Бала массажы – күтім емес, қажеттілік!
Баланың дүниеге келуі – бір әулет үшін ғана емес, тұтас қоғам үшін үлкен жауапкершілік. Қазіргі таңда балалар арасында түрлі диагноздардың жиілеуі массаж бен оңалту саласының маңызын арттыра түсті. Осы орайда біз Шу қаласында орналасқан «Альтаир» массаждық кабинеттің иесі, балалар массажы мен оңалту ісіне терең маманданған Ерсін Доғдырбайұлы Шалғымбаевпен тілдесіп, саладағы өзекті мәселелер, балалар денсаулығы және алдағы жоспарлар жайында әңгіме өрбіттік.
— Ерсін Доғдырбайұлы, қазіргі таңда шулық аналар сізді аудандағы мықты массаж маманы ретінде таниды. Жалпы массаждық кабинет қашан ашылды және балалар массажына мамандануыңызға не түрткі болды?
— Біздің массаж кабинеті 2024 жылы толыққанды түрде өз жұмысын бастады. Алайда бұл датаны мен тек ресми ашылған жыл деп қана қабылдаймын. Себебі орталықтың іргетасы одан әлдеқайда ертерек қаланды. Бұл – жылдар бойы жиналған тәжірибе, үздіксіз оқу, өз-өзіңмен күрес, кейде күмән, кейде үміт, кейде үлкен жауапкершілікпен келген шешімдердің нәтижесі. 2024 жыл мен үшін бір кезеңнің аяқталып, екінші бір үлкен, салмақты жолдың басталған жылы болды.
Ал бұл салаға келуіме ең басты себепкер ол өз балам. Әке ретінде баламның денсаулығында белгілі бір мәселелер туындағанда, мен де көп ата-ана сияқты қорқыныш пен алаңдауды бастан өткердім. Өз баламның бойындағы өзгерістерді, массаждан кейінгі оң нәтижені көрген сайын, «неге маған осы саланы терең үйренбеске, неге басқа аналарға көмектеспеске?» деген ой келді. Бір баланың тағдыры арқылы жүздеген баланың денсаулығына үлес қоса алатынымды сезіну мен үшін үлкен серпіліс болды. Яғни бұл салаға мені табыс емес, жанашырлық пен жауапкершілік алып келді. Сол себепті мен әр баланы өз баламдай қабылдаймын.
— Массаж жасау жұмысыңыз алғаш басталғанда қызметтің қандай түрлері көрсетілді? Бүгінгі таңда қандай қызмет түрлері қосылды?
— Алғашқы кезеңде қызмет түрі көп болған жоқ. Біз әдейі сан қуаламай, сапаға мән бердік. Негізгі бағыт ретінде профилактикалық және емдік массажды таңдадық, сонымен қатар гидротерапия қызметі болды. Бұл қызметтер баланың жалпы физикалық дамуын жақсартуға, бұлшық ет тонусын қалыпқа келтіруге, жүйке жүйесін тыныштандыруға бағытталды. Алғашқы келген балалардың әрқайсысы біз үшін тәжірибе мектебі болды дер едім. Себебі сол сәттерде әр баланың ағзасы, мінезі, реакциясы әртүрлі екенін терең түсіндік. Сол кезеңде ата-аналардың сенімін ақтау ең басты мақсатымыз болды. Уақыт өте келе бір баланың оң нәтижесі екінші ата-ананың сеніміне айналды. Осылайша аз қызметпен бастау арқылы, нәтижеге жұмыс жасаудың қаншалықты маңызды екенін дәлелдей алдық.
Бүгінде көрсетілетін қызмет түрлері айтарлықтай кеңейді және бұл даму үдерісі әлі де жалғасып келеді. Біздің басты мақсатымыз – әрбір пациентке, мейлі ол бала болсын, мейлі ересек адам болсын, оның нақты жағдайына сай, ең тиімді әрі қауіпсіз көмекті ұсыну. Сондықтан бізде тек бір бағыттағы массажбен шектелмей, кешенді әрі жүйелі қызметтер көрсетіледі. Қазіргі таңда балалар мен ересектерге арналған профилактикалық және емдік массаж барлық диагноз түрлеріне жасалады. Профилактикалық массаж, ең алдымен, аурудың алдын алуға бағытталған. Ол баланың дұрыс дамуына, бұлшық ет тонусының қалыпқа келуіне, қозғалыс үйлесімділігінің артуына көмектеседі. Ал емдік массаж нақты диагноздарға – гипертонус, гипотонус, дисплазия, сколиоз, майтабандық, ЦСА (ДЦП) және басқа да қозғалыс бұзылыстарына бағытталып, әр балаға немесе ересек адамға жеке бағдарлама бойынша жүргізіледі.
