Өзгермелі қоғамда өзгеріске бейім көшбасшылар қатары көбеюде
Көшпелі өмір салтын мансұқ еткен қазақ халқында “көш” қасиетті ұғым саналған. Тектілігінен болар, көштің сәніне, салтанатына айрықша мән берген. Ал, сол көштің басындағы адамды “көшбасшы” деп атаған. Көш басына кез келген адамды қоймаған, зады асыл, болмысы бөлек, қабілеті ерек, санасы сергек, тағылымы мол жанды сайлаған. Көш дегеніміз белгілі бағытқа қарай бет түзеген үлкен тобырдың сапары. Бүгінгі қоғамда дамуға бет түзеген, өзгермелі заманда жаңашылдықтан қалыспайтын ұлы көштің басында – білім саласы тұр десек, артық айтқандық болмас. Ол көшті бастайтын тұлға өгерістерге бейім, өзін барлық қырынан дамыта білген, санасы биік, ойы озық, отансүйгіш қалпы бар адал азамат деп айтар едім.
Ұлттық кодымыз тамырымызда бүлкілдеп жатқандықтан, өткен тарихқа терең бойлып, жаңа заманда діңгегімізден ажырамай, өзіміздің құндылықтарымызды заманауи тұрғыда жандандырып жатырмыз. Соның жарқын дәлелі, сан ғасырдан бізбен жасасып келе жатқан көш, көшбасшы сөзін мемлекеттік айналымға енгізіп, әр саланың дамуына көңіл бөлудеміз.
Сарабдал саясатты ұстанған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы – уақытша бастама емес, Қазақстанның болашағына бағытталған стратегиялық бағдар. Білім саласының алға жылжуына үлес қосып жүрген педагогтер мен басқарушылардың кәсіби әлеуетін арттыруға, жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруға, білім беруді жаңғыртуға жол ашып отырған берері мол жобаның нәтижесі де жоқ емес.
Халықаралық озық тәжірибеге негізделген, елімізде басқарушылардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» стратегиялық жобасы биыл 3 рет қатарынан жүзеге асырылуда. Президенттік жастар кадрлық резерві тәжірибесіне негізделген бұл жобаға қатысып, бес кезеңнен тұратын іріктеу процесінен, яғни тестілеу, оқыту, тағылымдама, қорытынды бағалау және сұхбаттан сүрінбей өткен көшбасшылардың қатарынан біздің ауданның 6 азаматтары бой көрсеткені мақтанарлық жағдай.
Жоба алғаш жүзеге асқан 2023 жылы басшы-көшбасшы біліктілік санатына ие болған 2 азамат бүгінгі күні ауданымыздағы қос білім беру ұйымының білікті басшылары. Олар, Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебінің директоры Татибеков Дархан Рахымбердіұлы мен А.С.Макаренко атындағы орта мектебінің директоры Тунгатаров Асхат Асанбекұлы. Ал, 2024 жылы “Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы” сертификатына қазіргі Жамбыл атындағы орта мектебінің директоры Диханбаева Индира Жақсығұлқызы ие болып, ең жоғарғы 13,5 бал жинақтап, өзінің мықтылығын сан қырынан дәлелдеді. Атап өту керек, 3 жас директор да жемісі мол жобаның арқасында білім беру ұйымдарындағы бірінші басшының бос лауазымына конкурстық рәсімдерден өтпей-ақ директорлық қызметке тағайындалды.
Шу ауданы бойынша осы жобаның 6 түлегі бар болса, биылғы жылы 3 көшбасшы, яғни Абай атындағы орта мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары Құралбаева Асел Нұрланқызы, М.Х.Дулати атындағы орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бұлантаева Айғаным Асқарқызы, Жиенбет негізгі мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары Толисбаева Гаухар Мырзабекқызы қолдарына сертификат алып, кадр резервіне енгізілді.
Бүгінгі мақаламызда пилоттық режимде жүзеге асып келе жатқан жобаның қыр-сырымен қанық болып, әр кезеңнің машақатын көріп, озық тәжірибенің мәйегін алған көшбасшыларымыздың ой-пікірлерін де бөліскенді жөн көрдік.
-2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен және сол кездегі Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың қолдауымен жастар кадрлық резервінің үлгісінде білім беру саласындағы өзгерістердің көшбасшыларын іріктеу және даярлау тетігі жүзеге асырыла бастады. Ол тұста бұл жоба көп адамға беймәлім болды. Ақпарат көздерінде қанатқақты жоба жайлы түрлі пікірлер айтылып жатты, біздің өзіміз де жете түсіне қоймадық. Сол 2023 жылдың қаңтар айында М.Әуезов атындағы орта мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметінде болдым. Бір күні оқу орынбасарларының ватсап мессенджеріндегі чатқа бір сілтеме келіп түсті. Сілтеме арқылы ел қатарлы тіркеліп алдық.
Бастапқы кезеңде бұл жобаға 8000-нан астам азамат қызығушылық танытып, тіркелген екен. Арнайы базаның іріктеуі арқылы осы азаматтың ішінен 5000-нан астам азамат іріктеліп, тестілеуге жіберілді. Қаңтар айында тіркелген біздер мамыр айының 14 күні тестілеуден өту үшін Тараз қаласындағы Назарбаев атындағы зияткерлік мектебіне бардық. Біздің ауданнан сол кездегі Әл Фараби атындағы орта мектебінің оқу орынбасары Асхат Асанбекұлы екеуміз бірге барған болатынбыз. Тест төрт бағытта, яғни математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, қаржылық сауаттылық және писхологиялық тұрғыда берілді. Тестке қатысқан 5000 мың адамның ішінен 500-ге жуығы іріктеліп, әр өңір бойынша курсқа жіберілді. Бізді Алматы қаласына жіберді. Курстың өзі де кезеңдермен өткізілді. Педагогикалық шеберлік орталығы (ПШО) базасында өткен курста Асубаев Берік Құттыбайұлы мен Бипажанова Айман Биахметқызы біздің тренерлеріміз болды.
