Ақпараттық портал

Жайылымның жайы қайтсе жақсарады?

Бүгінгі күні ауыл тұрғындарының басым бөлігі жеке шаруашылықпен айналысып, мал ұстап, күнкөрістің қамын күйттеуде. Алайда, тұрғындардың ауыл іргесіндегі өзіне тиесілі 5-7 шақырым радиустағы жерлерге шектен тыс мал басының көбеюі жергілікті ауыл азаматтарын даулы шиеленіске әкелуде. Шектен тыс мал басының көбеюі санитарлық жағдайдың нашарлауына, иіс пен шудың, түрлі аурулардың таралуына, көрші ағайын кісілердің араздасуына себеп болуда. Яғни, үй іргесінде ұсталатын мал басының нақты нормасын белгілеу қажеттігі туындауда. Бұл шара-қоғамдық тәртіпті сақтауға, санитарлық жағдайды жақсартуға, көрші ауылдас кісілердің арасындағы келіспеушіліктерді болдырмауға, ауылдың эстетикалық келбетін сақтауға септігін тигізер еді.

Кеңес үкіметі кезінде мал ұстау нормасы архивтік деректер бойынша төмендегідей болған еді. Бір отбасыға 1-2 сиыр, 10-15 қой-ешкі,1 жылқы, 1-2 шошқа, 10-20 құс өсіруге рұқсат етілген. Сондықтан ауыл іргесінде күнделікті қолға ұсталатын мал санына шектеу қойып, келісілген норма бойынша шешім қабылданса, дұрыс болар еді. Мәселен, бір аулада мал санына төмендегідей шектеу болса ауыл халқының дау-дамайсыз өмір сүрулеріне ыңғайлы болар еді. Оны өмірлік тәжірибеден көріп отырмыз. Жоғарыда айтқанымдай, бір отбасыға ірі қара мал саны 3-5, ұсақ мал (қой-ешкі) 40-50, жылқы 1-2 бас, құс 30-40-қа дейін болса, аталған нормалық сандар ауылдың іргесіндегі жайылым көлемі мен ауылға тиесілі жер көлеміне байланысты өзгермелі болады. Аталған нормалар ауылдың орналасу ерекшеліктері мен халықтың пікірін ескере отырып бекітілуі тиіс.
Ағайын арасындағы араздық пен келіспеушіліктің кесірінен ауыл халқының ауылда тұру ниеттері бұзылып, тұрақсыздыққа әкелуде. Біздің қолымызда арнайы қаулымен қабылданған нұсқау ереже болмаған соң ешкімді мәжбүрлей алмаймыз. Кез келген адам мал санын көбейткісі келетіні анық. «Өзіңді ойлап, өзгені де есіңе ал» деген қағидатты ұстану біздің халыққа тек сөз жүзінде ғана керек сияқты. Жер мен жайылым мәселесі ауыл халқының бас ауруы десем де болады. Арнайы қаулы бұйрықпен бекітілмеген нормалық құжат болмаған соң арыз-шағым иелеріне толыққанды жауап та бере алмаймыз.
Ауыл маңындағы жайылымның тарлығынан жергілікті тұрғындардың малдары суармалы жер иелерінің мал азығына деп еккен егістіктеріне, онымен қоймай республикалық дәрежедегі үлкен жолға шығып кету жағдайлары әлі саябырсымай тұр. «Аудандағы барлық ауылдарда болып жатқан жағдай туралы бұдан екі жыл бұрын мәслихат сессиясында жайылым жайын реттеп беруін өтініп, ұсыныс білдірген едік» деп ағынан жарылған Қорағаты округінің әкімі Әділ Диханбаевтың уәжі де өте орынды десек болады.
Жайылымдардың жалпы алаңына түсетін шекті рұқсат етілетін нормасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2013 жылғы 20 маусымдағы «Жер кодексінің» 92 бабы 4 тармағының 3 тармақшасына және «Жайылымдар туралы» 2017 жылғы 20 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 4 тармақшасына сәйкес, бұйрық бойынша тіркелген. 2015 жылғы 14 сәуірдегі №3-3332 бұйрығы ҚР Әділет министрлігінде 2015 жылы 15 мамырында №11064 болып тіркелген. «Осы бұйрықтың негізінде жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасы бекітілсін» деп шығарылған. Осы тұста Ауыл шаруашылығы министрлігінің жайылым туралы бұйрығы неге жүзеге асырылмайды деген сұрақ туындайды. Жайылым туралы заңды құжатта «Шөл және шөлейтті аймақтарда заңды нормалық мал жайылымына бір бас ірі-қараға 11-16, қой-ешкіге 2-3, жылқыға-13, түйелерге-15-23 гектар тиесілі делінген.
