Ақпараттық портал

«Қазақстан-Еуроодақ» диалогтік жиыны өтті

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстандағы ағымдағы өзара іс-қимыл және іскерлік ахуалды одан әрі жақсарту мәселелері жөніндегі «Қазақстан-Еуроодақ» диалогтік платформасының 18-ші отырысы өтті. Жиынға ЕО елдері бизнес-қоғамдастығының өкілдері, дипломатиялық миссиялар және сауда-өнеркәсіп палаталарының басшылары қатысты.
Еуропалық Одақ – Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Биыл 9 айда Қазақстан мен ЕО арасындағы тауар айналымы $33,1 млрд-ты құрады. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында ЕО елдерінен Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны $4,2 млрд-қа жетті. Елімізде машина жасау, энергетика, агрохимия, фармацевтика, азық-түлік өнеркәсібі сияқты басқа да салаларда еуропалық капиталдың қатысуымен 4 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың арасында Alstom, Claas, Carlsberg, Polpharma және басқа да бірқатар компания бар.
Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанның еуропалық әріптестермен өзара іс-қимылды тереңдетуге мүдделі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында инвестициялық саясатты жетілдіруге ерекше көңіл бөлді. Біз экономикаға ұзақмерзімді инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау үшін жұмыс істеп жатырмыз. Еуропалық бизнесті Қазақстандағы қатысуын кеңейту үшін және өндірісті локализациялау мақсатында жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Осы жылдың 10 айында Қазақстанның негізгі капиталына салынған инвестиция 13,1 пайызға өсіп, 16 трлн теңгеге жетті.
Қазақстан Үкіметі инвесторлардың мүдделерін қорғауға, бизнеске қолдау көрсетуге кепілдік беретін құқықтық және институционалдық негіздерді жоспарлы түрде нығайтып келеді. Бизнеске арналған әкімшілік талаптарды жеңілдету шаралары аясында есеп беру түрлерінің жартысына жуығы жойылды. EgovBusiness веб-порталы және мобильді қосымша арқылы инвесторларға барлық мемлекеттік қызметтер мен қолдау шаралары «бір терезе» қағидаты бойынша ұсынылып отыр. Жалпы, мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн-форматқа ауыстырылған.
Жаңа Салық кодексінде инвесторлар үшін салықтық жеңілдіктер, кедендік баж салықтарынан босату, заттай гранттар беру және басқа да жеңілдіктер түріндегі икемді преференциялар сақталған.
Бизнеске инфрақұрылым бойынша қолдау арнайы экономикалық, индустриялық, шағын өнеркәсіптік аймақтарда дайын өндіріс алаңдарын ұсыну түрінде көрсетіледі.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға және инвестициялық байланыстарды жандандыруға жан-жақты ықпал етуге дайын екендерін жеткізді. Премьер-министр мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жиында айтылған мәселелер мен ұсынымдардың барлығын пысықтауды тапсырды.

ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.