Ақпараттық портал

Жанарсыз да жарық әлем

Жыл сайын 13 қарашада Халықаралық зағиптар күні аталып өтеді. Атаулы күннің негізгі мақсаты – қоғам назарын көру қабілетінен айырылған және нашар көретін азаматтардың құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне, білім алуына және тең мүмкіндіктерге қол жеткізуіне аудару.
Бұл күннің 13 қарашада белгіленуі зағип жандарға арналған әлемдегі алғашқы мектептердің негізін қалаған француз педагогы Валентин Гаюидің туған күнімен байланысты. Ол 1745 жылдың 13 қарашасында дүниеге келген.

Осы атаулы датаға орай аудандық мәдениет үйінде арнайы кездесу ұйымдастырылды. Шараға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков қатысып, көру қабілеті нашар және мүлдем көрмейтін аудан тұрғындарымен жүздесті.
Кездесу барысында аудан басшысы жиналған қауымды атаулы күнмен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді. Өз сөзінде ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолдау көрсету мен олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталды.
– Адамның мүмкіндігі оның денсаулық жағдайымен ғана өлшенбейді. Өмірге деген құлшынысы, қайсарлығы мен табандылығы әрдайым құрметке лайық. Сіздердің қиындықтарға мойымай, қоғам өміріне белсене араласуларыңыз көпке үлгі. Мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ауданымызда да бұл мәселе назардан тыс қалмайды. Бүгінгі кездесудің мақсаты – сіздермен жүздесіп, ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдау, көкейде жүрген мәселелеріңізге құлақ асу. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ Бақытжан Жәнібеков бірқатар азаматқа арнайы марапаттар табыстап, құрмет көрсетті.
Бұдан бөлек, кездесуге қатысушы-лар өздерін толғандырған жеке мәселелерін ортаға салып, аудан әкіміне сауалдарын қойды. Аудан басшысы көтерілген мәселелер бойынша тиісті жауаптар беріп, шешуді қажет ететін өтініштерді назарға алды.
Жиын соңында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары көпшілікке арнап әсем ән мен күмбірлеген күйден тұратын концерттік бағдарлама ұсынды. Ал аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан қатысушыларға мерекелік сый-сияпаттар табысталды.
Бөлім басшысының айтуынша, қазіргі таңда ауданда көру кабілеті нашар 120-ға жуық азамат бар.
(Өз тілшіміз).

Жауап қалдыру

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.