Ақпараттық портал

Ақынның хаты, жақсының аты өшпейді

Құстың қос қанатындай
едік…
Бір ауылда тай-құлындай тебісіп өскен құрдасым, әрі сырласым Серік Әденов өмірден озды деген суық хабарды естігенде көзім қарауытып, жанарыма жас тығылып, мең-зең күйде қалғаным бар. Досымды өлімге қимағаным болар, түсімде естігендей күй кештім. Бірақ түсім емес, өңім болатын. Мұндай хабар бекерге айтылмайды. Екеуміз құстың қос қанатындай болғандықтан жасым тоқсанға таяп қалса да алдымен абыржып, аузыма жөнді сөз түспей қалғаны рас.
Осындайда тарихтың құшағында қалған бір оқиға есіме оралды. Бұл жағдай 1935 жылғы қоңыр күзде болса керек. Серіктің әкесі Әбдікерім мен менің әкем Рахымбайға Көктөбе ұжымшарының басшылығы шығыс жақтағы Семей шаһарына барып қайтуды тапсырыпты. Олардың міндеті сол жақтағы бір шаруашылықтан төрт түйені ауылға алып келу еді. Сапарлас жігіттер қанша күн жүргенін кім білсін, отарбаға отырып, діттеген жерлеріне жетеді. Барған соң шаруашылық басшылығына жолығып, қажетті құжаттарын көрсетеді. Ауыл басшылары бір күн қонақ етіп, екеуін ертесіне Шуға қайта аттандырады. Әрқайсысы бір түйе мініп, бір түйені жетектеріне алады. Төтелеп жүрдік дегеннің өзінде талай күн артта қалады.
Екеуара жол қысқарсын деді ме, әр тақырыпты бір шолып, әңгіме-дүкен құрыпты. Сөз арасында екеуінің жұбайы да жүкті екендігі айтылып қалады. Бір-біріне сенім артқан кісілер әйелдеріміз аман-есен босанса, бірі ұл, бірі қыз болса құдандалы болайық деп қол алысады. Ал, екеуі де ұл болса, бір-біріне төс қағыстырған дос болсын деп алдын ала болжам жасайды. Келесі жылы жазда және күзде екеуінің әйелдері аман-есен босанып, біздер дүниеге келдік. Есімізді білгеннен кейін ата-аналарымыздың айтуымен, Серік екеуміз шынында айнымас дос болдық. Өмірдің толқыны екеуміздің екі салада еңбек етуімізге түрткі болды. Көпшілікке кеңінен танылған Серік досым өнер саласында өзін көрсете білді. Ал мен болсам жастайымнан техника тілін меңгеруге күш салып, ауыл шаруашылығы саласында еңбек еттім.
Атап айтар жай, Серік Әбдікерімұлы анасынан жарымжан болып туса да өз қатарынан қалып көрген емес. Атап айтқанда, бір көзі мүлдем көрмесе, екіншісі өте нашар көретін. Соған қарамастан, өмір сүруге деген құлшынысы арта түсті. Жеті жылдық мектепті бітірісімен еңбекке араласып, ауылдың пошташысы болып жұмыс істеді. Үйленді, оншақты баланың әкесі атанды. Ұлдары ұяға, қыздары қияға қонған жағдайы бар. Немерелері мен шөберелерін еркелетіп, өнер өлкесінің жарық жұлдызына айналды. Қазақ радиосының алтын қорында бірнеше әндері сақталып келеді.
Сырлы сазгер, әсем әнші туралы қалай айтсақ та жарасады. Ол бір мезгілде бірнеше жұмыс орнында қызмет атқарды. Балабақшада, мектепте, мәдениет үйлерінде концерттер ұйымдастырып, өзі сырнаймен сүйемелдеп отыратын. Менің білуімше, Серік досымсыз ауылда да, көрші ауылдарда да ойын-сауық өтпейтіндей көрінді. Адамдардың бақытын қызғанбайтын, масқаралығын мазақ етпейтін, ақ көңіліңді ақымақ санамайтын жандарды «дос » деп айдар тағып, қабылдаса, артық болмас еді.
«Сегіз қырлы, бір сырлы» дархан досымның жақсы жақтарын, тағылымды тұстарын ойға ала отырып, рухын биік санаймын. Күнделікті дұғама аты-жөнін қосып отыратыным бар. Марқұмның алды пейіш, арты кеніш болсын!

Тұрсын Жетпісбаев,
Шу ауданының Құрметті азаматы.

 

Айтыла бермейтін ақиқат

Көктөбелік Серік Әденов жайлы әңгіме туындаса, ең алдымен ол кісінің әсем әндері тілге тиек етіледі. Әншілік қабілеті де айтылады. Сондай-ақ, ауыл балабақшасында, орта мектепте музыка пәнінен дәріс бергендігі кеңінен сөз болады. Қала берді, ол кісінің Жамбыл атындағы совхоздың «Халық театрын» ұйымдастырғаны да ел аузында.
Әйткенмен, Серік Әбдікерімұлының айтыла бермейтін жағдайларына тоқталғанды жөн көрдім. Атап айтқанда, 90-шы жылдардың бас кезінде Шу зағиптар қоғамы мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық жасап тұрғандығы баршаға аян. Сол кезде шулық зағиптар қоғамы Серік Әденовті Жамбыл облыстық зағиптар қоғамының есеп беру жиналысына аудан атынан делегат етіп сайлайды. Көпшілік сенім артқаннан кейін, ол Жамбыл қаласына жол тартады. Облыстық қоғамның төрағалығына Алматыдан келетін үміткерлер тіркелген екен. Серік Әденовті көрген облыстың атқамінерлері: «Бізге алматылық адамның қажеті жоқ. Сәті түссе, Серік Әбдікерімұлын Жамбыл облыстық зағиптар қоғамының төрағасы етіп сайлап алайық» деген байламға келеді. Келесі күні жасырын жабық дауыс беру арқылы Серік Әбдікерімұлы көпшілік дауыспен төраға болып сайланады.
Жауапты қызмет өзіне тапсырылған соң, жергілікті композитор аянып қалмады. Сол кезде облыс бойынша көзі көрмейтін немесе нашар көретін 2000-нан астам адам есепте тұрған. Ерекше жандар мемлекет тарапынан әлеуметтік жәрдем алып жатса да, облыстық қоғамға өтініштері мен арыздарын айтып, тұрақты келіп тұрды. Осыншама жандардың талап-тілегін орындау оңай емес-ті. Дегенмен, Серік Әденов алты жыл бойы осы қызметті атқарып, зейнеткерлік демалысқа абыроймен шықты. Қоғам белсенділері оған дәстүр бойынша иығына шапан жауып, қолына темір тұлпардың кілтін ұстатты. Өйткені, ол мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту жолында облыстық талай басшылардың есігін қағып, табалдырығын тоздырғаны тағы бар.
Зейнеткер болғандықтан Серік Әбдікерімұлы туып-өскен ауылына оралып, бұрынғы «Халық театрының» жұмысын біраз жандандыруға, дұрыс жолға қоюға ықпал етті. Сондай-ақ, сол ауылдағы ақсақалдар алқасының төрағасы қызметін оншақты жылдан аса атқарып, соғыс және еңбек ардагерлеріне қажетті көмек көрсете білді. Осындай ұйымдастырушылық қызметтерін атап өтсек, артық болмас.
Ахметжан Ақбұқаұлы,
журналист ардагер.

Leave A Reply

Your email address will not be published.