Тасқа тіл бітірген талант
Адам баласына табиғаттың сыйлайтын қабілеті әрқилы. Біреу сөзден өрнек өрсе, енді бірі саздан сыр төгеді. Ал кейбір жанға Жаратқан бірнеше өнердің тізгінін қатар ұстатады. Суретші, мүсінші, карикатурашы әрі ұстаз Қали Қораласбаев – сондай сан қырлы талант иесі. Оның өнердегі ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалған емес. Төл мәдениетімізді түлетуге талмай тынымсыз еңбек етіп жүрген дарынды жанның өңіріне «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінен бастап бірнеше төсбелгі, мерекелік медальдар қадалған. Ол республикалық өнер байқауларында топ жарып, туған жердің табиғи тасынан жасаған туындыларымен алға озып жүрсе, шәкірттері де сырлы бояуды үйлесімді қолдана жүріп жетістіктерге жетуде. Қали Ерғазыұлының Тараз, Алматы, Астана төрінде өтіп жүрген шығармашылық көрмелері, еліміздің іргелі музейлерінің қорынан орын алып жүрген жекелеген туындылары талант иесінің ғана емес, түлеген туған жерінің де абыройын асқақтатып келеді.
Ал күні кеше осы марапаттардың қатарына Қали Ерғазыұлы үшін салмағы бөлек тағы бір төсбелгі қосылды. Көп жылдар бойы ауыл балаларына «Сурет және мүсін» үйірмесінде тәлім беріп, талай талапты жастың өнердегі жолын ашқан ұстаз Астана қаласында өткен республикалық Тамыз кеңесіне арнайы шақырылып, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің қолынан «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісін алды. Бұл жолғы марапат қылқалам ұстаған суретшіге немесе тас қашаған мүсіншіге ғана емес, бар білгенін балаға үйретіп келе жатқан ұстазға көрсетілген құрмет еді.
Осы орайда туған жердің тасынан тарих сөйлеткен, қылқаламымен қоғамға ой салған, ал бар білгенін жас ұрпаққа үйретіп келе жатқан Қали Қораласбаевты әңгімеге тартқан едік.
– Қали Ерғазыұлы, сізді көпшілік суретші, мүсінші, карикатурашы ретінде таниды. Жуырда ғана «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісін Оқу-ағарту министрінің қолынан алдыңыз. Өнер мен ұстаздықты қатар алып келе жатқан азамат ретінде бұл марапатты қалай қабылдадыңыз?
– Әр марапаттың орны бөлек. «Мәдениет саласының үздігі» атанған кезімде де ерекше қуандым. Өйткені өмірімнің үлкен бөлігі өнермен байланысты. Ал «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісінің мен үшін мәні басқа. Себебі бұл марапаттың артында қаншама жыл бойғы ұстаздық еңбек, балалармен өткізген уақыт, шәкірттердің жетістігі тұр.
Көп жылдан бері ауыл балаларымен жұмыс істеп, «Сурет және мүсін» үйірмесінде сабақ беріп келемін. Баланың бойында талант болса, оны бірден байқауға болады. Бірақ таланттың болуы аз, оны жоғалтып алмай, жетілдіру қажет. Кейде бір баланың салған қарапайым суретінің өзінен үлкен қабілетті аңғарасың. Сондай сәтте оған бағыт көрсету – ұстаздың міндеті.
Мен үшін шәкірттің жетістігінен үлкен марапат жоқ. Бүгінде шәкірттерімнің республикалық, халықаралық байқауларда жүлде алып жүргенін көргенде еңбегіңнің еш кетпегенін сезінесің. Сондықтан республикалық Тамыз кеңесіне арнайы шақырылып, Оқу-ағарту министрінің қолынан төсбелгі алуымды жеке өзімнің ғана емес, шәкірттеріммен бірге атқарған еңбектің бағасы деп қабылдадым.
Суретші тасқа немесе кенепке өз ізін қалдырады. Ал ұстаз баланың жүрегіне із қалдырады. Соңғысының жауапкершілігі әлдеқайда үлкен.
– Шығармаларыңызда туған жер тақырыбы ерекше орын алады. Тіпті мүсіндеріңізді Шу жерінің табиғи тасынан жасайсыз. «Киелі мекен» атты көрмеңіздің атауында да үлкен мән жатқандай. Жалпы, туған жер сіздің шығармашылығыңызға не берді?
– Меніңше, адам қанша жерге барса да, туған топырағынан ажырай алмайды. Әсіресе өнер адамы үшін туған жер – таусылмайтын тақырып.
Мен қасиетті Шу жерінде туып-өстім. Бұл – тарихы өте терең өлке. Қазақ хандығының алғашқы туы тігілген жер, Баласағұнның ізі қалған мекен. Әз Төле би бабамыздың кіндік қаны тамған, Бөлтірік шешен, Балуан Шолақ сынды тұлғалардың ізі қалған, Әбдімомын Желдібаевтай күйші мен Аяз Бетбаевтай ақынды дүниеге әкелген топырақ.
Сондықтан мен үшін туған жердің тасы да жай тас емес. Оның әрбір қатпарынан тарих іздеймін. Кейде далада жатқан тасты көрген кезде оның табиғи пішінінен адамның жүзін немесе тұтас бір бейнені байқап қаласың. Содан кейін ғана қашауға кірісемін. Тастың табиғи қалпын барынша сақтауға тырысамын. Өйткені табиғат оны сенен бұрын мыңдаған жыл бойы өңдеген.
Осы сезімнен «Абыз», «Батыр», «Дала қорғаны. Қолбасшы», «Қорқыттың зары», «Ұйқыдағы жауынгер», «Кісен ашқан», «Дала үні» сияқты дүниелер туды.
