Ақпараттық портал

«Бір сәттік салғырттық – орны толмас өкініш»

Қауіпсіздік көзге көрінбейтін, бірақ әрбір адамның өмірімен тығыз байланысты ең маңызды құндылықтардың бірі. Күнделікті тіршіліктің қарбаласында біз оның қадірін кейде ұмытып жатамыз. Алайда, төтенше жағдайлар орын алған сәтте ғана қауіпсіздіктің шынайы бағасы айқын сезіледі. Өрттің тұтануы, судың тасуы немесе көзге көрінбейтін улы газ, мұның барлығы адам өміріне тікелей қауіп төндіретін жайттар. Осындай сын сәттерде жауапты сала мамандарының кәсібилігі мен алдын алу жұмыстарының жүйелілігі шешуші рөл атқарады. Аудандағы бұл бағыттағы жұмыстар бір сәтке де толастаған емес. Бұл сұхбатта біз өткен жылы өңірде төтенше жағдайлар бөлімі тарапынан атқарылған жұмыстар бойынша аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Мұрат Арыстанбекұлы Абдыкалыковпен бірқатар маңызды жайттарды қозғадық.

– Мұрат Арыстанбекұлы, жалпы аудандағы өрт оқиғаларының көбеюіне не себеп болып отыр және бұл жағдай қауіпсіздік ахуалына қалай әсер етуде?
– 2025 жылы ауданда 96 өрт оқиғасының тіркелуі, яғни алдыңғы жылмен салыстырғанда 16 пайызға артуы бізге ой салатын жағдай. Бұл өсімнің негізгі себептері ретінде тұрғындардың өрт қауіпсіздігі талаптарына салғырт қарауы, электр желілерін дұрыс пайдаланбау, жылыту пештерінің ақаулығы мен бақылаусыз қалуы сынды факторларды атап өтуге болады. Өрт – тосыннан келетін апат екені белгілі. Бір сәттік салғырттық – орны толмас өкінішке алып келуі мүмкін. Өткен жылы өрт салдарынан екі адам қаза тауып, бір адам күйік жарақатын алды. Мұндай жағдайлар жалпы ауданның қауіпсіздік ахуалына тікелей әсер етеді.
– Өрттің алдын алу бағытында қандай профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Жалпы алдын алу жұмыстары төтенше жағдайлардың санын азайтудың ең тиімді жолы. Осы бағытта ауданда жүйелі әрі ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының көлемі жыл сайын артып келеді. 2025 жылы жергілікті баспасөзде 56 мақала жарияланып, радиотораптар арқылы 43 рет хабар таратылды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде 68 материал жарияланып, заманауи ақпараттық алаңдар арқылы халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Дегенмен, ең маңыздысы – тікелей халықпен байланыс. Осы бағытта 3000-нан астам тұрғын үйді аралап, 5300-ге жуық адамға түсіндіру жұмысы жүргізілді. Жылыту маусымында орын алатын қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен 278 улы газды анықтайтын құрылғы сатып алынып, әлеуметтік осал топтағы отбасыларға орнатылуда.
– Өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылау барысында анықталған заң бұзушылықтарға қандай шаралар қолданылуда?
– 2025 жылы жүргізілген 66 өрт-техникалық тексеру жұмысының нәтижесінде 731 заң бұзушылық анықталды. Соның ішінде 63 нысанда жедел ден қою шаралары қабылданды. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында 211 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, жоспардан тыс техникалық тексеру жұмыстары кезінде анықталған кемшіліктер аудандық сотқа жолданып, сот шешімімен 8 мекемеге айыппұл салынды. Бұл көрсеткіштің өткен жылмен салыстырғанда артуы, бір жағынан, бақылаудың күшейгенін білдірсе, екінші жағынан, талаптарды сақтамау фактілерінің әлі де бар екенін көрсетеді.
– Су айдындарындағы қайғылы оқиғалардың алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқарылуда және су тасқыны қаупі бар учаскелер бойынша жағдайды баяндап берсеңіз?
