Ақпараттық портал

Білім саласындағы жүйелі жұмыстар нәтижесін беруде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Білімді ұрпақ – ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттыратын басты күш. Сондықтан сапалы білім беру – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі» деп атап өткен болатын. Шынында да, білім саласын дамыту – елдің ертеңіне салынған инвестиция. Бүгінде мемлекет тарапынан білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, мектеп инфрақұрылымын жаңартуға, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруға және оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде. Заманауи мектептер салу, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, жаңа үлгідегі пәндік кабинеттермен жабдықтау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыру – осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нақты көрінісі.

Осы орайда, Шу ауданында білім саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, оқу жылының қорытындылары, мектептердің жөндеу жұмыстары мен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері жөнінде Шу аудандық білім бөлімінің басшысы Жазықбаев Жайдар Саттарқұлұлымен сұхбаттасқан едік.
– Жайдар Саттарқұлұлы, 2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасының көрсеткіші қандай?
– 2025-2026 оқу жылында ауданның 45 мектебінде оқушылар саны 20266 баланы құрайды. Оның ішінде сынып комплектісінің саны 1103 болса, 9 сыныпты – 2005, 11 сыныпты – 1234, кешкі мектепті 70 оқушы бітіріп отыр. 2025-2026 жылғы наурыз айында 1234 түлектің 886-і (71,8 пайыз) ҰБТ тапсырды, қаңтар айының орташа баллы 65 құрады, ал наурыз айында 886 оқушы тапсырып, орташа балл 69,4 құрап отыр. Шу ауданы бойынша 2025-2026 оқу жылында 1304 оқушы (1234 – күндізгі, 70 – кешкі мектептен) 11 сыныпты аяқтағалы тұр. Оның ішінде 45 түлек «Алтын белгі» белгісімен, 117 түлек үздік аттестатқа үміткер. Соңғы наурыз айының ҰБТ қорытындысы бойынша 45 алтын белгіге үміткерлердің 26-і 100 баллдан жоғары алған, ең жоғарғы 134 баллды С.Естемесов орта мектебінің оқушысы Жұмахан Аянат алып отыр.
– Біздің ауданда мектептерді ағымдағы күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Соған нақтырақ тоқталсаңыз.
– Білім саласының заман ағымына сай түрленуі заңдылық әрі қажеттілік. Сән-салтанаты келіскен, барлық жағдайы жасалған білім ошағында білім алу – әр оқушының арманы. Мәнді мәселеге мән беретін мемлекетіміз жаңа мектептер салуға, ескірген мектеп ғимараттарын жаңалауға айтарлықтай қаржы бөлуде.
Ауданымызда 3 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, Абай ауылындағы Абай атындағы орта мектебі, Мойынқұм ауылындағы Мойынқұм атындағы орта мектебі, Көкқайнар ауылындағы С.Естемесов атындағы орта мектебі. Аталған мектептерге күрделі жөндеу жүргізуге жауапты мердігер ұйым – «Айна-City» құрылыс компаниясы.
Жұмыс жүргізу барысы үнемі бақылауда, яғни құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалу барысы, мерзімдік кестеге сәйкестігі және туындаған мәселелер талқыланып, оларды шешу жолдары бойынша бірлескен шешімдер қабылдануда. Сонымен қатар, нысанда жүргізіліп жатқан ішкі әрлеу жұмыстары (қабырғаларды сылау), шатырды жөндеу және басқа да құрылыс процестері бақылауға алынып, жұмыстардың сапалы әрі талапқа сай орындалуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Сондай-ақ, Шоқпар ауылындағы М.Дулатұлы орта мектебіне, Төле би ауылындағы С.Шәкіров орта мектебіне, Еңбекші ауылындағы Еңбекші орта мектебіне қосымша спорт залы, акт зал және асхана құрылысы да қызу жүргізілуде. Бұған қоса, А.Байтұрсынұлы, Жібек жолы, Әл-Фараби, Төле би, №40, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, Ғ.Мұратбаев, Алға, Еңбекші, О.Жандосов мектептеріне «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жаңа модификацияланған кабинеттер (химия, биология, физика) берілуде.
