Жүректерге жыр болып құйылған ақын
Қазақ поэзиясының көгінде мәңгілікке жарқырап тұратын ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың есімі – елдің есінен ешқашан өшпейтін, уақыт өткен сайын асқақтай түсетін ұлы тұлғалардың бірі. Биыл мұзбалақ ақынның туғанына 95 жыл толып отыр. Осы мерейлі датаға орай ауданда дәстүрге айналған тағылымды да мазмұнды шаралар ұйымдастырылып, ұлы ақын рухына тағы бір тағзым жасалды.
Жыл сайын ақпан айы таяғанда Мұқағали жырлары ел ішінде жаңғырып, мәдениет пен білім беру саласында ерекше серпіліс байқалады. Ақынның туған күні ресми түрде ақпанда аталып өткенімен, шығармашылық кештер мен байқаулар қаңтардың ортасынан-ақ басталып кетеді. Бұл – Мұқағалиға деген халықтың, әсіресе жас ұрпақтың шексіз сүйіспеншілігінің айқын көрінісі.
Сол игі дәстүрдің жалғасы ретінде жыл сайын үзбей өткізіліп келе жатқан «Есіңе мені алғайсың…», «Жырлайды жүрек» атты шығармашылық байқаулар биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жақында білім бөліміне қарасты Оқушылар сарайының ұйымдастыруымен өткен «Жырлайды жүрек» байқауы жас таланттардың өнерін шыңдаған тағылымды алаңға айналды.
Байқаудың басты мақсаты – дарынды ұл-қыздардың талантын ұштау, тіл байлығын дамыту, көркем шығармашылыққа баулу, эстетикалық талғамын қалыптастыру, балалардың актерлік шеберлігін жетілдіру және оларды қазіргі заман талабына сай креативті ізденіске жетелеу. Өйткені Мұқағали поэзиясы – тек өлең емес, ол – рухани мектеп, адамды адамдыққа тәрбиелейтін өмір философиясы.
Байқау көркемсөз оқу және сахналық қойылым номинациялары бойынша өтіп, 7–11, 12–14, 15–17 жас ерекшеліктеріне қарай сараланды. Қатысушылар ақынның жүректен шыққан жырларын тебірене оқып, кейбірі өлеңдеріне негізделген шағын сахналық көріністер арқылы көрерменнің көңілін баурады. Сарапшылар алқасы қатысушылардың тіл тазалығына, сахналық мәдениетіне, киім үлгісіне, актерлік шеберлігіне ерекше мән берді. Нәтижесінде, үздіктер анықталып, бас жүлдеге ие болған қатысушылар байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды.
Қысқа ғұмырында халқына мол рухани мұра қалдырған ақынның өлеңдері шынайылығымен, сыршылдығымен, терең философиялық ойымен ерекшеленеді. Ол табиғатты жырласа – тірі жандыдай сөйлетеді, махаббатты жырласа – жүрекке от тастайды, ел мен жер туралы толғанса – ұлттық рухты оятады. «Поэзия, менімен егіз бе едің?!» деп өзі айтқандай, Мұқағали поэзиямен біте қайнасып, жыр арқылы мәңгілік өмірге қадам басты.
Ақынның «Аққулар ұйықтағанда», «Фариза, Фаризажан», «Өмір-өзен», «Райымбек! Райымбек!» сынды туындылары – қазақ әдебиетінің алтын қорына енген асыл дүниелер. Бүгінде оның жырлары мектеп оқушыларының ғана емес, күллі қазақ халқының рухани азығына айналған.
Мұқағалиға арналған шығармашылық байқаулардың негізгі мәні де осында – жас ұрпақтың жүрегіне поэзия арқылы имандылық, адамгершілік, отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру. Ақын жырларын жаттап қана қоймай, оның ішкі мағынасына бойлау – бүгінгі буын үшін үлкен рухани сабақ.
95 жыл өтсе де, Мұқағали жыры ескірмейді, қайта жаңғырып, жаңа тыныс алады. Себебі ол – халықтың үні, жүректің жыры. Осындай тағылымды шаралар арқылы ұлы ақынның мұрасы жас ұрпақтың санасында жаңғырып, мәңгілікке жалғаса бермек.
Балнұр Жексенбекқызы.