Сонымен қатар мануалдық терапия қызметі көрсетіледі. Бұл әдіс тірек-қимыл жүйесіндегі бұзылыстарды түзетуге, омыртқа мен буындардың қозғалысын қалпына келтіруге бағытталған. Мануалдық терапия әсіресе ересектерде жиі кездесетін арқа, мойын, бел ауруларында, сондай-ақ дұрыс отырмаудан немесе өмір салтынан пайда болған мәселелерде тиімді нәтиже береді.
Реабилитациялық массаж – біздегі қызметтің маңызды бағыттарының бірі. Бұл массаж түрі жарақаттан, операциядан немесе ауыр диагноздардан кейін ағзаны қалпына келтіруге бағытталған. Мұнда мақсат тек ауырсынуды азайту емес, адамның күнделікті қозғалыс қабілетін, өмір сапасын жақсарту болып табылады.
Сондай-ақ қытай нүктелі массажы кеңінен қолданылады. Бұл әдіс ағзадағы биологиялық белсенді нүктелерге әсер ету арқылы ішкі мүшелердің жұмысын жақсартып, жүйке жүйесін реттеуге көмектеседі. Ал алтын ине терапиясы (иглотерапия) – созылмалы ауырсынуларда, жүйке жүйесі бұзылыстарында, бұлшық еттің тырысуында жақсы нәтиже беретін әдістердің бірі. Парафин аппликациясы мен физиотерапиялық емдер де қолданылады. Бұл әдістер бұлшық етті босаңсытып, қан айналымын жақсартып, массаждың әсерін күшейтеді. Сонымен қатар банка қою әдісі де кешенді емнің бір бөлігі ретінде қолданылады, ол ағзадағы тоқырауды азайтып, иммундық жүйені ынталандыруға ықпал етеді.
— Бала массажды неше айынан бастап алуы қажет?
— Бала өмірге келген сәттен бастап оның денесі сыртқы ортамен бейімделу кезеңін бастан өткереді. Осы нәзік кезеңде, яғни өмірінің 2–3 аптасынан бастап, жеңіл массаж жасауға болады. Алғашқы массаждар сипау, алақан жылуын беру түрінде жүргізіледі. Жалпы профилактикалық массаж баланың 2, 3 және 9 айында ұсынылады. 2–3 айлық кезеңде массаж баланың бұлшық ет тонусын реттеп, қимыл-қозғалысқа деген қызығушылығын арттырады. Ал 9 айында жасалатын массаждың маңызы ерекше. Бұл кезеңде бала еңбектеуге, отыруға, тұруға талпынады. Сондықтан массаж арқылы омыртқа, аяқ-қол бұлшық еттері нығайтылады. Егер баланың денсаулығында қандай да бір ерекшеліктер байқалса, массаж міндетті түрде дәрігердің кеңесімен жүргізілгені дұрыс.
— Қазіргі таңда балаға массаж жасауды қажет ететін қиын диагноздарды айтып өтіңізші…
— Массаж саласында барлық диагноз бірдей емес, олардың әрқайсысының өз қиындығы, өзіне тән ерекшелігі бар. Дегенмен тәжірибе барысында ең күрделі әрі ең көп жауапкершілікті талап ететін массаж түрлері ретінде ДЦП, сколиоз, гипотонус (әсіресе 1 жастан асқан балаларда), плосковальгус, сондай-ақ О және Х тәріздес аяқ қисаюларын атап өтуге болады. Бұл диагноздармен жұмыс істеу тек физикалық күшті емес, үлкен білімді, тәжірибені, шыдамдылықты және ата-анамен тығыз байланысты қажет етеді.
