Ақпараттық портал

Сауапты жұмыстың салауатты мамандары

Қазан айының соңғы жексенбісі Қазақстандағы әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні. Бұл ерекше күтім мен қамқорлықты қажет ететін жандардың жан серіктерінің құрметке бөленетін сәті. Әлеуметтік қызметкерлердің биылғы мерекесі 27 қазан күніне тура келіп отыр. Аталмыш кәсіби мереке 2011 жылдың 20 қазанында кәсіби мерекелер тізіміне ресми түрде енгізілген болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруды үнемі басты назарда ұстап келеді. Оның ішінде көмекке мұқтаж азаматтармен тікелей жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлердің еңбегіне әрдайым көңіл бөледі.
Президент бір сөзінде «Әлеуметтік қызметкерлер – көмекке мұқтаж адамдармен тікелей жұмыс істейтін жауапты мамандар. Олар ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға қамқорлық көрсетіп келеді. Сондықтан бұл мамандық иелерінің еңбегі лайықты бағалануы тиіс»,– деп атап өткен еді.
Жұмыр жердің бетінде алуан түрлі тағдыр бар. Олардың арасында өмірлік қиын жағдайға тап болған отандастарымыз аз емес. Сондай жандардың жанынан табылатын мамандарды әлеуметтік қызметкерлер деп атаймыз. Олар өздерінің кәсібилігімен қоғамды ізгілендіруге атсалысып, екінің бірі тісі батпайтын тірліктің тұтқасын ұстап келеді.
Шу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бір бағыты-балаларға және 18 жастан асқан адамдарға үйде әлеуметтік қызмет көрсету. Бөлімге бағынысты бөлімшеде 200-ге жуық балаға барлығы 27 әлеуметтік қызметкер қызмет көрсетеді. Сонымен қатар ауданда тұратын 136 жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға тағы 20 маман үйден арнаулы әлеуметтік қызмет ұсынады.
Жасыратыны жоқ, қол-аяғы сау, ақыл-есі бүтін балалардың күтімі көпшілікке оңай соға бермейді. Ал жаны нәзік, адам жанын терең ұғатын әлеуметтік қызметкерлер ерекше қажеттілігі бар балалар мен ересектердің ұдайы қасынан табылып келеді. Сондықтан мұндай мамандық иелеріне ілтипат әрдайым зор болуы тиіс.
Ауданымыздағы 50-ге жуық әлеуметтік қызметкердің әрбірі мүгедектігі бар балалар мен кәмелетке толған азаматтарды әлеуметтендіруде елеулі еңбек етуде. Олар сырлас дос, сенімді жолдас, психолог, педагог ретінде қызмет алушының ықыласына бөленіп жүр.
Жуырда ғана өткен «Жан жылуы» қайырымдылық концерті әлеуметтік қызметкерлердің жанкешті жұмысын айқындап бергендей болды. Сахнаға шыққан әрбір ерекше өнерпаздың батыл қадамы осындай жандардың жігерлі істерімен жүзеге асатындай әсер қалдырды.
Мейірімді жүрек пен мұқияттылықты талап ететін мамандықтың майталмандары да жоқ емес. Олар ұзақ жылдар бойы сауапты жұмысты істеп, жерлестердің разылығын алып жүр. Шулық әлеуметтік қызметкерлер арасында ширек ғасырға жуық қызмет етіп келе жатқан Саракүл Қалықова мен Майра Есбергенова бөлімшенің ардагерлері саналады. Сондай-ақ 20 жыл бойы мамандығына адалдық танытып келе жатқан Күннұр Қапысова, Зульфия Чахалова, Мая Маншеева мен Шайжан Тұрғанбаевалар өздерінің өмірлік тәжірибесін кейінгі буынмен бөлісуде.
Бұл орайда тұтас бөлімнің жұмысына басшылық етіп отырған Гүлмира Амангелдіқызының еселі еңбегін еш ұмытуға болмайды. Бөлімшенің жұмысына ұдайы бақылау жасап, көрсетілетін қызметтің сапалы болуын назардан тыс қалдырмаған басшылықтың зор әлеуетін айта кеткен жөн.
Бөлім басшысының айтуынша, балаларға және 18 жастан асқан адамдарға үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі өз жұмысын халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары -Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы №263 бұйрығына сәйкес жүргізеді.
Қорыта айтқанда, әлеуметтік қызметкер – тек көмек көрсетуші ғана емес, жанашырлық пен шыдамдылықтың, адамгершілік пен қамқорлықтың үлгісі. Өз ісіне берілген шынайы кәсіби маман. Олардың тынымсыз еңбегі қоғамдағы тұрақтылық пен адамгершілік құндылықтардың сақталуына зор үлес қосатынын естен шығармаған абзал.
Ауданымызда әлеуметтік қорғау жүйесі саласында тер төгіп жүрген жерлестеріміз жетерлік. Біз оларды төл мерекелерімен құттықтаймыз. Атқарып отырған ақадал еңбектерін жоғары бағалаймыз. Әрі шынайы алғыс сезімін білдіреміз.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.