– Су – тіршіліктің бастауы болғанымен, бейқамдық танытқан жан үшін аса қауіпті орта. 2025 жылы су айдындарында 2 адамның, оның ішінде бір кәмелетке толмаған баланың суға батып кету жағдайы орын алған болатын. Әрине, бұл қауіпсіздік талаптарын елемеудің, қарапайым сақтық шараларын сақтамаудың салдары. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында өңірде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Шомылу маусымы кезінде 128 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, су айдындарының қауіпті учаскелері тұрақты бақылауға алынды. Тасөткел су қоймасы мен Андаспай жағажайында тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылып, Төтенше жағдайлар бөлімі, Шу қаласы «Жедел құтқару жасағы» және полиция қызметкерлері тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін үздіксіз қызмет атқарды. Бүгінде бұл жұмыстар тоқтаған жоқ. Әсіресе демалыс күндері балықшылар мен демалушылар арасында түсіндіру жұмыстары қарқын алған. Рейд барысында заң талаптарын бұзған азаматтарға қатысты шаралар да қабылданды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-бабы бойынша 95 азаматқа айыппұл салынып, 364-бап бойынша 16 адамға ескерту берілді. Сонымен қатар, 412-бап бойынша 2 азаматқа айыппұл салынды.
Аудандағы көктемгі кезеңде су басу қаупі бар 4 елді мекен есепке алынған. Олар: Ақсу, Оразалы батыр, Жаңажол және Белбасар ауылдары. Аталған елді мекендер ерекше бақылауды қажет ететін аумақтар. Аудан аумағындағы 7 гидротехникалық құрылымның жағдайы да жіті назарда. Сонымен қатар, Тасөткел су қоймасының жағдайы күнделікті бақылауда.
– Төтенше жағдайлардың алдын алу мен оған дайындықты арттыру мақсатында қандай оқу-жаттығулар өткізілді?
– Төтенше жағдайлармен күрес тек оқиға орын алған сәтте басталмайды. Оның негізі алдын ала дайындықта, үйлесімді әрекетте, нақты жоспар мен тәжірибеде жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, өткізілетін оқу-жаттығулардың маңызы өте зор. 2025 жылы су тасқыны, өрт қаупі және шомылу маусымын апатсыз өткізу мақсатында аудан аумағында «Шу ауданының басқару органдары мен азаматтық қорғау қызметтерімен кешенді оқу жаттығу», «Су тасқыны», «Көктем-2025», «Жер-2025», «Қыс-2025» секілді республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулар өткізіліп, төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету тетіктері пысықталды.
– Тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру үшін қандай кешенді шаралар қолға алынуы тиіс?
– Ең алдымен, жылыту маусымында орын алатын өрт пен улы газдан улану оқиғаларының алдын алу үшін арнайы датчиктерді жеткілікті көлемде сатып алып, тұрғын үйлерге орнату қажет. Сонымен қатар, қала мен ауылдық округтердегі арық-канал жүйелерін тазалау жұмыстары да назардан тыс қалмауы тиіс. Уақытылы тазартылмаған су арналары көктемгі су тасқыны кезінде үлкен қауіпке айналуы мүмкін. Халықты құлақтандыру жүйесі де ерекше назарды қажет етеді. Елді мекендерді кезең-кезеңімен толық қамту үшін жыл сайын қаржы қарастыру – уақыт талабы.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің бекітуімен 2026 жылға арналған жоспарға сәйкес елді мекендерде өрт сөндіру пункттерін құру және қайта жаңғырту бағытында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінде ауданда ауылдық елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Шоқпар, Қорағаты, Көкқайнар және Балуан Шолақ ауылдық округтерінде өрт сөндіру пункттері ашылып, өз жұмысын жүргізіп келеді. Аталған бастама мұнымен шектелмейді. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында биыл тағы үш ауылдық округте – Бірлікүстем, Қонаев және Тасөткел елді мекендерінде жаңа өрт сөндіру пункттерін ашу жоспарланған. Қазіргі таңда бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алынып, қажетті жер телімдері анықталған.
Қазіргі таңда барлық қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп, тиісті шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асуда.
-Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.