Ақпараттық портал

Тамыз саммиті – 2025

Барлығымызға белгілі, елімізде білім беру ісі мен тәрбиеге жан-жақты қолдау көрсетіліп, өскелең ұрпақтың қамы үшін игі істер қолға алынып жатыр. Бұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Білім тәрбиемен ұштасқанда ғана берекелі, сапалы болады. Білім мен тәрбие – кез келген қоғамның қос тұғыры. Бұл екеуін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды» деген сөзінен аңғарамыз. Күні кеше ғана біз Жамбыл облысынан арнайы делегация болып елорда төрінде өткен «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» атты республикалық тамыз саммитіне қатысып қайттық.
Мен «Ауыл мектебін сапа алаңына айналдырайық» атты панельдік секцияға қатысып, ауыл мектептеріне қандай қолдау көрсетіліп жатқанын және алдағы уақытта қандай жобалар жүзеге асатынын көріп, ерекше қуанып қайттым. Шын мәнінде, келешекте елдің тұтқасын ұстайтын майталман мамандар алақандай ғана ауылдан шығып жатады. Қазіргі технология қарыштап дамып жатқан заманда жастарымыз қалаға қарай мойын созатыны жасырын емес. Осындайда ауыл мен қала мектептерінде тең мүмкіндіктер жасалса, одан жамандық көрмейміз.
Көпке мәлім, Білім беруді тұрақты дамыту қоры былтырдан бастап «Қазақстан халқына» қорымен және Назарбаев зияткерлік мектептерімен бірлесе «Ауылдық аймақтар-дағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасын жүзеге асырып келеді. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайтуға, педагогтердің кәсіби шеберлігін шыңдауға бағытталған. Осы тұста атап өтерлігі, бұл жобаға біздің ауданымыздан Мұқағали Мақатаев атындағы тірек мектебі де кіріп отыр. Аталған қор мектепті дамытуға жоба аясында 250 млн теңге қаражат бөлді. Бұл қаражатқа сыныптар қайта жабдықталып, мектеп толықтай күрделі жөндеуден өтіп жатыр десем болады.
Берекелі бастама аясында физика, химия, математика, биология, география, информатика, жаратылыстану кабинеттері заманауи құралдармен жабдықталады. Интерактивті панельдер мен зертханалық жабдықтар орнатылады. STEM зертханасы мен робототехника кабинеті сынақтарға керекті шағын гидропоника зертханасымен, виртуалды шындық кабинеттерімен және басқа да түрлі құралмен, материалдармен жабдықталмақ. Информатика кабинеті заманауи технологияларға сәйкес толығымен жаңартылып, компьютерлік техникалар қойылатын болады.
Міне, осындай игілікті істің арқасында заманауи жабдықталған мектепте білім алатын оқушыларымыз жаңашылдыққа бет бұрып, жаман әдеттерден арылып, түрлі іс-шаралардың куәсі болатынына сенемін.

Махаббат Сұлтанова,
М.Мақатаев атындағы Тірек орта мектебінің директоры.

ххх

Төле би бабамыздың атын иеленгендіктен болар, өткен оқу жылы біз үшін табысты жыл болды. Неге десеңіз, “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы аясында “Қамқор” жобасын жүзеге асырып, сол арқылы талай биіктерді бағындырдық. Оны газетіміздің өткен сандарынан оқыған боларсыздар. Аталған бағдарлама биылғы оқу жылында «Адал азамат» біртұтас тәрбие болып өзгертіліп, жаңа қарқынмен жұмысын жалғастырмақ.
Күні кеше ғана Астана қаласында өткен «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» атты республикалық тамыз саммитіне қатысып, өзімнің баяндамамды оқып, ерекше толқыныспен оралдым. Нақтырақ айтсам, «Адал азамат: тәрбие экожүйесі және мектеп-отбасы-қоғам синергиясы» атты панельдік секциясында спикер ретінде қатысып, «Құндылықтарға негізделген тәрбие-адал азамат қалыптастырудың өзегі» атты баяндамамды оқып, тәрбие бағдарламасын іске асыруда мектебіміздің қол жеткізген тәжірибесі мен нәтижелерімен бөлістім.
«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасында үш таған, алты құндылықты жүзеге асыруға бағытталған түрлі іс-шаралар жоспары жүйелі түрде түзілген. Соның ішінде педагогтар мен оқушылар бірлесе, оның ішінде ата-аналар атсалыса отыра іске асыратын нәтижелі жобалар бар. Біз осы өткен оқу жылында “Қамқор” жобасын жүйелі түрде қолға алып, табиғаттың жаңаруына үлес қосатын ұрпақ тәрбиелей алдық деп айтуға толықтай негіз бар.
Алдағы уақытта қалған жобалардың да маңызын ұғынып, жүзеге асыруға бар ынта-жігерімізді арнайтын боламыз.

Ардақ Джангарашева,
Төле би атындағы орта мектептің
директоры.

ххх

Әр жылдарда жаңа оқу жылы басталар тұста тамыз кеңесі өткізіліп, білім саласындағы нақты бағыт-бағдарымызды айқындау дәстүрге айналған. Біз ағымдағы жылдың 14-15 тамыз күндері Астана қаласында өткен педагогтердің республикалық тамыз саммитіне қатысып қайттық. Атап өтерлігі, мен бұл саммитке «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қоры арқылы баруға мүмкіндік алдым. Қуантатыны, «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» атты республикалық тамыз саммитіне Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі бірдей болуы керек деді. Бұл, әрине, біз секілді ауыл мектептерін басқарып отырған директорлар үшін жағымды жаңалық.
«Кейінгі төрт жылда 4 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңғыртылды. Оның басым көпшілігі – ауыл мектептері. Ауылдағы білім ошақтарына күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңадан кітапханалар, асханалар мен спорт залдары салынып жатыр. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Баланың бәрі – бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек. «Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты да – осы» деді өз сөзінде Мемлекет басшысы.
Мен тамыз саммитінде «Ауыл мектебі: тең мүмкіндіктер жолында» атты секция отырысына қатысып, түрлі жобалардың ауыл мектептері игілігіне жүзеге асып жатқанына куә болдым. Заман алға озған сайын дөңгеленген дүние түрленіп, әлем қарыштап дамып, білім мен ғылым саласы түрлі технологияның игілігін көріп, ауыз толтырып айтар жетістіктерге жетуде. Бізде жан-жақты қаруланған, өте мықты білім беру жүйесін қалыптастыруға қажетті алғышарттар жетерлік. Осы алғышарттар, атап айтсақ кәсіби мамандар, отбасылар, мектептер, ресурстар кең байтақ еліміздің кез келген бұрышында әр бала үшін ең жақсы мектебі бар мемлекетке айналуына мүмкіндік береді.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанның түкпір-түкпірінде көптеген мектептер бой көтеріп, заман ағымына сай жасақталып, білім беру жолында қызмет етіп келеді. Ал, соның ішінде ауыл мектептеріне айрықша көңіл бөлудің мән-маңызы бөлек деп білемін. Тамыз саммитінде көтерілген мәселелер де алдағы уақытта іс жүзінде жүзеге асып, біздің ауданымызда да сән-салтанаты келіскен, заман талабына сай мектептер бой түзесе, нұр үстіне нұр болмақ.

Ұлжан Оспанова,
Д.Қонаев атындағы орта мектептің
директоры.

Leave A Reply

Your email address will not be published.