Ақпараттық портал

Білім саласына тың серпіліс берілмек

Біздің елімізде ғана емес, жаһан елдерінің барлығында дерлік білім мен ғылым мәселесі әрқашанда өзекті. Техника қарыштап дамыған сайын білім сапасын арттыру ісі-ең маңызды міндеттердің бірі саналады. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді» деген сөзі айқын дәлел. Білім беру жүйесі өзгерістерді талап ететіндіктен зор мүмкіндіктер алаңына айналған дәстүрлі түрде өткізілетін педагогтердің тамыз кеңесінің орны бөлек.

Қалыптасқан дәстүрге сай ағымдағы аптаның сәрсенбісінде аудандық мәдениет үйінде «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында тамыз кеңесі өтті. Оған аудан әкімі Жәнібеков Бақытжан Оразалыұлы, аудандық мәслихат төрағасы Әбенов Жасұлан Әлкенұлы, «Amanat» партиясы Шу аудандық филиалының төрағасы Ниязбеков Болатхан Кемелханұлы, «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қайырымыдылық қорының Ustaz Ulytau жобасының шет тілдер бағытының жетекшісі Кәкенова Шынар Қайыпбекқызы, аудандық мәслихат депутаттары, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шу аудандық филиалының мүшелері, бiлiм беру ұйымдарының басшылары, педагог қызметкерлер, білім саласының еңбек ардагерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жылдағыдан өзгеше өткен тамыз кеңесінде қатысушылар үшін арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеде білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен оқушыларының өнер, ғылым мен білім саласында жеткен жетістіктері таныстырылды. Көздің жауын алатын түрлі қолөнер туындылары көрген жанға ерекше көңіл-күй сыйлайды. Көрмені қызықтағаннан кейін жиын қонақтары аудандық мәдениет үйінің кең залына жайғасты. Ең алдымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік гимні шырқалып, қатысушылардың бәрі тік тұрып, қолдарын жүрек тұсына беріп, әнұранды бірге шырқады. Ауқымды жиын барысында аудандағы білім саласындағы жеткен жетістіктер, кеткен кемшіліктер сараланып, жаңа оқу жылындағы мақсат-міндеттер айқындалды.
Тамыз кеңесінің күн тәртібіне сәйкес, ең алдымен аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев өзінің мазмұнды баяндамасын оқып, өткен оқу жылындағы білім беру саласында атқарылған жұмыстарды жан-жақты талдап, білім беру саласындағы мемлекеттік қолдау шараларын, саладағы негізгі басым бағыттарды атап өтіп, алдағы жаңа оқу жылында ұстаздар қауымына сәттілік тіледі. Мұнан кейін Төле би атындағы орта мектебінің директоры Джангарашева Ардақ Төлепбайқызы «Ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие – адал азамат қалыптастырудың өзегі» тақырыбында баяндамасын, «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қайырымыдылық қорының Ustaz Ulytau жобасының шет тілдер бағытының жетекшісі Кәкенова Шынар Қайыпбекқызы «Жамбыл, Қарағанды және Ұлытау облыстарындағы мектептерде орта білім беру сапасын арттыруға жүйелі көзқарас» тақырыбындағы баяндамасын оқып, өз іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Тамыз кеңесінде пленарлық отырыстың күн тәртібіне қойылған барлық мәселелер қаралған соң аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлына да сөз берілді. Алдымен аудан басшысы білім беру процесін үздіксіз жүргізіп, балаларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп жүрген ұстаздарға алғысын білдірді. Сондай-ақ білім беру саласын қолдауда жергілікті атқарушы орган тарапынан атқарылып жатқан істерге тоқталды. Мұнан соң еліміздің тұрақты дамуының кепілі болар ұрпақты білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытуда басшылыққа алынуы тиіс бірнеше міндеттерді атады. Пленарлық отырыста ауданның білім саласындағы барлық мәселелер қамтылып, алдағы оқу жылындағы атқарылар жұмыстардың бірсыпырасы айтылған соң марапаттау рәсіміне кезек берілді.
Салтанатты жиында аудан басшысы Б.Жәнібеков білім саласының майталмандарына арнайы марапаттарын беріп, сый-сияпат ұсынды. Атап айтсақ, білім саласында елеулі еңбек еткен ардагер ұстаздарға, қазіргі таңда өскелең ұрпаққа білім беру жолында тер төгіп жүрген бірқатар педагогтерге және білім саласының қызметкерлеріне ҚР оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатын, Жамбыл облысы әкімінің, облыстық білім басқармасының және аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен алғыс хатын, “Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісін иелеріне табыстады. Бұған қоса жоғары оқу орнын GPA 3.33 баллдан төмен емес нәтижемен бітіріп, бірден мектепке жұмысқа қабылданған жас мамандарға арнайы статуэтка берді. Сондай-ақ, білім қызметкерлеріне аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов Шу ауданының құрмет грамотасын табыс етсе, аудандық мәслихат депутаты Мақсат Сұлтанғазиев «Алаш» төсбелгісін өңірлеріне тақты.
Марапаттау аяқталған соң концерттік бағдарламаға ұласып, тамыз кеңесіне қатысқан қонақтарға ерекше әсер сыйлады. Салтанатты жиынның басты қонақтары – еңбек ардагерлеріне арнайы сыйлықтар үлестірілді. “Білім – бақтың жібермейтін қазығы, білімсіз бақ әлдекімнің азығы” деп заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов айтқандай, өркениетті елдердің көшіне ілесу үшін келер ұрпақ кемел біліммен қарулануы тиіс. Осы орайда, алдағы оқу жылында білім саласына тың бастамалар, нәтижелі жобалар, жоғары жетістіктер тілей отыра, ауданымыздың абыройы асқақ болсын дегім келеді.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.