Ақпараттық портал

Көптен күткен қуаныш. Қант зауыты мөлтек ауданында ауыз су жүйесі пайдалануға берілді

Мемлекет басшысының жергілікті атқарушы органдарға жүктеген негізгі міндеттерінің бірі – Ауылдағы ағайынды сапалы ауыз сумен қамту. Сонымен қатар Президент Үкіметке 2025 жылы Қазақстан халқын 100 пайыз таза ауыз сумен қамтуды тапсырған болатын. Тапсырманы тиянақты орындау үшін тиісті қаржы бөлініп, ауқымды жұмыстар жүргізілді.
Кейінгі жылдардың кескінінде аудан тұрғындарының мөлдір арманын іске асыру мақсатында ілкімді шаруалар жасалғанына куәміз. Ел игілігіне бағытталған жұмыстар тиісті нәтиже беріп отыр.
Ұлттық мереке қарсаңында Шу қаласындағы Қант зауыты мөлтек ауданындағы су жүйелері және су шығару мұнарасы пайдалануға берілді. Бұл осы маңдағы тұрғындардың көп­тен күткен тілегі еді.
Игі шараның ауданның 95 жылдық мерейтойымен де тұспа-тұс келіп отырғанын айта кеткен жөн. Тұрғындардың қуанышын бөлісе барған аудан әкімі Б.Жәнібеков ашылу салтанатына арнайы қатысып, қала тұрғындарының шаттығына ортақтасты. Сондай-ақ қала тұрғындары, ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар өздерінің алғыстарын жаудырып, ақ баталарын берді.
-Тұрғындардың өмір сүру сапасына әсер ететін бірден-бір нәрсе – ауыз су екені белгілі. Алайда, дәл осы мәселе мұндағы тұрғындар үшін көптен бері шешілмей келе жатқан түйткіл болатын. Енді міне, бұдан былай Қант зауыты мөлтек ауданының тұрғындары сапалы ауыз суды тұтынбақ. Ендігі кезекте қалалықтар орталықтандырылған ауыз су жүйесіне жаппай қосылуы тиіс. Бұл өз кезегінде ауылдықтардың сапалы ауыз су тұтынуына жол ашса, екіншіден жауапты мекеменің жұмысын жүйелі етуге сеп болады,-дейді Бақытжан Оразалыұлы.
Аудан басшысы ақжарма лебізінде Қант зауыты мөлтек ауданының тұрғындары бұл сәтті ұзақ күткенін тілге тиек етті. Себебі құрылыс жұмыстары белгілі себептермен кешеуілдеп қалған болатын. Сондықтан әкімдік пен мердігердің бірлесе күш салуымен қала тұрғындарының қалауы орындалып отыр деуге толық негіз бар.
Сонымен қатар Шу қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мелс Бейсембаев торқалы той қарсаңындағы қуанышқа кеңінен тоқталып, өз құттықтауын жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, биыл облыстағы елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтуға ел қазынасынан 15,4 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға 36 ауылдық елді мекен 9 тұрғын алқапқа жұмыстар жүргізіледі.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.