Кітапханашы – рухани байлықтың сарқылмас шамшырағы
24 қазан – Кітапханашылар күні. Бұл мезет – өмірін кітапқа, жанын оқырманға, жүрегін ұрпақ тәрбиесіне арнаған кітапханашылардың мерекесі. Мемлекет басшысы өзінің бір сөзінде «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деген болатын.
Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері. Кітапханашылар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда. Кітапхана — елдің мәдени қазынасы, ал кітапханашы — сол қазынаны келешек ұрпаққа жеткізуші абзал жан. Олар — оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір. Күн сайын сан түрлі адаммен жұмыс істеп, әрқайсына іздеген ақпаратын тауып беріп, кеңес айтып, рухани азық сыйлау — үлкен еңбекті, төзімділікті және жүрек жылуын талап етеді. Қазіргі заманда кітапхана тек кітап қоры ғана емес, ол — білім мен инновацияның, мәдени шаралардың орталығы. Орталық кітапханада 270 670 дана кітап қоры бар, мемлекеттік тілдегісі-151 542 дананы құрайды. Кітапхана ағымдағы жылдың 9 айында 23 470 оқырманға қызмет көрсетіп, оларға 335 мың 815 дана кітап пен мерзімді басылымдар берілді.
Қуантарлық жағдай, биыл жергілікті бюджеттен қорымыз жалпы 10 миллион теңгені құрайтын жергілікті ақын-жазушыларымыздың кітаптарымен толықты. Атап айтсақ, Ә.Қалдыбаев, А.Бетбаев, Б.Исаева, А.Қосақовтың «Әбдімомын әлемі», Балуан Шолақ туралы жазылған «Атадан ұл тумайды мендей сабаз» тақырыбындағы сый кітаптары. Кітапханамыздың цифрландырылған ақпараттық орталығының, Тасөткел, Жаңажол, Белбасар, Көктөбе кітапханаларының материалдық-техникалық жағдайын нығайтуға 10 миллион теңге бөлініп, қажетті жабдықтармен толықтырылды және 287 атаумен 2 миллион теңгеге 1200 дана мерзімді басылым алынды.
Өздеріңізге мәлім, облыс әкімінің қолдауымен «Әулие ата –кітап оқитын өңір» жобасы жарияланған болатын, осы жоба аясында бірқатар ауқымды іс-шаралар атқарылды. Тараз қаласының Жеңіс саябағында сәуір-шілде айлары аралығында «Ғажайып кітап әлемі», «Атыңнан айналайын, Шу өңірі!» әдеби әуенді кеш, «Кітап шоу – 2025» фестивалі, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқ» тақырыбында еске алу кештері өткізілді. Осы жоба аясында Шоқпар ауылдық кітапханасы «Үздік облыстық ауылдық кітапхана» байқауына қатысты.
Сонымен қатар жыл бойы аталып өтілетін мерейтойларға жүйе бойынша тұрақты кітап көрмелері ұйымдастырылып, түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді. Атап өтетін болсақ, Б.Асқартегінің «Киелі Шу өңірінің ақыны», Сәт Мәлібековтің «Өзіме өзім патшамын өз жерімде», А.Маратқызының «Жас қаламгер» тақырыбында кездесу кештері, Ахметжан Қосақов Ақбұқаұлының 75 жылдық мерейтойына орай «Шуақты, шұғылалы Шуым менің!» тақырыбында танымдық кеші, Болат Оңғарбайдың «Ақыртөбе» кітабының тұсаукесері, Жапар Сатылғановтың «Өз шаңырағыңа табын» кітабының тұсаукесері, «Кітап өркениеттің елшісі» атты буккросингі, «Ғажайып кітап әлемі» атты кітап шоу фестивалі өтіп, сондай-ақ Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай «Абай оқулары» байқауы үш рет ұйымдастырылып, жеңімпаздар облыстық байқауға жолдама алды.
Бұған қоса, «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бөлім» жұмыс жасайды, бұл бөлімде де атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. «Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар» кітапханасының ұйымдастыруымен өткізілген Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Біз, жеңістің ұрпақтарымыз» атты республикалық эсселер байқауынан А.Қосақов I орын иеленді. Сондай-ақ, «Кітапханашы – ХХI ғасыр мамандығы» облыстық байқауында кәсіби шеберлік көрсеткені үшін Ә.Ахметова бас жүлдені жеңіп, бағалы сыйлықпен марапатталды.
Орталық кітапханалар жүйесіне қарасты қалалық, ауылдық кітапхана қызметкерлерінің еңбегі де орасан зор. Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ барлық оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Осы орайда руханият ордасының алтын діңгектері ардагер кітапханашыларымыз туралы айта кетудің өзі өнеге деп білемін. Біздің аудандық кітапханада талай буынға білім мен тәрбие беруге үлес қосқан ардагерлердің қатарында З.Балхожаева, А.Байтугелова, Ұ.Ибраева, Б.Жалбиева, К.Райымбеков, Ж.Раимбекова, Ш. Абдығапарова, Р.Аханова, Л.Келесбаева, А.Қоңырбаева, К.Кутыбекова, Г.Көкімова, Б.Көпбаева, С.Ержанова, Т.Құлымбетовалар бар. Олар осы салаға бар саналы өмірлерін арнап, бүгінгі күні жас мамандарға үлгі болып отыр. Ардагерлердің өмір жолдары-нағыз еңбек мектебі. Олар-кітапхана ісінің ғана емес,елдің рухани тірегіне айналған өз ісінің хас шеберлері.
Қазіргі таңда әр оқырман жүрегіне жол таба білетін, оқырмандарға қажетті баспа басылымдардың, ақпараттың тиімдісін беріп отырған, эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған кітапханашылар қызмет етуде. Атап айтсақ, К.Лахаева, Б.Нұртаева, С.Сатқанова, А.Дюсебаева, Н.Бұланбаева, Ә.Айнакулова, А.Төлегенова, Э.Нуртаева, К.Бердібаева, Э.Раканова, Ұ.Жанабаева, Р.Даберова, Э.Абдыкадырова, Ә.Ахметова, Г.Жанабаева, Ж.Дощанова, Ж.Байларова, Ж.Акчабаева, Ж.Ноғайбаева, Л.Жақыпова, Ж.Үркербай, Л.Кішкенебаева, Н.Шопева, Ж.Сұлтанбаева, К.Алтыбаева, Ж.Тлеумбетова, Қ.Кудирова, П.Әнбияқызы сынды кітапханашыларымыз бар.
Кітапханашы еңбегі – көзге көрінбесе де, қоғам үшін аса маңызды. Өйткені, олар рухани бай, білімді ұлт қалыптастыруда, елдің озық ойлы болуына жол ашып отыр. Осы орайда, барлық кітапхана қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, денсаулық, шабыт, оқырманның құрметі мен қоғамның жоғары бағасын тілеймін!
Бағдагүл Алжанбаева,
Шу аудандық орталықтандырылғын кітапханалар жүйесінің директоры.