Ақпараттық портал

«Таза Қазақстан» акциясы дәріптелді

Қазіргі сөздік қолданыста жүрген пікірсайыс, жарыссөз деген сөздердің негізгі қазығы сонау қат тарихымыздағы халық ауыз әдебиетімізде жатыр. Бір-ақ ауыз сөзбен бітімге келе білген дана халқымызда айтыс деген киелі өнер соның түпқазығы іспеттес. Бұл күндері пікірсайыс ойынының жандануына үлес қосу сонау ежелгі тарихымыздан келе жатқан сөз өнеріміздің жалғасындай. Пікірсайыс ойыны арқылы кез келген адам ізденеді, зерттейді, түйсінеді, сол арқылы сөздік қоры молайып, көптің алдында тосылмай тауып сөйлейді. Сөздің құдіреті болса керек, тауып айтқан адам жеңіске жетіп отырады. Бүгінгі күні ауданымызда пікірсайыс ойындарын ұйымдастыру жүйелі жолға қойылған. Күні кеше ғана аудандық білім бөлімінің жоспарына сәйкес әрі Лаззат Асанбаева басшылық ететін Балалар-жасөспірімдер өлкетану және туризм орталығының ұйымдастыруымен педагогтер арасында “Таза орта – салауатты ұрпақ кепілі” атты пікірсайыс турнирі өтті.

Жоғарыда аталған білім беру ұйымы экологиялық ахуалды тұрақтандыруға, қалдықтарды кәдеге жаратуға, қоршаған ортаның таза болуына үлес қосып, көгалдандыру шараларын жүзеге асыруда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы жөнінде айтқан сөзінде: «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы» деген болатын. Пікірсайыс турнирі арқылы педагогтерге экологиялық мәдениетті қалыптастырып, тазалықтың мәнін ұғынуға жол ашты.
Пікірсайыс турнирге 12 мектеп қатысып, алдын ала берілген «Бұл палата ChatGPT-дің пайдасынан қарағанда зияны көбірек деп есептейді», «Бұл палата қоқыс мәселесін шешу үшін жазалау емес, ынталандыру жүйесін күшейту керек деп есептейді», «Бұл палата буллингті тек жазамен емес, тәрбиемен жоюға болады деп есептейді», «Бұл палата балаға тек армандаған мамандықты таңдауға рұқсат береді», «Бұл палата екі жұмыс істейтін азаматтарды бір жұмысынан айыру керек деп есептейді» қарарлары бойынша үкімет және оппозиция тараптары тартысты ойын өткізді.
Аталған қарарлардың бүгінгі күні өзекті тақырыптар екендігі ақиқат. Қазіргі технология дамыған заманда ChatGPT-ге көп иек артатын педагогтер жоқ емес. Қашанда ақыл-ой еңбегі алдыңғы орында тұратынын түйсінген педагогтер алдағы уақытта арнайы бағдарламаны жақсы жағынан қолдану қажеттігін ұғынды. Сондай-ақ, қазіргі күні өзекті болып тұрған жасөспірімдердің арасындағы буллингті жоюға бағытталған тәрбие шаралары туралы ойларын ортаға салды. Қалған қарарлар бойынша да тартысты ойын өрнегін көрсеткен фракцияларға лайықты орындары беріліп, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Пікірсайыс турнирінің нәтижесі бойынша І орынды Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебінің педагогтерінен құралған фракция, ІІ орынды Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп гимназиясы, ІІІ орынды Міржақып Дулатұлы және Дінмұхамед Қонаев атындағы орта мектептері иеленді. Қалған мектептен келген фракцияларға «Үздік талпыныс» номинациялары берілді.
Тағылымды тарихымызға көз жүгіртер болсақ, ата-бабаларымыз ықылым заманнан-ақ “Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар” деген нақылды арқау етіп, шешендігімен топты жарып, білім қуған. Осы бір сөздің салмағы бүгінгі күні де бір мысқалға кеміген жоқ, керісінше артуда. Аузын айға білеген алпауыт елдер жаһандық бәсекелестік жолына түсіп, білім мен ғылымға айрықша көңіл бөліп жатқанда дамудың даңғыл жолына түскен біздің жас мемлекетіміз де қарап қалмасы анық. Бұл заман білекке емес, білімге сенетін заман. Содан болар, қазақстандық білім саласында оң өзгерістер орын алып, жаңашылдыққа бет түзеудеміз. Соңғы бірер жылдың өзінде білім жүйесінде түрлі бастамалар қолға алынып, тың идеялар жүзеге асуда. Соның бір арнасы болған дебат ойындарын жандандыра берсек, ешкімнен тайсалмайтын, әлемдік аренада ойын еркін жеткізе алатын, “елдестірмек елшіден” деген сөздің үдесінен шығатын жастарымыздың қарасы артары сөзсіз.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.