ҚАТТЫ ОТЫН ЖЕТКІЛІКТІ, ЖЫЛУ БЕРУ ТҰРАҚТЫ
Қыс мезгілі – коммуналдық сала үшін жылдағы ең жауапты кезеңдердің бірі. Қардың қалың түсуі, ауа температурасының күрт төмендеуі, боран мен көктайғақ – тұрғындардың күнделікті өміріне әсер етпей қоймайды. Жарты ай шамасында қыстың алғашқы айы басталатын болғандықтан «Төле би мамандандырылған көпсалалы кәсіпорны» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны қысқы маусымға дайындық жұмыстарын барынша күшейтіп, барлық бағыт бойынша ауқымды жұмыстар атқаруда.
Кәсіпорын мен жергілікті биліктің бірлескен жұмысының арқасында жолдарды қыс мезгіліне бейімдеу, білім беру мекемелерін жылыту қазандықтарымен қамтамасыз ету, техникаларды жөндеу сияқты маңызды іс-шаралар мерзімінен бұрын және сапалы орындалуда.
Қыс маусымының қытымырлығы жыл сайын өзінің қиындықтарын алып келетіні белгілі. Сол себепті алдын алу шараларының дер кезінде атқарылуы – тұрғындар қауіпсіздігі мен әлеуметтік нысандардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етудің маңызды бөлігі.
Кәсіпорын басшысы Асылжан Оразханұлы Жапсарбаевтың айтуынша, қысқа дайындық жол инфрақұрылымынан басталады. Қыста көліктің қозғалысына ең қауіпті кезеңдердің бірі — мұз қату және көктайғақ. Сол себепті қысқа қажетті материалдар, яғни 100 тонна техникалық тұз, 1200 тонна құм қоймаларда дайын тұр. Бұл көлем – алдағы бірнеше ай бойы жолдарға үздіксіз себуге, мұз қатқан учаскелерді тез арада өңдеуге жеткілікті деген болжам бар.
Сонымен қатар, қар тазалайтын арнайы техникалар мен құм-тұз қоспасын себетін механизмдердің барлығы толықтай жөндеуден өткізілген екен. Қажетті бөлшектер ауыстырылып, техниканың қозғалтқышы мен гидрожүйесі қайта тексеріліп, қысқы жұмыс режиміне сай бейімдеулі. Қазіргі уақытта жалпы техниканың барлығы толық дайын, кез келген ауа райы жағдайында бірден іске қосуға мүмкіндік бар.
Жылу беру маусымына дайындық барысында жергілікті билік биыл 39 миллион теңге көлемінде қаражат бөлген. Бұл қаржының әрбір теңгесі өңірдегі білім беру мекемелерінің жылу жүйесін нығайтуға бағытталып отыр. Атап айтқанда, 6 мектепке қатты отынмен жұмыс істейтін жаңа қазандықтар орнатылған, жылу жүйелерінің тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін айналым сорғылары, түтін тартқыш сорғылар, шарлы крандар, темір құбырлар және басқа да қажетті қосалқы бөлшектер сатып алынып, қондырылған.
Жаңадан орнатылған қазандықтар бұрынғы жабдықтармен салыстырғанда қуаты жоғары, энергияны үнемді пайдаланады, әрі техникалық қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкес келеді.
Кәсіпорынның мәліметінше, маусым басталмас бұрын барлық білім беру нысанындағы қазандықтар көмірмен толық қамтамасыз етілген. Қатты отынның көлемі маусым бойы үздіксіз жылу жеткізуге жеткілікті. Бүгінде жылу беру жүйесі қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Мектептер мен балабақшаларда қажетті температура сақталып, қазандықтардың жұмысы тәуліктік бақылауға алынған.
– Қыстың өз заңдылығы бар. Салқын күндер, боранды ауа райы, мұзды жолдар – бәрі де бізден алдын ала дайындықты талап етеді. Биыл біз жұмыстарды ерте бастап, әрбір бағыт бойынша нақты жоспар құрдық. Жолдарды күтіп ұстауға қажетті тұз бен құмның жеткілікті көлемін жинақтап, техниканы түгелдей жөндеп шықтық. Бұл – тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге арналған ең маңызды қадамдардың бірі. Сонымен қатар біз үшін басым бағыттардың бірі – әлеуметтік нысандардың үздіксіз жылумен қамтамасыз етілуі. Мектептер мен балабақшалардың қазандықтарын жаңарту бағытында үлкен жұмыс атқарылды. Бұл — жылу сапасын арттырып қана қоймай, алдағы жылдарға да сенімді инфрақұрылым қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда қазандықтардың барлығы көмірмен толық қамтылған, жылу беру жүйесінің жұмысы тұрақты әрі сенімді жүріп жатыр. Алдымызда әлі қыс айлары тұр, бірақ біз кез келген ауа райына дайынбыз. Тұрғындар мен балалардың қауіпсіздігі – әрқашан біздің жұмысымыздың басты өзегі болып қала береді, – дейді мекеме басшысы бізбен әңгімесінде.
Қыс мезгілі – сынақ. Бірақ оған тыңғылықты дайындалған сала үшін бұл қиындықтарды еңсеру – жауапты әрі қалыпты жұмыс. Жауапты мекеменің жүргізген кешенді шаралары – аудан тұрғындарының алаңсыз өмір сүруіне бағытталған маңызды қадамы.
Кәсіпорынның жүйелі жұмысы, басшылықтың нақты тапсырмалары және қызметкерлердің кәсіби даярлығы биылғы қыс маусымын қауіпсіз өткізуге мүмкіндік береді деуге негіз бар.
Балнұр Жексенбекқызы.