Ал суармалы және жайылымы тар ауыл тұрғындарына жер көлеміне лайық нормалық құжатты жергілікті аудан әкімдігінің ауылшаруашылық мамандары жайылым, жер мәселесіне қатысты құзыретті орган қызметкерлері тұрғындардың талап-өтінішіне құлақ асып, «Ауылшаруашылық министрлігінің» бұйрығының негізінде нақты әр округтің жайылым көлеміне лайықты нормалық мал басының әр отбасылық мөлшерін бекітіп, тұрғындардың өмір сүру жағдайына ықпал етсе, жоғарыда айтқан дау–дамай мен санитарлық келеңсіздік белең алмас еді. Артық мал басы бар шаруа қожалықтары таулы немесе бос жайылымды жерлерге сыртқа шығарылуы тиіс.
Енді осындай сұраулы сөздің мәніне үңіліп, қоғамдағы түйткілді тірліктің күрмеуін шешуге жергілікті округтерден сайланған депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері де атсалысып, қорытынды шешім шығарып, ауыл халқының түйткілді мәселесін халық мүддесіне лайықтап шешіп берсе дұрыс болар еді. Олай айтуымызға халық мүддесі мен қоғам тыныштығының ахуалына алаңдап жүреді деген депутаттарымыз, түрлі даулы, даусыз мәселенің нүктесін қоятын мәслихат мүшелеріне бұл жағдай мәлім болса да, жергілікті округтегі ауыл әкімдерінің құзырындағы ұсақ-түйек нәрседей көріп, «сен тимесең, мен тиме» дегенмен уақыт өткізіп жатқан сыңайлы. Қорағаты округінің ақсақалдар алқасының төрағасы Тәңірберген Жексенбиев: «Көрші Ақтөбе округі ауылының тұрғындарының малдары біздің Қорағаты округіне қарасты жайылым жерлердің белгіленген шекарасынан асып, мал жайылымына жайылып қырғи-қабақ болудамыз. Сондықтан ауыл іргесіндегі тұрғындарға тиесілі 5-7 шақырым радиустағы жайылым жерлердің көлеміне қарай мал ұстау нормасы арнайы аудандық мәслихат қарауымен бекітілсе, дау-дамай мен жайылым жайлы келіспеушіліктер азаяр еді. Ауыл төңірегіне шамадан тыс мал көбейткен шаруақожалық иелері тұрғын халыққа тиесілі жайылымды пайдаланып, шағын мал ұстап, тірлік қылайын деген ауыл тұрғындарына кедергі жасап жатыр деп айтуға негіз бар» деп өз пікірін білдірді.
Мал басын көбейткенімізбен бірге ысырап, рәсуаның да көбейіп жатқанын көріп жатырмыз. Обал-сауапты ішіп-жеумен шатастырып алдық. Малмен бірге жүретін түрлі аурулардың алдын алып, тазалықты сақтаудағы ветеринарияның талабын бұлжытпай орындау өзімізге байланысты екенін білмей қалатын әдеттен арылмайтын болдық. «Дәрігер адамды емдесе, ветеринария – бүкіл адамзатты емдейді» деген қағиданы өте қатаң талаппен ұстанбасақ болмайды. Малдың мүйізі мен тұяғына дейін іске жарататын дамыған мемлекеттердегідей қалдықсыз өнім өндіруді қашан үйренер екенбіз?!
Мал өлекселері мен жуынды-шайынды қоқыстарды арнайы орындарға апармай, жол бойына лақтыратын тіршіліктерімізді не деуге болады? Құйрық май жегеніне мәз болған қазекемнің санитарлық талапқа сай емес ауру малдың етін жеп, ауруына ауру қосып жүргенін білсе де, өзінен емес біреуден көретін әдетінен жаңылмайды. Көзіміз көрген соң айтамыз… Қазір аудан көлемінде мал сою орындары көбейгенін бәріміз көріп-біліп жүрміз. Бірақ, әттегенайы сол, орындардың бәрін де бірдей санитарлық талапқа сай нұсқаулықтар орындалып жатыр деп айтуға ауыз бармайды. Сойылған малдардың ішек-қарын, бас-сирағы, қан-жыны дер кезінде тазаланбай, түрлі ауру тарататын орын секілді төңірегіне иіс-қоңыс таратып, ластанып жатыр. Арнайы құзыретті салмағы бар мемлекеттік мекеме қызметкерлері мұндайды неге көрмейді? Не істемек керек? Ел тізгінін ұстаған, басқарумен жол көрсетіп, жөн сілтейтін азаматтар тиімді шешімдердің пайдалы жағын қарастырса деген пікір талайлардың ойында жүр.

Несіпхан Қоңырбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.