Жоба барысында арнайы «Өзгеріс көшбасшылары: заманауи мектепті басқаруға жаңаша көзқарас» атты курс бағдарламасы әзірленді. Ол үш деңгей бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы базалық деңгейде көшбасшылықтың негіздері үйретіледі. Мұнда ХХІ ғасырдың білім беру трендтері, педагогтің көшбасшылық психологиясы, құндылыққа негізделген білім беру, мектепті өзгерістер жағдайында басқарудың алғашқы қадамдары секілді тың тақырыптар қамтылды. Ал ілгері деңгейде басқарушылық тәжірибе тереңдете оқытылса, кәсіби деңгей болашақ басшыға стратегиялық ойлау дағдыларын қалыптастыруға бағытталады. Бұл кезеңде ұйымды стратегиялық жоспарлау, қаржылық сауаттылық пен тәуекел-менеджмент, мектеп мәдениетін қалыптастыру және дамыту, тиімді коммуникация мен қоғаммен байланыс орнату оқытылады.
Бағдарламада теория мен тәжірибе үйлесіп, тыңдаушылар нақты кейстерді шешу арқылы көшбасшылықтың жаңа үлгісін игереді. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша бастапқыда тіркелген қатысушылардың әр деңгейде саны азая отырып, шын мықтылар іріктелді. Бұл – педагогтердің кәсіби әлеуетінің жоғары екенін дәлелдейтін айқын көрсеткіш. Біз үшін маңызды кезең – әңгімелесу болды. Мұнда білімі мен көшбасшылық қасиетін шыңдаған қатысушылар үшін облыстың ғана емес, еліміздің білім беру жүйесінің беделін арттыру міндеті тұрды. Барлық кезеңнен өтіп, жеңімпаз атанған қатысушыларға екі жылға жарамды сертификат беріледі. Содан соң мектептердегі директорлықтың бос лауазымына тағайындалуға мүмкіндік алады. Шынайы еңбек пен талаптың, табандылықтың арқасында осы жобаның үздіктері атанып, бүгінде мектеп директоры лауазымына тағайындалуға мүмкіндік алып отырғанымыз үлкен сенім мен мақтаныш сезімін ұялатады екен,-деді Дархан Рахымбердіұлы.
-Кадрлық резерв құру – әлемдік тәжірибеде кең қолданылатын тәсіл. Ол басқарушылық сабақтастықты қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар, кадр тапшылығын азайтады және стратегиялық міндеттерді орындайтын кәсіби мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Жобаның басты идеясы – заманауи мектепті басқаруда жаңа көзқарас қалыптастыру.
Қазіргі таңда білім беру ұйымдарының бәсекеге қабілетті болуы тек материалдық базаға немесе бағдарламаларға емес, ең алдымен, сол ұйымды басқаратын көшбасшыға байланысты. Жаңашыл ойы бар, команда құрып, өзгерістерді батыл жүзеге асыратын, заманауи технологияны меңгерген және ұстаздар мен оқушыларға сенім ұялата білетін басшы – мектеп табысының кепілі.
«Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» – еліміздің білім саласына жаңа серпін беретін ұлттық бастама. Бұл жоба ұстаз мәртебесін көтеріп қана қоймай, білім беру ұйымдарының беделін көтеруге, жаңа басқарушылық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Кез келген елдің болашағы – білімді ұрпақ қолында. Ал оларды тәрбиелеу – нағыз көшбасшы ұстаздардың мақсат-міндеті. Бұл жоба – ұстаздарға сенім білдірудің және жаңа мүмкіндіктерге жол ашудың айқын көрінісі. Білім берудегі өзгерістің қозғаушы күші – осы мың көшбасшы болмақ,-деді Индира Жақсығұлқызы.
Бұл бүгінгі күні жобаның арқасында білім беру ұйымының бірінші басшысы қызметіне тағайындалып, өзінің жинақтаған іс-тәжірибесін қызмет барысында пайдалануға бел шешкен жас директорлардың алған әсерінен туған пікір. Күні кеше ғана қолына сертификатын алып келген резервтегілер Асель Нұрланқызы, Айғаным Асқарқызы және Гаухар Мырзабекқызының да таяу арада бір білім беру ұйымына басшылық қызметке тағайындалып, жастық жігері мен білімін ел болашағына арнайтынына сеніміміз мол.
Халқымыз қай заманда болмасын игі істің бастауы ретінде жастарға зор үміт артып, келешектің кілтін жастардың қолына ұстатқан. Жастарға сенім артқан кешегі Алаш арысы Мағжан Жұмабаев та “арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты мен жастарға сенемін” деп жаңашылдық пен адалдықтың негізі – жастар екендігін дөп басып кеткен. Осы сөзді ұранға алатын, мақсаты мен арманы ел мүддесімен сабақтас әрі білім саласын өркендетуге құлаш сермеген көшбасшы жастарымыздың қатары арта берсін демекпіз!
Айғаным Асқарбек.