«Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісін иеленді
Тұтқасын ұстап, табалдырығын аттаған жанның рухы оянып, ақылы толысып, көкірегі сайрап, көзі ашылатын орда, ол-кітапхана. Сонау хат танып, қалам ұстаған қат замандардан бүгінге дейін арқауы үзілмей, қоры молайып, сөрелері менмұндалап, талай жанның біліммен сусындауына сеп болған кітапханаға басын иіп, тағзым етпейтін халық жоқ шығар, сірә?! Бағзы замандардың жүгін арқалап, ғасырлардың аманатын тасада қалдырмай, сары майдай сақтап, қызғыштай қорып жеткізіп келе жатқан кітапханашылар да әрқашан құрмет төрінде.
Шу өңірінде орын тепкен, тоқсан жылдық тарихы бар кітапханамызда да сан мыңдаған оқырманға қызмет көрсеткен талай кітапханашыларымыздың да еңбегі ерен. Кітапхана ісі былай қараған адамға оңай болып көрінгенмен, оның өзінің машақаты жетерлік. Өзіне берілген істі жауапкершілікпен, ыждаһаттылықпен атқарып жүрген кітапханашылар қаншама?! Соның қатарында өмірінің 20 жылға жуық уақытын кітапхана ісіне арнап келе жатқан қалалық №2 кітапхананың кітапханашысы Буламбаева Нұрзат Әуесқызы.
Нұрзат Әуесқызы кітапханашылық қызметін 2007 жылы Жайсан ауылындағы кітапхананың кітапханашысы болудан бастаған. Сол ауылда табан аудармай 11 жылға жуық қызметін адал атқара білді. Елге жасаған қызмет қашанда елеусіз қалмайтыны анық. Сол тұста ауданның Алғыс және Құрмет грамоталарын иеленіп, қызметіне деген қызығушылығы еселене түсті. Дана Абай айтқандай, өзінің ісіне жанымен беріліп, “ақырын жүріп, анық басып” елдің алғысына бөленіп жүрген Нұрзат Буламбаеваның абыройы тағы бір мәрте артып, Қазақстан кітапханалар одағының шешімімен “Қазақстанның құрметті кітапханашысы” төсбелгісімен марапатталды. Жиырма жылға жуық кітапханаға арнаған тындырымды қызметтің лайықты бағасы осы болса керек. Жазушы Әбіш Кекілбаев «Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын» деген екен. Біздің жазарымызға арқау болып отырған кітапханашы Нұрзат Әуесқызы елге қалтқысыз қызмет етуімен, оқырман талғамайтындығымен, әрқашанда алдына келген оқырманды жылы шырайымен қарсы алып, сапалы қызмет көрсетуімен көптің көңілінен шығып отыр. Міне, осындай қызметкерлердің абыройын неге асырмасқа?!
Соңғы жылдары елдің кітап оқуға деген құштарлығын оятатын түрлі жобалар қолға алынып, игі іс жер-жерде жүзеге асып, кітапхана ісі анағұрлым жанданып, жаршылайтын жақсы жаңалықтарымыз көбеюде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан, дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды. Сондықтан біз жалпы кітапханалардың жүйесі мен жұмысын ұйымдастыруға жаңаша көзқараспен қарауымыз қажет. Бұл ретте осы саладағы заманауи үрдістерді ескергеніміз жөн” деп шегелеп айтты. Мемлекет басшысы сөзден іске көшетін азамат екендігін дәлелдеп, бірнеше жобаларды ұсынған еді, нәтижесі де көрінуде. Міне, осыған қарап-ақ кітапханашылардың мәртебесін көтеру ісін жолға қою қажеттігін аңғарамыз. Сөз соңында “Қазақстанның құрметті кітапханашысы” төсбелгісін иеленіп отырған Нұрзат Әуесқызына зейнет жасына дейін халық үшін қызмет жасап, кітапхананың қыр-сырын заманауи тұрғыда меңгеріп, елдің алғысына бөлене берсін деген тілегімізді жеткіземіз.
Айғаным Асқарбек.