Ақпараттық портал

Ерекше балаларды қуантқан шара

Қазақта «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» деген жақсы тәмсіл бар. Иә, жомарттық жасау – қанымызда бар қасиет. Сондай шараның бірі ашылғанына көп те болмаған «Мұзбалақ» балалар ойын-сауық орталығында өтті.

Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап «Сыңғырла, алғашқы қоңырау» атты шара өткіземіз дегенде өңірдегі жомарт жандар қалыс қалмай, қолдау көрсете кеткен екен. Бөлімнің айтуынша, биыл он ерекше бала бірінші сыныпқа қабылданып, үй жағдайында оқытылатын болады. Шараға келген кәсіпкерлер осы балақайларға мектепке қажетті құрал-жабдығы бар сөмкелерін, ақшалай сыйларын ұсынып жатты. Қолына қалам алатын балаларға жақсы тілек білдіруге келген аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев ерекше жандарға мемлекет тарапынан да үздіксіз қолдау көрсетілетінін тілге тиек етті.
– Үйде оқытылатын балаларға арнайы қызметкерлер уақыт бөліп, тиісті деңгейде білім алуына жұмыс жасап келеді. Бұл олардың қатарға қосылуына аз да болса септігін тигізуде. Ал қайырымдылық жасау арқылы қолдауын білдіру – ол бөлек дүние. Менің жиі байқайтыным, «Шу қайырымды аналар» қоғамдық бірлестігі ерекше балаларға ерекше сезім білдіріп, мейрам-мерекелерде қолдан келгенше қуантып келеді. Тағы атап өтерлігі, шағын кәсіп иесі қатарына қосылған жас кәсіпкер Мақсат Мақсұт та бүгін өз ойын-сауық орталығында балалардың көңіл көтеруіне жағдай жасап, дәмге толы дастархан да жайған екен. Сіздерге аудан басшылығы атынан ризашылығымды білдіремін, – деді Найман Кенжеханұлы.
Өз кезегінде «Шу қайырымды аналар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Шолпан Фрунзебекқызы мен Мақсат Мақсұттың да игі іс басынан табылуы азаматтық борыш екендігін айтты.
– Балам үшін бүгін қуанышты күн. Қолына қалам алып, оқуды үйренетін болды. Құрал-жабдығымызды, сөмкемізді алып жатырмыз. Осындайда жанымызға демеу бола білген кең жүректі жандарға алғыс білдіремін. Одан бөлек, әлеуметтік қызметкерлерге де рахметімді айтқым келеді. Себебі, баламызды алып жүру бізге оңай емес, бұл жағдайда үйде отырып оқу біз үшін үлкен көмек, – дейді ата-ана өз сөзінде.
Шара барысында балаларға алғашқы қоңырау соғылды, ән арналды, сый-сияпаттар таратылды, соңында дәмді тағамдар ұсынылды.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.