Ақпараттық портал

МЕЙІРІМ МЕН ҚОЛДАУ – ТЕҢ МҮМКІНДІКТЕР КЕПІЛІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жуырдағы Қазақстан халқына Жолдауында инклюзияны қолдау, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жан-жақты жағдай жасау мәселелеріне ерекше тоқталды.
Президент инклюзивті қоғам қалыптастыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтіп, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру жөнінде тиісті тапсырмалар жүктеді.
Осы ретте білікті мамандардың көмегіне қолжетімділікті арттыру, балаларға ерте жастан қолдау көрсету, олардың қабілеттерін дамыту және қоғамда мейірімділік пен өзара түсіністік құндылықтарын қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет.
Бұл бағыттағы жұмыстардың нақты көрінісі ретінде жуырда Төле би ауылдық округінде «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Мейірім мен қолдау – тең мүмкіндіктер кепілі» атты қайырымдылық бағытындағы іс-шара өткізілді. Аталған игі бастама аудандағы «Қамқорлық» оңалту орталығында ұйымдастырылып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетуге бағытталды.
Шара аясында волонтер, логопед маман Салтанат Ғалымжанқызы Қалыбай орталыққа келуші балалармен арнайы логопедиялық сабақтар өткізді. Сабақ барысында балалардың сөйлеу тілін дамытуға, дыбыстарды дұрыс айтуына, сөздік қорын молайтуға және тілдік дағдыларын жетілдіруге бағытталған түрлі жаттығулар мен тапсырмалар орындалды.
Мұндай шаралар балалардың жеке қабілеттерін дамытуға ғана емес, олардың қоғамға бейімделуіне, өздерін еркін сезінуіне де оң ықпал етеді. Сонымен қатар, қоғамда жанашырлық пен қамқорлық мәдениетін қалыптастырып, әр баланың тең мүмкіндікке ие болуына жол ашады.
Г. Ермекбаева,
Д.Көшен,
Төле би ауылдық округі бойынша жастармен жұмыс
жөніндегі мамандары.

Жауап қалдыру

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.