Ақпараттық портал

Ана тілім – еңселі тұғырым

Ел тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі. Ұлттық мәдениеті жоқ ел ешқашан егеменді ел бола алмайды, болуы мүмкін емес. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып саналады. Қазақ тілі – әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, келбетті тілдердің бірі. Тіл қай елде, ұлтта болсын қастерлі, қасиетті, құдіретті.
Тіл әрбір азаматқа ана сүтімен беріліп қалыптасады. Ана сүтімен бойға енген қасиеттер туған тілдің арқасында дамиды. Туған тілге деген құрмет пен сүйіспеншілік бала кезден басталуы керек. Айналадағы адамдарға, өзіңнің өскен ортаңа, Отанға деген ерекше сезім мен көзқарас та туған тіліңді білуден басталады. Тіл – халықтың рухани, мәдени дамуының құралы. Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан–ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұрасы. Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Азаматтың қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал тіл тозбайтын ең қымбат мұралардың бірі.
Ал тілдің өзі – тарих тереңіне бойлатып, өнер мен мәдениеттің кәусар бұлағына сусындататын рухани әлеміміздің сарқылмас қазынасы. Олай болса, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қолданылу аясын кеңейте түсу қажеттігі – заңды құбылыс.
Қазақ тілінің тағдыры үшін күрес соңғы жүз жылда бірде-бір толас тапқан жоқ. Ұлы Абайдың заманын айтпағанда, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтар бастаған алып топ тіл мәселесіне ерекше мән беріп, оның шексіз байлығын, суреткерлік қуатын, бейнелігі мен саздылығын көркемдік сапаға жеткізді. Солардың бірі қазақ тілі білімінің негізін қалаушы, ірі қайраткер, үлкен талант иесі, тарихта орны айрықша зор тұлға – Ахмет Байтұрсынов. Ол ең алғаш қазақ тілінде әліппе кітабын жинақтаған, қазақ баласының ана тілінде де сауатын ашып, ары қарай қазақ тілінде оқуын жалғастыруға күш жұмсаған ағартушы қайраткер. Осы мақсатты орындау үстінде ол қазақ тілін, оның дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын баяндап, талдап, танытқан зерттеуші. Әрі сол зерттеудің негізінде тұңғыш Ана тілі оқулығын жазған адам. А.Байтұрсыновтың араб жазуын қазақ тіліне икемдеген нұсқасын қазақ жұртшылығы, әсіресе мұғалім қауымы еш талассыз қабылдады. Себебі Ахметтің реформасы қазақ тілінің табиғатына сүйеніп, ғылыми негізде жасалған болатын.
Тіл тағдыры – ел тағдыры екенін ешуақытта ұмытпайық. Әрбір адам өз ана тілін білуі және мемлекеттік тілін меңгеруі міндетті. Мен ана тіліммен мақтанамын және мемлекеттік тілді құрметтеймін!

Ельмира Абдыкадырова,
аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.