Құрылыс жұмыстары қарқын алып келеді
Ауданның жаңа нысандарын жобалау, құрылысын ұйымдастыру, құрылыс жұмыстарының сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің негізгі міндетіне жататыны белгілі. Иә, құрылыс бөлімінің жұмысы кешенді және көпқырлы процесс. Жыл басынан бері бөлім тарапынан ауданның қас-келбетін ажарландыруға қандай жұмыстар атқарылды? Осы сұрақ төңірегінде біз аталған бөлімнің басшысы Серік Оразұлы Онланбековпен сұхбаттасқан едік…
– Серік Оразұлы, ауданның құрылыс саласы жылдан жылға қарқын алып келе жатқандығын көпшілік аңғаруда. Заманға сай жаңа нысандар көптеп бой көтеріп жатыр. Айтыңызшы, ауданда қандай жаңа нысандар пайдалануға берілді және қандай нысандардың құрылысы жүргізілуде? Келісімшарт жасалған мердігер компаниялар жұмысына да тоқталып өтсеңіз…
– Биылғы жылы ауылды елді мекендерде әлеуметтік маңызы зор нысандар құрылысы пайдалануға берілді. Соның бірі – Белбасар ауылында толығымен аяқталған 100 орындық мәдениет үйі нысаны. Құрылыс жұмысы толық аяқталып, ағымдағы жылдың 25 шілдесінде ел игілігіне пайдалануға берілген болатын. Бұл нысанның құрылыс жұмысымен мердігер «Ник-Тараз» ЖШС айналысып, жоба құны 345 094,0 теңгені құрады.
Сонымен қатар, үстіміздегі жылы төрт нысанның құрылыс жұмысына қаражат қарастырылып, оның ішінде екі нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда, құны 52 862,517 мың теңгені құрайтын Шу қаласындағы ат ипподромы нысаны бойынша «Тараз Даниял и К» ЖШС 2,5 ай ішінде құрылыс монтаж жұмыстарын жүргізіп, нысан тамыз айында пайдалануға берілді. Одан бөлек, Қонаев ауылында «беккери» шұңқыры бойынша іргетас шұңқыры қазылып, мамыр айында басталған жұмыс шілде айында толық аяқталып, пайдалануға берілді.
-Құрылысы аяқталмай қалған нысандар бар ма?
-Иә, бізде 2025-2026 жылға өтпелі құрылыс нысандары да бар. Оның бірі, Жаңа жол ауылында салынып жатқан спорт кешені. Нысан жұмысын атқаруға «Компания Сырым Блеке» ЖШС-мен наурыз айында келісімшарт жасалып, құны 401 721,4 мың теңгені құрады. Құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы жылдың мамыр айында басталды. Ағымдағы жылға қарастырылған 96 945,4 мың теңге қаражат толығымен игерілді. Қазіргі таңда нысанның іргетасы құйылып, қабырғасы қаланып, шатыры жабылды. Ғимаратқа электр желісі тартылып, орталықтандырылған сумен жабдықталды, территорияны қоршау жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, ішкі әрлеу жұмыстары 80 пайызға орындалды.
Сол секілді, Шоқпар ауылындағы спорт кешені нысаны бойынша да мердігермен наурыз айында келісімшарт жасалды. «ЦентрСнабСервис» ЖШС-мен жасалған келісімшарт құны 419 255,7 мың теңгеге шықты. Аталған ғимараттың құрылыс-монтаж жұмыстары да мамыр айында басталып, биылғы жылға қарастырылған 96 964,8 мың теңге қаражат толығымен игерілді. Игерілген қаржыға нысанның іргетасы құйылып, қабырғасы 80 пайызға қаланды. Электр, су және кәріз жүйелері де тартылды. Қазіргі таңда жұмыстың 30 пайызы орындалған.
Ауданда жеке инвестиция есебінен салынған және салынып жатқан үш нысан бар. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Халқына» қоғамдық қоры қаражаты есебінен Шу қаласы мен Бірлік ауылында салынған ангар типтегі спорт ғимараттары бүгінгі күні ел игілігі пайдасында. Одан бөлек 2024 жылы «Руханият-Шу» қоғамдық қоры қаражаты есебінен Көкқайнар ауылында күрес және бокс спортзалы құрылысы басталған. Мердігер «Севтепломаш» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, құны 203,342 млн теңгені құраған болатын.