Мысалы, ЦСА (ДЦП) диагнозы бар балалармен жұмыс – ең күрделі бағыттардың бірі. Себебі бұл жағдайда баланың бұлшық ет тонусы біркелкі болмайды: кейбір бұлшық еттер шамадан тыс тартылған, ал кейбірі әлсіз болады. Мұндай кезде массаж өте дәлдікпен, арнайы әдістермен жасалады. Бір қате қозғалыс немесе шамадан тыс күш баланың жағдайын нашарлатып жіберуі мүмкін. Сондықтан ЦСА (ДЦП) кезінде массаж тек бұлшық етпен емес, баланың жүйке жүйесімен жұмыс деп айтуға болады.
Сколиозбен жұмыс та ерекше жауапкершілікті талап етеді. Омыртқа жотасының қисаюы – бүкіл ағзаның тепе-теңдігін бұзатын күрделі мәселе. Сколиоз кезінде массаж тек арқаға жасалып қоймайды, ол бүкіл дененің бұлшық еттерін теңестіруге бағытталады. Бір жақ бұлшық еттерін босаңсытып, екінші жақты күшейту қажет болады. Бұл – ұзақ уақытты, бірнеше курсқа созылатын жүйелі жұмыс. Сонымен қатар гипотонус, әсіресе 1 жастан асқан балаларда, бөлек назарды қажет етеді. Бұл жағдайда баланың бұлшық еттері әлсіз, қозғалысы баяу, кейде өз жасына сай қимылдарды жасай алмайды. Мұндай балалармен жұмыс жасағанда массаж белсенді, ынталандырушы бағытта жүргізіледі. Нәтиже бірден көрінбеуі мүмкін, бірақ уақыт өте келе баланың қозғалысы, бұлшық ет күші біртіндеп арта бастайды.
Плосковальгус, сондай-ақ О және Х тәріздес аяқ қисаюлары да күрделі диагноздардың қатарына жатады. Бұл жағдайда тек аяққа массаж жасау жеткіліксіз. Бүкіл дененің тірек-қимыл жүйесімен, жамбас, тізе, табан бұлшық еттерімен кешенді жұмыс жүргізіледі. Сонымен қатар ата-ананың үй жағдайында орындауы тиіс жаттығулары мен ұсыныстары өте маңызды. Егер массаж маманымен жасалған жұмыс үйде жалғасын таппаса, нәтиже баяулайды.
— Ең ауыр кездескен пациенттер және олардың нәтижесі қандай болды?
— Ең ауыр кездескен жағдайлардың бірі – бет салдануы, яғни «лицевой неврит» диагнозы бар пациент болды. Бұл кезде адамның бет бұлшық еттері қозғалысын жоғалтып, сөйлеу, тамақ ішу, мимика жасау қиынға соғады. Алғаш келгенде пациенттің психологиялық жағдайы да өте ауыр еді. Ұзақ әрі жүйелі массаж, нүктелі терапия және кешенді ем нәтижесінде бет бұлшық еттері біртіндеп қозғала бастады. Тағы бір күрделі жағдай – иық плекситі (плечевой плексит) диагнозымен келген пациенттер. Бұл диагнозда қолдың қозғалысы шектеліп, кейде мүлде көтерілмей қалады. Сонымен қатар коксаартроз, бел аймағының грыжасы және ауыр сколиозбен келген ересек пациенттер де болды. Кейбірі ұзақ жылдар бойы ауырсынумен өмір сүріп, қозғалысы шектеліп келген. Алғашқы сеанстарда ауырсыну басылып, кейінгі курстарда қозғалыс еркіндігі арта бастады. Әрине, мұндай диагноздарда толық жазылу бірден болмайды.
Балалар арасындағы ең ауыр жағдайлардың бірі – церебралды сал ауруы (ДЦП) және ауыр сколиоз диагноздары болды. Ұзақ уақыттық, кезең-кезеңімен жасалған массаж, реабилитациялық жұмыстар арқылы кейбір балаларда бұрын мүмкін болмаған қозғалыстар пайда болды. Бұл – ата-ана үшін де, маман үшін де сөзбен айтып жеткізу қиын бақыт. Аталған барлық ауыр жағдайларда оң нәтижеге қол жеткіздік. Әрине, бұл тек менің еңбегім емес. Бұл – ата-ананың сенімі, үздіксіз еңбегі, баланың күресі және Алланың қалауы.
