Ақпараттық портал

Талап болмаса, тазалық та болмайды

Алдымыздағы айда Шу ауданының 95 жылдығы мен Балуан Шолақ Баймырзаұлының 160 жылдығы аталып өтпек. Аудан басшылығы алты алашқа сауын айтқан мерейтойға әзірлік үстінде. Дүбірлі думанға дайындық барысы осы аптаның аппараттық кеңесінде кеңінен талқыланды.

Аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің төрағалығымен өткен жиынның күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды. Бірінші сұрақ бойынша аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев әлеуметтік салаға тиісті хаттамалық тапсырмалардың орындалуы мен өңірдің 95 жылдығы мен Балуан Шолақтың 160 жылдығына дайындық шарасы туралы баяндап берді.
Найман Кенжеханұлының айтуынша, аталмыш мерейтойларда аламан және құнан бәйге, сондай-ақ тай жарыстары болып, қазақ күресінен түйе палуаны анықталады. Одан бөлек, бұл тойда командалық көкпарға кезек беріліп, ұлттық ойындар мен спорттық сайыстар ұйымдастырылады. Балуан Шолақ Баймырзаұлының болмысын айшықтауға арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция мен арнайы кітаптың тұсаукесері, театрландырылған қойылым және елімізге белгілі өнер жұлдыздарының қатысуымен гала концерт өтеді. Мерейтой мәресі көпшілікке арналған арнайы аспен түйінделеді деген жоспар бар.
Мұнан кейін тойды тиісті деңгейде ұйымдастыру үшін бөліністер жайы сөз болып, жауапты басшылардың ойлары ортаға салынды. Сонымен қатар жоспар бойынша берілген тапсырмалардың бүгінгі жай-күйі, іс-шара өтеді деп белгіленген «Наурыз төбе» алаңынын тазалығы аталмыш жиында айтылды.
Бұл тойлардың күллі ауданның абыройы екенін, мұны көрмекке алыс-жақыннан қонақтар келетінін айтқан Бақытжан Оразалыұлы тиісті тұлғаларға тапсырмалар жүктеді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселелер бойынша Алға ауылдық округінің әкімі хабарлама жасады. Бағдат Есбергенов кеңеске қатысушыларға өз аумақтарында атқарылған жұмыстардың жайын жеткізіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Округ әкімі Алға ауылында ҰОС ардагерлеріне арналған ескерткішке, кіреберіс қақпаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгенін, әкімшілік ғимараттың шатыры ауысып, аумағы абаттандырылғанын айтты. Одан бөлек, балалардың ойын алаңдары мен спорттық кеңістіктер салынған. Округте жыл басынан бері 72 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қамтылған.
Бұдан соң аудан әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесіндегі бас инспектор Бақытжан Сағатбек Алға ауылдық округіне жүргізілген инспекторлық зерделеу жұмыстарының қорытындысымен таныстырып шықты. Тұрғындармен кездесу барысында көтерілген мәселелер бойынша округке қатысты 19 хаттамалық тапсырма берілген. Оның 14-і орындалып, 3-і іс барысында, қалған 2 тапсырма аяқсыз қалған. Бұл мәселе бойынша Бақытжан Оразалыұлы сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы С.Онланбеков пен ТКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Ж.Каликовтың жауаптарын тыңдады. Жиын соңында қос бөлімге округ тұрғындарының баспанасы орналасқан орында электр бағаналарын реттеу бойынша тапсырма жүктеп, жұмыстың сылбыр жүргізілгенін жеткізді.
Бірер аптадан соң абаттандыру, санитарлық тазалық айлығы басталатынын айтқан аудан басшысы Шу қаласы мен округ әкімдеріне тазалық мәселесіне мұқият болуды және талап болмаса, тазалықтың да болмайтынын ескертті.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.