Ақпараттық портал

Моншалар мен сауналарға арналған санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

Монша – бұл адам ағзасына пайдалы сауықтыру құралдарының бірі ретінде ежелден белгілі. Монша адамға физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық деңгейде де жағымды әсер етеді. Моншаға бару арқылы біз өзімізді еркін және жеңіл сезінеміз, сауығамыз және сергиміз.
Алайда, монша немесе сауна біздің денсаулыққа зиян келтірмей, тек пайдасын тигізу үшін кейбір ережелерді білуіміз қажет. Моншаға немесе саунаға келушілер көбінесе оның санитарлық жағдайы мен жеке гигиена ережелерін сақтау сияқты өте маңызды сәттеріне көңіл бөлмейді. Моншаның жылы, ылғалды атмосферасы кейбір зең, вирустық, бактериялық және паразиттік аурулардың қоздырғыштары үшін таптырмас орта болып табылады. Моншаға немесе саунаға барған кезде адам дене терісінің орындықтармен, едендермен, аяқ төсеніштерімен жанасуы, қоғамдық монша жаймасы мен сүлгілерін пайдалануы белгілі бір жұқпалы ауруларды жұқтыруына әкелуі мүмкін.
Моншалар мен сауналар көп функционалды ғимараттарда орналасқан кезде қабатаралық жабындар будан, жылудан, ылғалдан және дыбыстан оқшаулауды қамтамасыз етеді. Монша және сауна үй-жайларының құрамына: санитариялық тораптар, жуынып-шайыну, себезгі бөлмелері, бу қабылдау бөлмесі, жуу және дезинфекциялау құралдарын, жинау мүкәммалын сақтауға арналған, жұмыскерлерге арналған тұрмыстық бөлмесі немесе орны кіреді. Моншаларда ауа айналымынсыз ішке сору желдеткішімен біріктірілген ауа арқылы жылумен жабдықтау құрылғысын орнатуға рұқсат етіледі. Моншаларда сору – сыртқа тарату желдеткіші көзделеді. Бу қабылдау үй-жайларында ауа температурасын бақылауды жүзеге асыру мақсатында термометр көзделеді.
Моншалар мен сауналарда жуу және дезинфекциялау құралдарына төзімді материалдардан жасалған жиһаз орнатылады, шешіну-киіну және себезгі бөлмелерінде резеңке кілемшелер пайдаланылады. Ағаш траптар пайдаланылмайды. Жуыну үшін жоғары температура әсеріне төзімді және оңай жуылатын және өңделетін легендер пайдаланылады. Моншалар мен сауналарда жеке қолданылатын және пакеттерде берілетін таза және құрғақ киім-кешек (ақжаймалар, сүлгілер) пайдаланылады. Моншалар мен сауналардың үй-жайларында тазалық сақталады. Суды бұру траптары бітеліп қалмайды және еденде лас су жиналмайды.
Жуынып-шайыну залдарының едендерін тазалау және жуу күн сайын және қажеттілігіне қарай жүргізіледі. Әр келушіден кейін резеңке аяқ-киім фунгицидтік әсері бар дезинфекциялау құралдарымен өңделеді. Резеңке бұйымдарды өңдеу үшін таңбаланған сыйымдылықтар бөлінеді. Дезинфекциялаудан кейін аяқ киім жуылады және кептіріледі. Легендерді өңдеу үшін дезинфекциялау ерітінділері бар сыйымдылықтар, тазартатын заттар, щеткалар мен шүберектер көзделеді. Жуынуға арналған легендер дезинфекциялау ерітіндісіне толық батырылып дезинфекцияланады және сумен шайылады. Күн сайын жұмыс аяқталғаннан кейін үй-жайларды, мүкәммаларды және жабдықтарды жинау, жуу және дезинфекциялау жүргізіледі. Бу қабылдау бөлмесін қоспағанда, моншалар мен сауналардың үй-жайлары қоқыс салатын урналармен қамтамасыз етіледі. Монша мен сауналардың жуыну және себезгі үй-жайларында кір жууға және кептіруге, моншаны пайдалануға қатысы жоқ заттар мен құралдарды сақтау жүргізілмейді.
Жарақаттану мен жазатайым жағдайлардың алдын алу мақсатында үй-жайлардың әрлеудегі ақаулары (сынған жапсырма плиткалар, линолеум, жабындылар мен жабдықтардың тұтастығы бұзылғанда) уақытылы жөнделуі қажет. Моншаларда, сауналарда «бу бөлмесін» ұнататындарға өз сүлгілері мен жаймаларын пайдалануға кеңес береміз. Сондай-ақ, су өткізбейтін арнайы аяқ киімдерді пайдаланып, дененің бу бөлмесіндегі орындықтар және сөре беттерімен жанасуынан аулақ болу қажет. Ылғал ағаш және плиткаларда зең аурулары узақ уақыт бойы өміршеңдігін сақтай алады. Дымқыл буы бар саунаны емес, құрғақ буы бар саунаны таңдаған дұрыс. Егер суық тию симптомдарын байқасаңыз, саунаға барудан аулақ болыңыз.
Осы қарапайым қағидаларды ескерсеңіз, монша мен саунаға бару жағымды, пайдалы және қауіпсіз болады.

М.Саулебаев,
Шу аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы.
Ә.Бостан,
СГБ ТРТСББ бөлім басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.