— Массаж жасауға болмайтын жағдайлар да кездеседі екен. Осы жөнінде тоқталып өтіңізші…
— Массаж – ағзаға үлкен пайда әкелетін емдік әрі профилактикалық әдіс болғанымен, оны кез келген жағдайда жасай беруге болмайды. Керісінше, кейбір жағдайларда массаж уақытша немесе мүлде қарсы көрсетілім болып саналады. Бұл – әсіресе балаларға қатысты өте маңызды мәселе. Себебі баланың ағзасы нәзік, иммундық жүйесі әлі толық қалыптаспаған, сондықтан кез келген сыртқы әсерге сезімтал келеді. Сол себепті массаж жасамас бұрын баланың немесе ересек адамның жалпы жағдайын мұқият бағалау қажет. Ең алдымен, дене қызуы көтерілген кезде массаж жасауға қатаң түрде болмайды. Қызу – ағзада қабыну немесе инфекциялық процесс жүріп жатқанын білдіреді. Мұндай кезде массаж қан айналымын күшейтіп, ауруды одан әрі асқындырып жіберуі мүмкін. Сондықтан баланың қызуы түскенше, толық сауығып шыққанша күту керек. Екінші маңызды қарсы көрсетілім – тері аурулары мен денедегі бөртпелер. Егер баланың немесе ересектің терісінде бөртпе, іріңді жара, қызару, аллергиялық реакциялар, дерматит немесе инфекциялық зақымдар болса, массаж жасау тері арқылы инфекцияның таралуына әкелуі мүмкін. Бұл жағдайда алдымен тері толық қалпына келуі қажет. Үшіншіден, қатты ауырсыну кезінде массаж жасау ұсынылмайды. Егер бала белгілі бір аймақты ұстағанда қатты ауырсынса, жыласа немесе мазасызданса, бұл ағзада ішкі қабыну, жарақат немесе асқыну бар екенін білдіруі мүмкін. Балаларда вакцинациядан кейінгі алғашқы күндері де массажды кейінге қалдырған жөн. Бұл кезеңде баланың иммундық жүйесі вакцинаға жауап беріп жатады, сондықтан ағзаны қосымша жүктемеу маңызды.
— Массаж жасатуға ойланып жүрген аналарға қандай кеңес берер едіңіз?
— Массаж – тек ем емес, бұл алдын алу. Бала ауырмасын деп емес, ауырмай тұрғанда жасалатын үлкен көмек. Ерте жастан алынған массаж баланың бұлшық ет жүйесін қалыпқа келтіріп қана қоймайды, оның жүйке жүйесін, қан айналымын, жалпы қозғалыс координациясын жақсартады. Массаж алған бала көбіне тыныш, ұйқысы жақсы, тәбеті ашық, қозғалысы еркін болады. Аналар көбіне массаждан қорқады немесе «балаға ауыр болмай ма?» деп уайымдайды. Дұрыс әрі кәсіби жасалған массаж балаға ешқашан зиян келтірмейді. Тағы бір маңызды жайт массажды кешіктірмеу. Мысалы, гипертонус, гипотонус, қисық мойын, майтабандық сияқты мәселелер алғашқы айларда оңай түзетіледі. Ал уақыт өте келе бұл диагноздар асқынып, баланың жүріп-тұруына, отыруына, тіпті психоэмоционалдық дамуына да әсер етуі мүмкін. Сол үшін «күтіп көрейік» деген шешім кейде ең үлкен қателікке айналады. Сондай-ақ аналарға айтарым – массаж курсын бастап алып, ортасында тастап кетпеңіздер. Нәтиже бір-екі сеанстан кейін бірден көрінбеуі мүмкін. Массаж – жүйелі жұмысты, тұрақтылықты талап етеді. Сондықтан балаға да, анаға да сабыр керек.
— Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…
— Жалпы адам баласының ойы әрдайым алда, арман мен мақсат та соған жетелейді ғой. Мен де жоспарсыз жүрген жан емеспін, бәрін біртіндеп, ойланып, ниетпен жасап келемін. Алдағы уақытта өз жеке орталығымды ашу ойымда бар. Бұл – көптен бері көкейімде жүрген арманның бірі. Алдағы жоспарларымда білімімді жетілдіру, тәжірибемді арттыру, халыққа пайдалы болар тың әдістерді енгізу де бар. Ең бастысы – адал ниетпен, сабырмен еңбек етіп, адамдардың алғысын алу. Соған жетсем, мақсатым орындалды деп есептеймін.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.