Ақпараттық портал

Тартысқа толы турнир

Азаматтың артында іздеушісі болса, оның есімі көз жұмса да ұмытылмайды. Көзі тірі болғанда Қосақов Арман Ахметжанұлы биыл 55 жасқа толар еді. Аз ғұмырын өнегелі істерге арнаған азамат ата-анасына аяулы перзент, ағайын-туысқа жанашыр, отбасына қамқор әке, достарына сыйлы жолдас бола білді.

Жуырда айтулы датаға орай, аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Арман Ахметжанұлын еске алуға арналған тастаяқтан турнир өтті. Дәстүрлі сипат алған жарысқа 20-ға жуық әуесқой бильярдшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев сөз сөйлеп, марқұмның азаматтық болмысы мен елге сіңірген еңбегіне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ марқұмның әкесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ардагер журналист, ақын Ахметжан Ақбұқаұлы, нағашы әпкесі Таслима Болатқұлова, қарындасы Алтынай және көзін көріп, қызметтес болған әріптесі Қасымхан Мәуленов жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.
– Арман балам тұла бойы тұңғышым болатын. Жасынан елгезек, еті тірі, алғыр азамат болып өсті. Қарындасы мен інісіне қамқорлық танытып, әрдайым жанынан табылатын. Оқу орнын тәмамдаған соң ел ісіне араласып, мемлекеттік қызметте еңбек етті. Қай қызметте жүрсе де, өзіне артылған сенімді ақтай білді.
Спортқа да ерекше әуес еді. Әсіресе, футболға қызығушылығы зор болатын. Футбол әлеміндегі әрбір жұлдыздың өмірбаяны мен жетістіктерін жатқа білетін. Кейін тастаяқ спортына ден қойып, түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінді. Баламның өмірден өткеніне бір-екі жыл болған соң осы турнирді ұйымдастыруды қолға алдық. Содан бері жыл сайын өткізіп, оның есімін ұлықтап келеміз. Бізге қолдау білдіріп жүрген барша азаматтарға алғысымыз шексіз. Қатысушыларға сәттілік тілеймін, мықтылар жеңіске жетсін, – деді әкесі Ахметжан Ақбұқаұлы.
Жылы естеліктер мен ақжарма тілектерден кейін Арман Ахметжанұлының рухына құран бағышталып, арнайы ас берілді. Одан әрі турнирдің шымылдығы түріліп, қатысушылар жасыл үстел басында шеберліктерін көрсетіп, жеңіс жолында өзара тартысты бәсекеге түсті. Бір тәулікке жуық уақытқа созылған жарыс қорытындысында үздіктер анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.
Нәтижесінде, аудандық орталық аурухананың жансақтау бөлімінің аға анестезисі Ағжан Исабек бірінші орынды иеленсе, жеке кәсіпкер Саят Қаймолда екінші орынға тұрақтады. Үшінші орын журналист Ерғали Қартайған мен жеке кәсіпкер Серік Тоқтағұлға бұйырды. Ал турнирдің «Үздік ойыншы» аталымы Тимур Пықыбаевқа табысталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қосақовтар әулеті тағайындаған қаржылай сыйлықтарға, сондай-ақ Жастар ресурстық орталығы мен Бұқаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыру орталығы ұсынған бағалы сыйлықтарға ие болды.
Қосақов Арман Ахметжанұлы 1971 жылы 11 қарашада дүниеге келген. Өкінішке қарай, 41 жасқа қараған шағында өмірден озды. Мемлекеттік қызмет саласында мол тәжірибе жинақтаған білікті маман 2006 жылы Жастар ресурстық орталығын қалыптастырып, оның алғашқы директоры қызметін атқарды. Елдің жастарына бағыт-бағдар беріп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан азаматтың еңбегі мен жарқын бейнесі әріптестері мен замандастарының жадында сақталды.
Артында асқар таудай ата-анасы, бауырлары, сүйікті жары мен үш ұлы қалды. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл турнир – жай ғана спорттық бәсеке емес, өмірден ерте озған азаматтың есімін ұлықтап, оның өнегелі жолын кейінгі ұрпаққа жеткізудің жарқын үлгісі. Уақыт өтсе де, жақсы адамның артында қалған ізі мен ел жүрегіндегі орны ешқашан өшпейді.
Б.ЖЕЛДЕН.

Жауап қалдыру

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.