Ақпараттық портал

Медициналық сақтандыру бойынша онлайн кеңес алуға болады

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры msqory.kz сайтында «Түсіндіру сұрауы» атты жаңа сервисті іске қосты. Енді кәсіпорындар, мекемелер және басқа да ұйымдар Қор мамандарын қызметкерлермен кездесу өткізуге шақырып, алдын ала түсіндіруді қажет ететін сұрақтарын жолдай алады. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Сақтандырылған мәртебені қалай тексеруге және қалпына келтіруге болады, қажетті медициналық көмекті қалай алуға болады, қиындықтар туындаған жағдайда қайда жүгіну керек? Ұйымдар осы және басқа да мәселелерді өтінімде көрсете алады. Сондай-ақ нақты жағдайларды сипаттап, қосымша материалдарды қоса тіркеу мүмкіндігі бар.
Қордың басты мақсаты – әрбір азаматтың қандай медициналық көмекті алуға құқылы екенін және оны алу жолдарын білуін қамтамасыз ету. Сондықтан кездесулер еңбек ұжымдары жолдаған сұрақтар негізінде дайындалады. Қордың өңірлік филиалдарының мамандары алдын ала көрсетілген мәселелерді зерделеп, тиісті түсіндірмелер беріп, қажетті әрекеттер тәртібін түсіндіреді.
Өтінім беру үшін msqory.kz сайтына кіріп, арнайы нысанды толтыру қажет. Онда өңір, ұйымның түрі мен атауы, байланыс деректері, өтініш тақырыбы және оның мазмұны көрсетіледі. Өтінім тіркелгеннен кейін электрондық поштаға растау хаты жіберіледі. Сондай-ақ өтінімнің мәртебесін сайт арқылы бақылауға болады. Кездесулерді Қордың өңірлік филиалдарының мамандары өткізеді.
Жаңа сервис Қордың тұрақты түрде жүргізіп келе жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қосымша мүмкіндік береді. 2026 жылдың тоғыз айында ақпараттық-түсіндіру іс-шараларына 248 мыңнан астам адам қатысты. Онлайн өтінім беру қызметі ұйымдарға өз ұжымдарының нақты қажеттіліктерін тікелей жеткізуге, ал мамандарға сол сұраныстарға сәйкес мазмұнды әрі нысаналы түсіндірмелер дайындауға мүмкіндік береді.
Балалар денсаулығын қорғау – Қазақстанның жарқын болашағына қамқорлық
Қазақстан – халқының басым бөлігі жас ұрпақтан тұратын мемлекет. Бүгінде елімізде 7 миллионға жуық бала өсіп келеді. Бұл – еліміздің болашағы үшін зор әлеует. Мемлекет кішкентай азаматтардың медициналық көмектің толық көлеміне қол жеткізуіне кепілдік береді.
Медициналық көмек бала өмірінің барлық кезеңінде көрсетіледі. Ол дүниеге келмей тұрып жүргізілетін тексерулерден, туғаннан кейінгі алғашқы күндердегі медициналық бақылаудан басталып, профилактика, диагностика, емдеу және оңалту шараларымен жалғасады. Бұл бағыттағы жұмыстарға емханалардың дәрігерлері мен мейіргерлері, перинаталдық орталықтар, балалар ауруханалары және мамандандырылған клиникалар қатысады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, балаларға көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмектің ең жиі кездесетін ТОП-3 түріне мыналар кіреді:
• Аппендицитке байланысты операциялар – 11,6 мың жағдай;
• Жарақаттар кезінде көрсетілетін медициналық көмек – 11 мың жағдай. Оның ішінде жараларды хирургиялық өңдеу, күйіктерді емдеу, әртүрлі сынықтар кезінде сүйектерді бекіту шаралары бар;
• ЛОР-операциялар – 4,2 мың операция.
Бұдан бөлек, медициналық сақтандыру есебінен күрделі әрі бірегей емдеу түрлері де қолжетімді. Олардың қатарында жүрек пен бауыр трансплантациясы, дің жасушаларын трансплантациялау, дәрі-дәрмекпен емдеуге көнбейтін эпилепсия кезінде кезбе жүйкені ынталандыру, электромагниттік есту аппаратын имплантациялау, сондай-ақ жүрек пен перикардқа жасалатын диагностикалық процедуралар бар.
2026 жылдың тоғыз айында медициналық көмектің осы түрлерін көрсетуге қазақстандықтардың жарналары есебінен 3,3 млрд теңгеден астам қаражат бағытталған.
Мәселен, осы кезеңде балаларға:
• 1 жүрек трансплантациясы;
• 3 бауыр трансплантациясы;
• 36 дің жасушаларын трансплантациялау операциясы;
• кезбе жүйкені ынталандыру бойынша 52 медициналық араласу;
• есту аппаратын имплантациялау арқылы емдеудің 254 жағдайы жүргізілді.
Мұндай медициналық көмектің орташа құны 8 миллионнан 31 миллион теңгеге дейін жетеді.
Сонымен қатар балаларға арналған медициналық сақтандыру пакетіне жоспарлы және шұғыл стоматологиялық көмек те кіреді. Ал жақ-бет аймағының туа біткен патологиялары бар балаларға, сондай-ақ тіс-жақ аномалиялары бар әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 6-12 жас аралығындағы балаларға ортодонтиялық көмек көрсетіледі. Оның ішінде тіс-жақ жүйесіндегі ақауларды түзетуге арналған алынбалы пластиналарды қолдану да қарастырылған.
Қазақстанның болашағы – бүгін балаларға жасалып жатқан мүмкіндіктерден басталады. Медициналық көмекті дер кезінде алу олардың дені сау болып өсуіне, білім алуына, қабілеттерін дамытуына және армандарын жүзеге асыруына жол ашады. Өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтау арқылы біз әр отбасының әл-ауқатын арттырып, еліміздің болашағын нығайтамыз.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ баспасөз қызметі.

Жауап қалдыру

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.