Ақпараттық портал

Қызметіне адал азамат

Биыл Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Аса маңызды миссияны арқалап жүрген ведомство табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, азаматтық қорғаныс, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту, азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуі мен одан әрі дамуын қамтамасыз ету, өрттердің алдын алуды және сөндіруді ұйымдастыру салаларындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы.

Мемлекет басшысы кәсіптік білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығына ерекше тоқталып, азаматтардың қауіпсіздігін күнделікті қамтамасыз ететін құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің қызметін қоса алғанда, жұмысшы мамандықтарының мәні зор екенін алға тартқан болатын.
Қиындығы мол салада қызмет етіп жүрген жерлестеріміз жайлы біз әрдайым жазып келеміз. Басылымның бүгінгі санында ТЖМ құрдасы Мадияр Әбдәшім туралы толғанғанды жөн көріп отырмыз.
Мадияр Мейірханұлы 1995 жылы Шу қаласында дүниеге келген. Қазіргі таңда Төле би ауылындағы №19 өрт сөндіру бөлімінде бөлімше командирі болып қызмет ететін құтқарушы 2002-2011 жылдары А.Макаренко атындағы орта мектепті тәмамдап, 2014 жылы №10 колледждің студенті атанады.
Арнаулы орта оқу орнын бітірген жылы ТЖМ құрдасы Отан алдындағы азаматтық борышын Атырау қаласында шекара қызметінде өтейді. Ал 2017 жылдан бастап №19 ӨСБ-не өрт сөндіруші-құтқарушы болып қызметке қабылданады. 8 жылдық тәжірибесі бар азаматтық қорғау аға сержанты 2022 жылы бөлімше командирі лауазымына кіріскен.
Жалын ішінде өзін самұрық сезінетін жас бұл мамандықты жүрегімен қалаған. Қиындығы мол жұмыстан шығуды әсте ойламаған. Қайсарлық пен батылдық, жанашырлық қасиеті оны алға жетелеп, өз мамандығына махаббатпен қарау арқылы өз мақсатына ұмтылып келеді.
Осы жылдар ішінде Мадияр жүздеген шақыруларға барып, тілсіз жауды тізгіндеп, зардап шеккендерді құтқарған. Ақыры не болары белгісіз оқиғалардың ортасынан табылып, өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарып жүрген кейіпкеріміз естелігімен бөліскен еді.
– Өрт сөндіруші-құтқарушы мамандығына қызыққандықтан осы салаға келдім. Бұл саланың қиындығы баршаға белгілі. Қанды тулататын, ұтқыр қимылдайтын жұмыс жаныма жаққандықтан құтқарушы болу қиынға соқпады. Әр оқиғаға барған сайын алдымен адам құтқарып, артынан өртті өшіреміз. 2021 жылы Бәйдібек ауылында ауқымды өрт болды. Бірінші бөлімшемен 3 қызметкер сол жерге жедел жетіп, 2 үйді аман алып қалғаным есімде қатты қалған. Бұдан бөлек көптеген нәтижелі құтқарулар болған,-дейді М.Әбдәшім.
Мадияр Мейірханұлы сол жылы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында болған алапат өрт пен жарылыста салдарды жоюға, отты ауыздықтауға қатысқан. Бұл оқиға да кейіпкеріміздің есінде ұзаққа сақталған көрінеді. Оның айтуынша, осы саладағы барлық әріптестерін ерлік пен өрліктің хас үлгісі ретінде көрсетуге болады.
-Өрт сөндіруші болу – бұл жай ғана мамандық емес. Бұл ерлікке толы өмір дағдысы. Менің міндетім – адамдардың амандығы, мүліктері мен өмірлерін қорғау. Тәуліктің кез келген уақытында қызметтік борышымды атқаруға дайынмын. Қауіпке қарсы тұруды, өртпен күресуді, адам жанын арашалауды басты парызым деп санаймын,-дейді азаматтық қорғау аға сержанты.
Кейіпкеріміздің сөзінше, соңғы жылдары құтқарушыларға қолайлы жағдайлар жасалуда. Оның ішінде баспана жалдау өтемақысы – сала мамандарына айтарлықтай қолдау. Бұл өз кезегінде құтқарушыларға серпін сыйлап, мәртебелерінің асқақ болуына түрткі болмақ.
Баланың басты парызы – ата-ана үмітін ақтау. Бұл орайда қарапайым жұмысшы болып 3 перзентті жеткізген Ғалия Ақылбаеваның еңбегін де ескерген жөн. Балаларының ортаншысы болған Мадиярдың қауіпке толы жұмысы ана жүрегін алаңдатпай қоймасы анық. Сондықтан әзиз анаға батыр перзентті дүниеге әкеліп, күрделі салаға тәрбиелеп бергені үшін бөлек алғыс айтуға болады.
М.Әбдәшім өзінің Төтенше жағдайлар министрлігінің төл құрдасы болғанын зор мәртебе санайды. Әрі осы салада бұдан кейін де зор қарқынмен жұмыс істеуді көздейді. 8 жыл ішінде сатылай өсіп, бірқатар марапаттарға қол жеткізген бейбіт күннің батыры алдыңғы буын ардагерлердің сара жолын салиқалы түрде жалғап келеді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.