Ақпараттық портал

Отбасы берекесі – Отанның мызғымас қазығы

Халқымыз қай заманда болмасын тәрбиеге қырын қарамаған. Қисығын тезге, қыңырын жөнге, адасқанын тура жолға салғанша “Күлтөбенің басында күнде жиын” өткізгені тарихтан белгілі. Бүгінгі күні белең алып жатқан түрлі сойқандарға қарап сол үрдісті мықтап қолға алу керектігін аңдаймыз. Тәрбиенің нәрі отбасында беріліп, соның негізгі өзегін аналарымыз сіңіретінін, шаңырақтың шайқалмауына тікелей әйел заты жауапты екендігін сан мәрте айтып келеміз. Дана халқымыз “Тәрбие тал бесіктен”, “Ел боламын десең, бесігіңді түзе” дей келіп, “Ана бір қолымен бесікті тербетеді, бір қолымен әлемді тербетеді” деуі арқылы ананың тәрбиеде алар орнын шегелеп берген. Сол үрдістің арқауын үзбей, бұл күндері де тәрбиелік мазмұндағы келелі жиындар көптеп өтуде. Сондай тәрбиелік мәні зор жиындардың бірі, қоғам қайраткері, «Құрмет», « Парасат» ордендерінің иегері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазықызының қатысуымен Жиенбет негізгі мектебінде өткен “Отбасы берекесі” атты дәріс сабағы.

