Сананы жаулаған «Синтетика»
Әлемде де, елімізде де есірткі тұтынатын адамдар саны мен есірткімен байланысты құқық бұзушылықтар саны да өршіп, оларды тарату жолдары түрленіп барады.
Қазіргі таңда гашиш (анаша), каннабис (марихуана), каннабис шайыры, героин т.б. есірткі заттарынан бөлек, синтетикалық есірткі дейтін қоғамдық дерт кеңінен белең алуда.
Елімізде «синтетикалық есірткі» дейтін ұғым осыдан 7-8 жыл бұрын пайда болды. Алғашында Қазақстанға темекі қоспалары бар «спайс» келді, уақыт өте түтіні жоқ темекі – «снюс» саудаға шыға бастады, кейіннен есірткі әлемін «кристалл», «жылдамдық», «ваннаға арналған тұз», «экстази», «индейка» деген түрлі лақап атаумен тараған синтетикалық заттар тез жаулап алды.
Сонымен қатар, қазіргі таңда меткатинон (эфедрон), пирролидиновалерофенон (альфа –PVP), мефедрон сияқты құрамын болжау өте қиынға соғатын есірткі заттары мен есірткі тектестер қоғамға қауіп төндіріп тұрғандығы анық.
Статистикаға сәйкес, 2025 жылдың 8 айында облысымызда есірткіге байланысты 378 құқық бұзушылық тіркеліп, құқық қорғау органдарымен 4 тонна 886 килограмм есірткі заттары, психотроптық немесе улы заттар, прекурсорлар алынған. Олардың ішінде ең жиі кездесетін синтетикалық және жартылай синтетикалық есірткі заттары 12 кг 726 грамм меткатинон (Эфедрон) (Metcathynone), 1 кг 312 грамм 2 (пирролидин-1-ил)-1-фенилпентан-1-он (α-пирролидиновалерофенон, α-PVP), 0,5 грамм пирролидиновалерофенон (альфа-PVP) тәркіленген.
Синтетикалық есірткінің ерекшелігі – бұл дерт адам психологиясына санаулы секундта өте қатты әсер етіп, ұйқысы бұзылып, депрессияға ұшырап қана қоймай, үнемі белгілі бір дене қимылдарын қайталай береді.
Кәдімгі шегетін немесе егетін таныс есірткімен салыстырғанда «синтетиканың» тартқызар зардабы ауыр. «Не исі, не дәмі біліне бермейтін синтетикалық заттар ақылдан айырып, ағзаны тіпті ірітіп жібереді», дейді нарколог дәрігерлер.
Ең сорақысы – бұл дерттің қармағына ең бірінші болып жаны жаңалыққа құмар жастар ілігіп жатады.
Бәлкім, санасы қалыптаспаған, ақылы кемелденбеген жастарды көптеген қалалардың көпқабатты үйлерінің қабырғаларында және т.б. қоғамдық орындардағы граффити стилімен, түрлі-түсті аярозоль бояуларымен жазылған жазулар мен хэштегтер қызықтыратын да болар. Ал, есесіне есірткісіз тұра алмайтындар, былайша айтқанда «тәжірибелі тұтынушылар» бұл жасырын жарнаманың есірткіге қол жеткізу каналы екенін жақсы біледі.
Әрине, қазір әлеуметтік желісіз өмірімізді елестету қиын. Дегенмен, әлеужелінің заңмен тыйым салынған есірткі заттарының жасырын жарнамасын жасап, кеңінен таратуға таптырмас мүмкіндік жасап отырғанын да ескерейік.
Сондықтан, үйінде жасөспірім тәрбиелеп отырған ата-аналар балаларының әлеужеліні қолдануын назарға алып, заңмен тыйым салынған есірткі заттарын белгіленген жерлерге жеткізу, қою арқылы наркокурьерге айналу қауіпін жіті түсіндіріп, балаларының көңіл-күй ауытқушылықтарына мән беріп, әңгімелесу арқылы есірткіні қолдану мен тасымалдаудың зиянын түсіндіргені жөн.
Есірткінің таралуының алдын алу – көптеген қылмыстардың алдын алу, ұлтымыздың денсаулығын қорғау, болашақ ұрпағымыздың генофондын сақтау деп түсінгеніміз абзал.
Сондықтан да қазір синтетикалық нашақорлықтың таралуы, интернеттегі оның жарнамасы мен саудасына қоғам, орта болып бірлесе қарсы тұрып, немқұрайдылық танытпағанымыз жөн.
Ең қарапайымы, жоғарыда айтылған жасырын жарнамаларды жазып жатқан адамдарды немесе есірткі тұтынып отырған, қандайда бір орында ақылға қонымсыз қимылдар жасаған адамдарды көрсеңіздер – азаматтық ұстанымдарыңызды басшылыққа алып, бей-жай қарамай, тиісті органдарға хабарлағандарыңыз жөн.
Б.Қалысбаев,
ҚР БП құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бөлім прокуроры.