30 жылдық белес: ауданда Ата Заң күні ардақталды
Биыл Қазақстан Республикасының конституциясына 30 жыл. 1995 жылы 30 тамыз күні отандастарымыз жалпыхалықтық референдумда тарихи шешім жасап, маңызды құжатты қабылдады. Сол жылдардан бері еліміз орнықты дамып, Ата заң аясы кеңейіп келеді. Ел игілігіне бағытталған реформалар да жүргізілді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бір сөзінде «Ата заң – мемлекеттілігіміздің мызғымас тірегі әрі еліміздің саяси және қоғамдық құрылысын, айнымас құндылықтары мен даму жолындағы стратегиялық бағыт-бағдарын айқындайтын басты құжатымыз» деген болатын.
Конституция күніне орай аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын өткізілді. Еліміздің Мемлекеттік Туы мен Конституциясы сахна төріне шығарылғаннан кейін әнұран шырқалды. Мұнан кейін Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков аудан тұрғындарын Ата Заң күнімен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
– Биыл Қазақстан халқының тағдыршешті таңдауымен қабылданған Конституциямыздың 30 жылдық мерейтойы жер-жерде аталып өтуде. Осы жылдар ішінде мемлекетімізде әділеттілік салтанат құрып, маңызды құжатымыз заманға сай реформаны бастан кешірді.
Мемлекет басшысы айтқандай, бұның барлығы Қазақстан халқының игілігіне бағытталған, болашақтың қамына жасалған қайырлы қадам. Жүйелі өзгерістер нәтижесінде заң мен тәртіп үстемдік құрып, әділетті қоғам қалыптастыру біртіндеп іске асуда. Мемлекеттің дамуы аясындағы алға қойған стратегиялық мақсаттарымызды, ірі реформаларды жүзеге асыруды, демократиялық құндылықтарды қалыптастыруды Ата Заңымыздың шеңберінде атқарып келеміз,-деді Бақытжан Оразалыұлы өзінің лебізінде.
Аудан басшысының құттықтауынан кейін кезек өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген қызметкерлерді марапаттау рәсіміне берілді. Жерлестеріміздің бір шоғыры «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, бір шоғыры аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды.
Марапаттау рәсімінде мінбеге аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов көтеріліп, бір топ шулыққа ауданның Құрмет грамотасын табыстады.
Сондай-ақ, Конституция күні қарсаңында бірқатар азаматтар «АМАNАТ» партиясы Шу аудандық филиалының «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Оларды табыстаған филиал төрағасы Болатхан Ниязбеков марапатталушыларды маңызы зор мерекемен құттықтады.
Мемлекеттік Ту мен Конституция көпшілік қошеметімен залдан шығарылған соң, салтанатты жиын мерекеге арналған сазды бағдарламаға ұласты. Онда ауданның мәдениет өкілдері патриоттық әндерді шырқап, көрерменге көтеріңкі көңіл сыйлады.
Естеріңізге сала кетейік, 30 жыл ішінде Ата заңға алты мәрте өзгеріс енгізілген. Солардың ішінде ең ауқымдысы әрі республиканың реңін өзгерткен референдум 2022 жылы өткізілгені елге мәлім. Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшкені баршаға мәлім. Мемлекеттің бүгінгі айқын бағдары – «Заң мен тәртіпті» үстем ету. Осы айнымас бағдардың жолымен еліміз биік белестерді бағындыра берсін!
Байжан Емберді.