– Шу аудандық білім бөлімі тарапынан балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жазғы демалысын ұйымдастыру және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ауданның барлық 46 мектебінде мобильдік топтар жұмыс істейді. Олардың құрамында прокуратура, полиция және білім саласының 80 өкілі бар. Шу аудандық полиция бөлімінің арнайы бұйрығымен 12 полиция қызметкері білім беру ұйымдарына бекітілген. Оқу жылы барысында полиция қызметкерлерімен бірлесіп 85 толеранттылық сабағы, 72 кездесу, 45 дөңгелек үстел отырысы және 28 семинар-тренинг өткізілді.
Барлық білім беру ұйымдарында «Жеке қауіпсіздік» сабақтары жүйелі түрде өткізілді. Сонымен қатар «Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам», «Буллингтен қорған», «Өмірге салауатты қадам», «Қоғамдық мүлікті қорға», «Ойынға салауатты көзқарас» тақырыптарындағы алдын алу іс-шараларымен 20 266 оқушы және 2 421 педагог қамтылды.
Шу ауданы бойынша тәуекел тобына жататын 2115 бала бақылауға алынып, олармен ведомствоаралық профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Аталған бағытта әлеуметтік педагог, педагог-психолог, сынып жетекші және басқа да жауапты мамандар тарапынан отбасыларға үй-үйді аралау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде балалардың өмір сүру жағдайы, тәрбиелену ортасы, қауіпсіздігі және бос уақытын ұйымдастыру мәселелері зерделеніп, әрбір тәуекел тобындағы балаға жеке сүйемелдеу жұмыстары ұйымдастырылды. Ата-аналарға бала қауіпсіздігі, құқықтық жауапкершілік және жазғы кезеңдегі бақылауды күшейту бойынша нақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі таңда аудандық полиция бөлімінің есебінде 13 оқушы, мектепішілік есепте 148 оқушы тұр. Аталған оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында олардың барлығы спорттық, шығармашылық, техникалық, тілдік, қоғамдық-гуманитарлық және патриоттық бағыттағы үйірмелермен қамтылған. Тұрмысы қолайсыз отбасыларында тәрбиеленіп жатқан балалар да қосымша білім беру ұйымдарының үйірмелерімен қамтылып, тұрақты бақылауда ұсталуда.
Жазғы кезеңде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ауданның 45 білім беру ұйымында және 4 қосымша білім беру мекемесінде мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагерьлері ұйымдастырылды. Жалпы 9130 оқушы жазғы сауықтыру, тәрбиелік және танымдық іс-шаралармен қамтылуда. Сонымен қатар 8-10 сыныптардың 902 оқушысы еңбек жасақтарына тартылып, мектептердің көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына қатысуда. Аудан бойынша жазғы лагерь жұмысы екі кезеңде ұйымдастырылуда. Бірінші кезең 1-14 маусым аралығын, екінші кезең 15-28 маусым аралығын қамтиды. Бірінші кезеңде мектеп жанындағы лагерьлерде 850 бала ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.
Балаларды қала сыртындағы сауықтыру лагерьлерімен қамту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде Жуалы ауданындағы «Берікқара» жазғы сауықтыру лагеріне 600 баланы жіберу жоспары қалыптастырылып, балаларды қабылдау жұмыстары мемлекеттік қызмет көрсету порталы арқылы толық рәсімделді. Қазіргі таңда жолдамалар беріліп, ұйымдастыру шаралары аяқталды. Балалардың бірінші легі 2026 жылғы 24 маусымда жазғы сауықтыру лагеріне баратын болады.
-Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айғаным АСҚАРБЕК.

Leave A Reply

Your email address will not be published.