Танымымыз кеңейіп, тынысымыз ашылуда
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты «Turkistan» газетіне берген сұхбатында «Өскелең ұрпақ бүгінгі ахуалға арман-қиялмен емес, нақты көзқараспен қарауы қажет, виртуалды емес, шынайы әлемде өмір сүруі керек. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмей, ерінбей еңбек етіп, өзін темірдей тәртіпке тәрбиелей білгені жөн» деген болатын. Әрине, Мемлекет басшысының қай сөзінің астарына үңілсеңіз де абыройлы жүк болашақ ұрпаққа артылады.
Дамудың даңғыл жолына түскен еліміз үшін бәсекеге қабілетті ұрпақ даярлау ісі күн тәртібінен түскен емес. Қазақстанның болашағы жастардың қолында болғандықтан жастарымыз сапалы білім, саналы тәрбиені бойына сіңіріп, заман көшінен қалмай, жан-жақты болып, ең бастысы, ой еркіндігіне қол жеткізуі тиіс. Ол үшін мектеп қабырғасынан бастап дебат ойындарын жандандырудың мәні зор. Бірнеше мақаламызға арқау етіп келеміз, Шу ауданында дебат клубтарының жұмысы жүйелі жолға қойылып, пікірсайыс алаңында жастарымыз суытылып, суырылып келеді.
Соның жарқын көрінісі, М.Әуезов атындағы орта мектепте мектепке дейінгі және қосымша білім беру педагогтері арасында өткен “Жастар-ғылым жаршысы” атты аудандық пікірсайыс турнирі. Пікірсайыс турниріне ойынның қыр-сырын қанық білетін, қара қылды қақ жарар төрелігімен тәнті етіп жүрген Балалар-жасөспірімдер өлкетану және туризм орталығының бөлім меңгерушісі Олжас Рүстем, М.Х.Дулати атындағы орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Айғаным Бұлантаева, М.Әуезов атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ұлбосын Садық, Балалар-жасөспірімдер өлкетану және туризм орталығының үйірме жетекшісі Жансая Сейтхожалар төрешілік етті.
Пікірсайыс турнирінде «Бұл палата балабақшада ағылшын тілін үйретуді ерте жастан бастап үйрету керек деп есептейді», «БП тәрбиешілерге айына бір рет “стресс-менеджмент демалыс күні” берілуі керек деп есептейді», «БП баланың 1 үйірмені міндетті түрде кемінде 1 жыл үзбей оқуы керек деп есептейді», «БП АЭС-тің пайдасынан қарағанда зияны көберек деп есептейді» деген қарарлар бойынша оқушылар АПФ және ЛД форматтарында дебат алаңының көркін қыздырды.
Пікірсайыс нәтижесі бойынша үздік деп танылған фракциялар лайықты орындарға ие болып, жеңімпаз командаларға диплом мен жетекшілеріне Алғыс хаттар табысталды.
Атап айтсақ, І орынды Әсем бөбекжай бақшасының «Әсем интеллект» фракциясы жеңіп алса, ІІ орынды Психологиялық педагогикалық түзету кабинетінің «Дара даму» фракциясы иеленді. Ал, ІІІ орынды Өнер мектебінің «Сана» фракциясы мен «Айналайын» бөбекжай бақшасының «Адал азамат»фракциясы еншіледі. Бұған қоса, «Үздік спикер» номинациясын Өнер мектебінің қосымша білім беру педагогі Доғдырбай Ақниет алды.
Тағылымды тарихымызға көз жүгіртер болсақ, ата-бабаларымыз ықылым заманнан-ақ “Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар” деген нақылды арқау етіп, шешендігімен топты жарып, білім қуған. Осы бір сөздің салмағы бүгінгі күні де бір мысқалға кеміген жоқ, керісінше артуда. Аузын айға білеген алпауыт елдер жаһандық бәсекелестік жолына түсіп, білім мен ғылымға айрықша көңіл бөліп жатқанда дамудың даңғыл жолына түскен біздің жас мемлекетіміз де қарап қалмасы анық. Бұл заман білекке емес, білімге сенетін заман. Содан болар, қазақстандық білім саласында оң өзгерістер орын алып, жаңашылдыққа бет түзеудеміз. Соңғы бірер жылдың өзінде білім жүйесінде түрлі бастамалар қолға алынып, тың идеялар жүзеге асуда. Соның бір арнасы болған дебат ойындарын жандандыра берсек, ешкімнен тайсалмайтын, әлемдік аренада ойын еркін жеткізе алатын, “елдестірмек елшіден” деген сөздің үдесінен шығатын жастарымыздың қарасы артары сөзсіз.
Айғаным Асқарбек.