2024 жылы жоспардағы қаржының 157 555,830 мың теңгесі игеріліп, 2025 жылға 45 786,436 мың теңге қаражат қарастырылды. Бүгінгі күні құрылыс-монтаж жұмыстары 55 пайызға орындалып, негізгі ғимараттың іргетасы құйылды, қабырғалар көтерілді, металл фермалар орнатылды, қазандық ғимаратының іргетасы мен қабырғалары тұрғызылды, монолитті бетоннан тұрғызылған кәріз салынды, аумағы қоршалып, қоршау жұмыстары аяқталды.
-Соңғы жылдары ауданда осал топтағы тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында баспана кілтін табыстау рәсімдері жиі орын алуда. Жалпы биылғы жылы бұл игі шара қаншалықты орындалды?
-2025 жылы аудан бойынша республикалық бюджеттен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 30 пәтерді сатып алуға 411,8 млн теңге қарастырылды және облигациялық қарыз есебінен қосымша 110 пәтерді сатып алуға 1 725,5 млн теңге қаржы бөлінбекші. Бұдан бөлек, 140 тұрғын үйге жергілікті бюджеттен қосымша 186 728,0 мың теңге қаржыландыру қарастырылған. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу порталы арқылы Шу қаласы мен Төле би ауылынан 27 баспана 370 591,0 мың теңгеге сатып алынды, әрқайсының орташа ауданы 64,3 шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар, портал арқылы 46 баспана сатып алу жарияланды. Қалған тұрғын үйлерді сатып алу жұмыстарын ағымдағы жылдың қараша-желтоқсан айларында жүзеге асыру жоспарлануда.
-Алдағы 2026 жылға қандай жоспарлар қойылып отыр?
-Алда келе жатқан жылы да ауданда қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде. Қазіргі таңда төрт cпорт нысаны бойынша ЖСҚ әзірленіп, сараптамаларының оң қорытындысы алынып, облыстық құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім берілді. Ол қай елді мекендерді қамтиды десеңіз, Шу қаласында, Көктөбе, Ақтөбе және Бірлік ауылдарында бой көтеретін спорттық-сауықтыру кешендері. Әлеуметтік маңызы зор нысандар қатарында мәдениет ғимараттары да бар. Келер жылы Жаңа жол, Далақайнар, Ақтөбе, Ақсу ауылдарында 100 орындық мәдениет үйлері тұрғызылатын болады. Одан бөлек, тұрғындар игілігі үшін Шу қаласындағы «Жетісу» тұрғын аумағында 80 пәтерлі №2 және №3 тұрғын үйлер құрылыстары жүргізіледі.
– «Қызыл сызық» нормаларын бұза отырып құрылысы жүргізілген нысандарға қандай шаралар қолданылуда?
– Заң талаптарын сақтау мақсатында аудандағы елді мекендердің бекітілген бас жоспар жобаларына сәйкес, «қызыл сызық» нормаларын бұзып, құрылысы жүргізілген нысандарға басқарма тарапынан жыл сайын мониторинг жұмыстары жүргізіліп отырады.
2025 жылы құрылыс салу шекарасы «қызыл сызық» нормасын бұзып және құрылысы заңсыз жүргізілген нысандарға қолданылатын шаралар туралы қадамдық іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2025 жылдың 18 наурызында жұмысшы топ зерделеу жұмыстарын жүргізіп, Шу қаласында 2 нысан анықталды. Олар Шу қаласы, Қ.Үсенов көшесі бойындағы сауда дүңгіршегі қызыл сызықтан 3 метрге және Шу қаласы, Қ.Сәтпаев көшесі бойында «Төрлет» сауда ғимаратының алдында орналасқан сауда нысаны 2 метрге ауытқыған. Бұдан бөлек, Шу қаласында жер теліміне қатысты құжаттары рәсімделмеген, рұқсат құжаттарын алмаған 4 нысан анықталды. Атап айтқанда, Қ.Сәтпаев көшесі бойындағы «Асия» сауда дүңгіршегі, Қ.Үсембаев көшесі бойындағы «Газдалған сусындар» сауда дүңгіршегі, Қ.Сәтпаев көшесі бойындағы сауда дүңгіршегі, С.Сейфуллин көшесіндегі «Мақсұт» ғимаратының алдындағы сауда дүңгіршегі.
Жоғарыда аталған нысан иелеріне жұмысшы топ тарапынан құжаттарды заңға сәйкес рәсімдеу немесе дүңгіршекті алып тастау туралы ескертпелер берілді. Сонымен қатар, аудан көлемінде бөлім тарапынан тұрақты зерделеу жұмыстары жүргізіліп, негізгі құжатсыз құрылыс ретінде танылған нысандар Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына өз құзіреті шегінде шара қолдану үшін жіберіліп отырады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.