңбасы айтыла бермейді.
Ол Абайдың әкесі, Тобықты руының аға сұлтаны Құнанбай Өскенбайұлының сенімді өкілі бола жүріп күрмеуі қиын мәселелерді шешуге атсалысқан. Оның қазақтың соңғы ханы Кенесарыға құнды ақпарды жеткізіп, құпия түрде Қырғызстан арқылы Қытайға қарай шығуды жеткізгенін де тарих айғақтайды. Алайда, Кенесары хан қырғыз манаптары ұйымдастырған торға түсіп, қапылыста қаза табады. Соған күйінген Тәттімбет қазақтың соңғы ханына арнап шерге толы «Азына» деген күй шығарады. Оның күйлері жай ғана нотаға түскен әуен ғана емес, тарих жүгін арқалаған ақиқат.
Сондай күйлерінің бірі – «Көкейтесті» күйі. Бұл күйдің тарихы туралы Ақселеу Сейдімбек өзінің монографиясында жазып өтеді. Тәттімбет шертпе күйдің атасы болып, Құрманғазы төкпе күйдің атасы болып үзеңгілес өмір сүреді. Бұл шығарманың өн бойы үлкен тарих. Олай дейтініміз, Құрманғазы Сағырбайұлы итжеккендегі айдаудан қашып келе жатып жол үстінде Тәттімбетке жолығып, соның үйінде біраз аялдап, ол жердегі ыстық ықыласқа риза болғаны соншалық «Сарыарқа» күйін арнап кетеді. Осындай ақ пейілдің қайтарымы деп Тәттімбет «Көкейтесті» күйін шерткен деседі. Күй атасы атанған қос алыптың арасындағы көзге көрінбес нәзік үйлесімнің биік шыңы осы болса керек. Небір құқайды, қуғын-сүргінді, алдап-арбауды, қулық-сұмдықты көріп, жымысқы саясаттың құрбаны болған тұлғаларымыздың, қазан бетіне шыққан қаймақтарымыздың қиындыққа қарамастан өз өрнектерін салып кеткеніне қарап, ит басына іркіт төгілген заманда ізденуге, оқуға құлық бермей жүрген біздерге не кедергі?
Қазір қай қазақтың болмасын қолға алар тірлігі керемет талантты болып өзінше бір туынды, шығарманы дүниеге әкелмесе де тарихи ақиқатты жеткізуші, тұлғаны танытушы деген ардың қызметін арқалауы міндетті деп ойлаймын. Адал азаматты тәрбиелеу үшін ар биігін бар биіктен жоғары қойған, адамдықтан аттамаған адамзаттың Абайындай, текті жұрттың Тәттімбетіндей тұлғаларды дәріптеуді мықтап қолға алғанымыз дұрыс. Бес нәрседен қашық болып, бес нәрсеге асық болуға талпындыру үшін бесаспап болған бабаларымыздың тарихта қалуына қандай қарекеттер жол ашқанын да үлгі етуіміз бек қажет. Кешегі Күлтөбенің басында күн де жиын болған үрдісіміз бүгінгі Ұлттық құрылтайларда жалғасын тауып, талай тұлғаларымыздың атаулы жылдары ескеріліп, тарихты тануға жол ашуда. Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда шекарамыз шегенделсе де бүкіл әлемді сыйдырған кішкентай ғана смартфонның ұрпағымызды улап жатқаны уытты ақиқат. Бұл күндері ата-бабамыз естімеген кеселдермен күресудің алдын алатын тарих пен тұлға тану ісін жұмыла қолға алайық!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.