Ал, Әулиеата төрінен бастау алып, әсем қала Алматы төрінде ел-жұрт тамсана тамашалаған көрмемді «Киелі мекен» деп атауымның себебі де қарапайым. Адам үшін туған жерінің әр бұтасы, әр тасы киелі. Ата-бабаң жүрген, тарихың қалған топырақтан артық қандай киелі мекен болуы мүмкін?!
Алматыдағы Ұлттық орталық музейде өткен «Киелі мекен» көрмесіне 150-ге жуық еңбегімді қойдым. Майлы бояумен, акварельмен салынған суреттер, графика мен тас мүсіндер болды. Жұмыстардың дені кейінгі жылдары жасалғанымен, 1990 жылдардағы шығармаларымды да қостым. Өйткені көрермен суретшінің бір күнін емес, жүріп өткен жолын көрсе екен дедім.
Қазір табиғи тастан жасалған «Абыз» туындым Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде, «Ана – Жер Ана» мүсінім Ә.Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде, ал «Желтоқсан желі – 86» еңбегім Жамбыл облыстық музей қорында сақтаулы. Шығарманың халықтың рухани мұрасының бір бөлшегіне айналуы – суретші үшін үлкен бақыт.
Жуырда Астана қаласында өткен «Асқақ рухты Әулиеата» көрме-жәрмеңкесінде де «Дала қорғаны. Қолбасшы», «Көктем», «Батыр», «Дала үні», «Құрбылар», «Ой», «Қорқыттың зары», «Болашақ», «Кісен ашқан», «Ұйқыдағы жауынгер» секілді тас мүсіндерім мен қара ағаштан қашалған «Абыз», «Дала үндестігі» туындыларым қойылды. Туған жердің тасынан туған дүниенің елорда төрінде тұруының өзі мен үшін ерекше сезім.
– Биыл Желтоқсан оқиғасына 40 жыл толып отыр. Өзіңіз 1986 жылғы Желтоқсанға қатысқан азаматтың бірісіз. Өміріңіздегі сол бір тарихи кезең шығармашылығыңызға қаншалықты әсер етті?
– Желтоқсанды өмірімнен бөліп қарай алмаймын. Ол кезде жас едік. Бүгінгідей отырып алып оның тарихи маңызын таразылаған жоқпыз. Бірақ қазақ жастарының бойында намыс болды. Елге, жерге деген сезім болды. Арада қырық жыл өткен соң көп нәрсеге басқаша қарайсың. Сол күндердің қандай тарихи өзгерістердің бастауы болғанын енді тереңірек түсінеміз.
«Желтоқсан желі – 86» туындысының мен үшін орны бөлек болуы да содан. Өйткені ол – сырттан естіп, кітаптан оқып жасаған дүние емес. Өзім сезінген кезеңнің көркем бейнесі. Мен жалпы суретші қоғамнан тыс өмір сүрмеуі керек деп есептеймін. Сондықтан карикатураға да көп қалам тарттым. Қоғамдағы келеңсіз құбылысты көріп тұрып бейжай қалу қиын. Карикатура кейде бір мақала айта алмаған ойды бір суретпен жеткізеді. Бірақ оның мақсаты адамды келемеждеу емес, қоғамға ой салу болуы керек.
Бәлкім, менің өнерімдегі осы азаматтық сарынға Желтоқсанның да әсері болған шығар. Өйткені адам өмірінде көрген үлкен оқиғалар оның мінезінде де, шығармашылығында да із қалдырмай қоймайды.
Бүгінгі ұрпақ Желтоқсанды жай ғана тарихи дата ретінде қабылдамаса екен деймін. Тәуелсіздіктің қандай жолмен келгенін, сол жолда қаншама жастың тағдыры жатқанын білуі керек. Тарихты білу – өткенге қарау ғана емес, бүгінгі еркіндіктің қадірін түсіну.
– Алпыс жастың асқарына шығып, өнерде де, ұстаздықта да өз жолыңызды қалыптастырдыңыз. Жеке көрмелеріңіз өтіп, шығармаларыңыз музейлерге қойылды, республикалық байқауларда топ жардыңыз. Ендігі арманыңыз қандай?
– Өнер адамы «болдым, толдым» десе, сол күні тоқтайды деп ойлаймын. Әлі де жасайтын дүние көп. Ой да бар, жоспар да бар. Бірақ қазір мен үшін ең маңыздысы – шәкірт тәрбиелеу. Өзімнен кейін осы өнерді жалғайтын балалар болса деймін. Олардың барлығы кәсіби суретші болуы міндетті емес. Ең бастысы – туған жерін сүйетін, ұлттық өнерді бағалайтын, еліне адал қызмет ететін азамат болып қалыптасса екен.
Таразда өткен «Киелі мекен» көрмесі кезінде шығармашылық жинағым жарық көрді. Оған 8 кескіндеме, 53 акварель, 91 графика, 159 мүсін, 191 карикатурам енгізілді. Сол кітапты қолыма алған кезде өткен өмірімді парақтап отырғандай күй кештім. Әр жұмыстың артында бір кезең, бір ой, бір оқиға жатыр. Қай жерде жүрсем де туған жерімді айтып жүремін. Өйткені менің өнерімнің тамыры сонда.
Ал ендігі ең үлкен еңбегім жақсы шәкірт болса екен деймін. Сурет те қалады, мүсін де қалады. Бірақ ұстазының өнерін әрі қарай жалғастырған шәкірттен артық мұра жоқ шығар?!
–Әңгімеңізге рақмет! Шығарма-шылығыңызға толайым табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан Айғаным АСҚАРБЕК.