Оған аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, Жиенбет ауылының әкелер кеңесі мен аналар алқасының төрағалары, Жиенбет негізгі мектебінің ұжымы, оқушылар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі аудиторияларды ұйытып тыңдатып жүрген тіл жанашыры Оразкүл Асанғазықызы өзінің жерлестерімен амандық-саулық сұрасқан соң өзінің дәрісін бастап кетті. Ол ең алдымен «Отбасы берекелі болмай, мемлекет мықты бола алмайды» деген сөзін тілге тиек етіп, сол арқылы қоғамдағы отбасы тәрбиесінің рөлі, тұлға қалыптастыру жолындағы алғышарттарды алға тартты.
Дәріс басын Мұхтар Шахановтың «Төрт ана» деген өлеңіндегі біздің басты құндылыққа баланған қасиетті төрт киеміз-туған жер, туған тіл, салт-дәстүр, туған тарихтың әр азаматтың өмірінен алар орнын екшеп, тәптіштеп түсіндіріп берді. Рухы биік жерлесіміздің қойған сұрағының өзі жүректі түйреп өтетіндей. Ең алдымен «Ата-бабамыз әлем бойынша нешінші орын алатын жер қалдырды?» деген сұрағын қоя келе, сол жерді қалай қорып, қалай бізге аманаттап кеткендігін әр жанның көкейіне жететіндей етіп түсіндіріп берді. Мәңгі өнеге айдынына баланған туған тілдің төңірегіне топтасқан текті бабаларымыздың сөзге тоқтай білгендігін, бір-ақ ауыз сөзбен түрлі дауды шеше білген халқымыздың даналығын да келтіріп өтті. Осы тұста белгілі әдебиет зерттеушісі Ақселеу Сейдімбектің «Алла тағаланың қазақтың маңдайына берген бренді – оның халық ауыз әдебиеті» деген сөзін келтіре отырып, ілім-білім дамымай тұрып-ақ дала философы атанған қазақ халқының салт-дәстүрінің астарында үлкен мағына жатқандығын, тарихымызды жоқ қылып жіберуге талайлардың көз алартқанын айтып, құндылықтарымызды құнсыздандырмауға шақырды.
Хакім Абайдың бірінші – Алланы сүю, екінші – адамзаттың бәрін сүю, үшінші – әділетті сүю деген сөзінің де мәнін терең ұқтырып, әр адамның қандай жағдайда бағасы артатынын да мысалдармен келтіріп өтті. Кешегі батыр болған, ақын болған, би болған бабаларымыздың қаны әрбіріміздің тамырымызда ағып жатқандығын атап өтіп, тағдырымызды тамырсыздық індетінен қалқалап, сананы сілкіндіру керектігін де түсіндірді.
Тағы бір ескерерлік жайт, қоғам өмірінде тек әйелдер ғана қозғай алатын, бастама көтеріп, жүзеге асыра алатын ерекше мәселелер болатынын алға тартқан Оразкүл Асанғазықызы олардың да шешімін көрсете білді. Бұл, әсіресе ана мен бала мәселесіндегі сырт көзге байқала бермейтін көптеген қиындықтарға тікелей қатысты. Осындай мәселелердің өз уақытында шешімін табуында әйел-аналардың орны ерекше екендігін де алға тартты. “Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу” деген даналықты ұстанған халқымыздың осы бір сөзін санаға сіңіріп, баланы мейірімге бөлеп өсіру қажеттігін, әр бала жұлдыз болып жануы үшін жігерлендіріп отырудың жөн екендігін қадап айтты.
Бұған қоса жан мен тән төңірегінде ой қозғады. Тән ашыққандай жан да ашығатынын, тән жаурағандай жан да жаурайтынын, тән ауырғандай, жан да ауыратынын айтып, отбасындағы мүшелердің бірін-бірі сыйлап, мақтап, әр ісін жақтап, жақсылығын айтып отыруы аса маңызды екенін тілге тиек етті. Әрі тәнді тамақтандырғандай, жанды да рухани азықтандырып отыру қажеттігін атап өтті. Жанның он екі арнасы бар екендігін, яғни түйсік, ұят, сүю, мінез, табиғи қабілет, зерде, жігер, ішкі бес сезім деп жік-жікке бөле отырып, осы қасиеттерді бойымызға ұялату үшін қандай салт-дәстүр, жөн-жоралғыларды басшылыққа алуды да жетеріне жеткізе түсіндірді.
Тағы бір сөзінде хас батырымыз Бауыржан Момышұлының “Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды” деген сөзін келтіріп өткен Оразкүл Асанғазықызы рухты еріміздің “Ұшқан ұя” кітабы әр баланы тәрбиелеуде негізгі құрал болуы керектігін баса айтты. Сондай-ақ, елі үшін алаңдаған ержүрек бабамыздың қорқынышын жан-жүрегімен сезіне отырып, ой елегінен өткізе білген ұлт жанашыры батыр бабамыздың “Мен үш нәрседен қорқамын. Өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, өзінің немересіне ертегі айтып бере алмаған ата мен әжеден, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын” деген рухты сөзі әйел затының санасын сілкінтуі қажеттігін де тауып айтты. Бабамыздың сөзін басты ұранымыз етсек, ұтарымыз көптігін көңілге ұялатқан қоғам қайраткері балаларымызды халық ауыз әдебиетімен сусындатып, ертегі, жыр-дастандарды жаттатуды қолға алса деген тілегін жеткізді. Бұл істе мұғалімдерге артылар жүк ауыр екендігін де ойға салды.
Бұл дәрісті бұғанасы бекімеген баладан бастап, қазыналы шаққа қадам басқан қарияларға дейін айрандай ұйып тыңдады. Тағылымды кездесу соңында Оразкүл Асанғазықызы өзінің «Отбасы берекесі» деген кітабын қолтаңба қалдырып, сұрағандарға үлестірді. Осындай мағыналы кездесудің маңызы бөлек екендігін, өзі де рухани бастаудан сусындағанын айтып өткен Найман Кенжеханұлы Шудың мақтанышына айналған Оразкүл Асанғазықызына алғысын жаудырды. Бұған қоса Жиенбет негізгі мектебінің директоры Ақсұңқар Сейпишева қадірлі қонақтың иығына қазақы бешпент жауып, басына ақ орамал тағып, құшағына гүл ұсынды. Ауылдастарының ыстық ықыласына бөленген Оразкүл Асанғазықызы ерекше көңілмен алғысын білдіріп өтті.
Отбасы құндылықтарын дәріптеген дәріс көпшіліктің құлазыған көңілін бір серпілтіп, он саққа жүгірген ойына түрткі болды. Алдағы уақытта да осындай тәрбиелік мәні бар кездесулер жалғасын таба берсе, көштің адас-пайтыны айқын.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.