Ақпараттық портал

Олимпиада чемпионы – Шу ауданында

бақ дарып, береке ұялаған Балуан Шолақ бабамыздың атындағы ауылда балуандар бәсекесі байрағын желбіретті. Еңбек ардагері Әшімханов Рашид Құлдыбайұлын еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы дзюдо күресінен өткен республикалық ашық турнирге көршілес Қырғыз Республикасынан, Алматы облысы мен Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облысының әр аудандарынан 300-ге тарта спортшы қатысты.

«Рашид ата» спорт кешеніндегі түндігін түрген турнирге Париж олимпиадасының чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Елдос Бақтыбайұлы Сметов қатысып, татамиге тізілген ізбасарларына ізгі лебізін білдірді.
Күллі қазақтың үмітін ақтай білген 60 келі салмақтағы дзюдо шеберін аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков бастаған, ауыл қариялары мен жастары қоштаған қауым ауылдың кіреберісіндегі қақпадан күтіп алды.
Өзін баулыған бапкері Ғалымжан Жылкелдиевпен бірге келген балуан бауырсақтан ауыз тиіп, қазақтың ұлттық сусынын ұрттады. Одан соң ауыл қариялары алыстан ат терлетіп келген құрметті мейманына қош келдіңді айтты.
Ауылдың намысын қорғап жүрген көкпаршы жігіттер көк Туды көтеріп қошемет көрсетіп, қонақты спорт кешеніне дейін шығарып салды.
Артынша жарыстың ашылу салтанатына кезек беріліп, Олимпиада чемпионы Е.Сметов пен оның жеке бапкері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Ғалымжан Жылкелдиев, Балуан Шолақ ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Текебаев, жастар жанашыры А.Рашидұлы, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты М. Шалқарбеков, аудан басшысы Б.Жәнібеков жүрекжарды тілегін жеткізді.
-Бірліктің ұғымын ұқтырған Балуан Шолақ ауылын тұтас республика үлгілі ауыл ретінде таниды. Себебі ауылдан шыққан атпал азаматтар туған жерге деген сүйіспеншіліктерін ерекше екпінмен танытып келеді. Осы спорт кешенінің қазығын Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров атамыз қаққан болатын. Бүгін ауылға тағы бір олимпиада жеңімпазы келіп отыр. Қос бірдей чемпион қонақ болған ауыл көп емес. Бұл өскелең ұрпақтың бойына ұлттық намыс пен рух сыйлайтыны сөзсіз.
Бүгін Рашид ағамызды еске алуға арналған облыстық турнирге алыс-жақыннан, оның ішінде Қырғыз елінен спортшылар қатысуда. Қош келдіңіз айта отырып, баршаңызға сәттілік тілеймін! Мұрындық болған жандарға да алғыс айтамыз,-деді аудан басшысы өз кезегінде.
Сөз алған тұлғаның әрбірі жастарға жігер берерлік лебіз айтып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ ауқымды шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Үлгі тұтар тұлғасын жақыннан көрген ауыл жасөспірімдері мен жас спортшылар әйгілі чемпионнан қолтаңба алып, естелік суретке түсіп жатты. Аудандық мәдениет үйінің жезтаңдай әншісі Әділбол Мұратбек әуелете әнін шырқады.
Ізін басқан інілерін қолдап келген Елдос Сметов пен жеке бапкеріне риясыз ризашылық көрінісі ретінде аудан халқының атынан тақымдарына тұлпар тарту етілді. Қазақ дәстүріне сай иықтарына шапан жабылды. Ағайынның ықыласын Бақытжан Оразалыұлы мен Айтжан Рашидұлы көпшілік қошеметімен табыс еткенін айта кеткен жөн.
Содан соң қазақ мақтанышына айналған оғлан бірқатар бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, белдерін буып берді.
Салтанатты сәттерден кейін ауылдық «Қойайдар ата» мешітінің асханасында арнайы ас беріліп, ата-баба салтының сабақтастығы көрініс тапты.
Әртүрлі салмақ дәрежесі бойынша өткізілген жарыс күн ұзаққа созылды. Жүзден жүйрік атанып, жауырыны жерге тимеген өрендер арнайы кубоктар мен белбеулерге, сонымен қатар медальдарға ие болды. Қаржылай және бағалы сыйлықтар да үздіктерге табыс етілді.
Еске сала кетейік, еңбек ардагері болған Әшімханов Рашид елге елеулі азамат болған. Жұртына жұмылып қызмет етумен қатар ұлағатты ұрпақ тәрбиелеген әке еді. Мәселен, ұлы Айтжан ауыл жастарына спорт кешенін салып, бұқаралық спорт түрлерінен бөлек дзюдо, футболға жанашырлық етіп келеді. Әке атын ардақтай білген арда азаматқа алғыстан өзге айтарымыз жоқ.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.