Ақпараттық портал

Баспана бақыты: жиырма отбасы үйлі болды

Баспана – адам өміріндегі ең маңызды құндылықтардың бірі. Әрбір отбасы үшін өз шаңырағының болуы – тұрақтылық пен сенімнің, ертеңгі күнге деген үміттің белгісі. Сондықтан тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту – елді мекендердің әлеуметтік дамуына серпін беретін маңызды бағыттардың бірі. Шу ауданында да бұл мәселені шешуге басымдық беріліп, кейінгі жылдары бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Оның нақты нәтижесін қоныс тойын тойлап жатқан жерлестеріміздің қуанышынан көруге болады. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында Шу қаласы мен Төле би, Алға және Қонаев ауылдарында тағы 20 отбасы жаңа баспананың кілтін алды. Осылайша, талай жанның көптен күткен арманы орындалып, жаңа өмірге қадам басуына мүмкіндік туды.
Салтанатты шараға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков пен зиялы қауым өкілдері қатысып, жаңа қоныс иелерін құттықтады. Аудан басшысы тұрғындарға ізгі тілегін білдіріп, баспана мәселесін шешу бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
– Тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін өзекті мәселелердің бірі – баспана. Сондықтан біз бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше басымдық беріп, ауқымды жобаларды қолға алдық. Басты мақсатымыз – әрбір отбасының тұрмыс сапасын жақсарту, балалардың алаңсыз білім алып, тәрбиеленуіне жағдай жасау және әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға қолдау көрсету. Бүгін осы жұмыстардың жалғасы ретінде тағы 20 отбасыға баспана кілтін табыстап отырмыз. Қоныстарыңыз құтты болсын! Шаңырақтарыңыздан шаттық пен береке арылмасын, – деді Бақытжан Жәнібеков.
Бұған дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген азаматтар үшін бұл күннің орны бөлек. Әсіресе, тұрмыстың ауыртпалығын көтеріп жүрген аналардың қуаныштан көздеріне жас алған сәттері көпшілікті толқытты. Жаңа баспанаға ие болған тұрғындар игі істің жүзеге асуына атсалысқан азаматтарға алғыстарын айтып, ақ тілектерін жеткізді.
«Өз үйім – өлең төсегім» дегендей, жаңа қоныстың кілтін қолдарына алған отбасылар енді өз шаңырағында алаңсыз ғұмыр кешуге мүмкіндік алды. Бұл – тек баспана беру ғана емес, отбасылардың ертеңге деген сенімін нығайтып, балалардың жайлы ортада өсуіне жол ашатын маңызды әлеуметтік қолдау.
Аудан бойынша соңғы үш жылда 300-ге жуық отбасы баспаналы болды. Бұл – тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстардың нақты нәтижесі. Әрбір жаңа үйде жаңа үміт, әрбір шаңырақта жаңа қуаныш бар. Ал баспана кезегінде тұрған азаматтар үшін бүгінгі игі бастама өз кезегінің де жақындай түсетініне деген сенім ұялатады. Ел игілігіне бағытталған мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға қызмет ете бермек.
Фариза Әубәкірова,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.