Ақпараттық портал

Дебат – білім берудің озық технологиясы

Халқымызда би-шешендерді от ауызды, орақ тілді деуінің астарында тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айта білетінін, сөзбен түйрей алатынын, тауып айтылған сөз кейде жаныңды түйремек түгілі күйдіретіндігін де аңғартқан. Бабалардан жалғасып келе жатқан ділмарлығымыз, сөзшеңдігіміз өз арқауын үзбек емес. “Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ” деген текті ұлтымыз бірауыз сөзге де тоқтай білген. Күлтөбенің басында күнде жиын өткізіп, аталы, баталы сөз айтқан даналарымыздың ұрпағы бүгінде дебат алаңында жүйелі ой, ұтымды пікір айтып, қоғамдағы өзекті мәселелерге өз үндерін қосуда. Дебат арқылы өскелең ұрпақ тұлғалық қырынан дамып, тілдің тазалығы, ойдың көркемдігі, сынның ашықтығы сынды қасиеттерді шеберлікпен ұштастырады. Әрі дебат технологиясы арқылы азаматтардың коммуникативтілік құзіреттілігі артады. “Сөз тапқанға қолқа жоқ” демекші, орынды жерде қиыннан қиыстырып, ұтымды сөз айта білуге жетелейтін пікірсайыс келешекте ел басқару ісіне де жол ашпақ.

Осыған орай Шу ауданының білім бөлімінің жоспарына сәйкес, Оқушылар сарайының ұйымдастыруымен “Әділетті, таза және қауіпсіз Қазақстан” атты аудандық пікірсайыс турнирі өтті. Оған аудан мектептерінен 20-ға жуық фракция қатысып, дебат ойыны “Халықаралық мектеп (WSDF)” форматында өтті. Пікірсайыс ойынында “БП Қазақстандық мектептерде бірінші сыныптан бастап үштілділік саясатын қолдайды”, “БП ҚР құмар ойындарының барлық түрлеріне (лотереялар, букмекерлік кеңселер, казино) тыйым салады”, “БП болашақта тұрақты мансап құруға және табыс табуға кедергі болса да, ата-аналар балаларын өздеріне ұнайтын іспен айналысуға ынталандыру керек деп есептейді”, “БП шығармашылықтың орнына тұрақты жұмысты таңдайды”, “БП мектепте буллингті жеңудің ең үздік жолын көрсетеді” қарарлары бойынша фракциялар парламент және оппозиция болып бөлініп, өз пікірлерін қорғады. Басым түсіп отырған фракциялар іріктеліп, кезең-кезеңімен дебат ойынын жалғастырып отырды.
Пікірсайыс нәтижесі бойынша үздік деп танылған фракциялар лайықты орындарға ие болып, жеңімпаз командаларға дәрежелі дипломдар табысталды. Тартысты өткен дебаттың 5 ойынында да алдына қара салмай, оза шапқан Кенен Әзірбаев атындағы орта мектептің “Шамшырақ” фракциясының спикерлері Оңланбек Айжан, Қадірқұл Сара, Базарбек Асылзаттар бас жүлде иеленіп, облыстық пікірсайыс турниріне жолдама алды.
“Жанам деген жүрекке от беремін” деп ақын Төлеген Айбергенов айтқандай, өскелең ұрпақтың дамуына бағытталған осындай шаралар жиірек өткізіліп тұрса, бәсекеге қабілетті жастарымыз көбейері анық. Пікірсайысқа жастардың қызығушылығының артып жатқанын өткізіліп жатқан дебат ойынына көптеген командалардың қатысуынан-ақ аңғарамыз. Алдағы уақытта тек мектеп оқушыларын ғана емес, ұстаздарды да тарту көзделіп отыр. Дебатты ойын деп емес, білім берудің озық технологиясы деп қабылдауымыз қажет. Бұдан кейін де дебатты жандандырып, қанымызға сіңген шешендігімізді заман ағымына сай шебер ұштастырып, сөз саптауға, ой-өрісімізді дамытуға арналған тиімді әдістерді лайықты қолданып, сөздің құны мен құдіретін түсінуге талпынғанымыз абзал.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.