Рух пен жігерді жаныған бәсеке
17 қараша — Халықаралық студенттер күні қарсаңында Шу ауданында жастардың басын қосқан жарқын спорттық дода ұйымдастырылды. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мұрындық болуымен өткен шара №38 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қабырғасында тартысқа толы өтті.
«Спорт – сенің серігің» атты бұл спартакиаданың басты мақсаты – өскелең ұрпақ арасында бұқаралық спортты кеңінен насихаттау, салауатты өмір салтын санаға сіңіру, сондай-ақ студенттердің спортқа деген құштарлығын оятып, бірлік пен татулықты нығайту.
Бұл күні білім мен ғылымды қатар алып жүрген жастар нағыз жігер мен төзімділіктің үлгісін көрсете білді. Тартысты бәсекеге 5 командадан жиылған 30-ға жуық студент қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жарыс барысында қатысушылар ептілік, жылдамдық және командалық үйлесім бойынша бақ сынасып, жанкүйерлеріне ұмытылмас әсер сыйлады.
Намыс пен күш сынасқан тартысты доданың қорытындысы бойынша І орынды №10 Шу колледжінің командасы, ІІ орынды Шу теміржол колледжінің командасы, ІІІ орынды Төле би командасы жеңіп алды. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылардың арнайы кубоктарымен, дипломдарымен және естелік сыйлықтарымен марапатталды.
Балнұр Жексенбекқызы.