Ақпараттық портал

Шу өңірі – руханияттың тамыр жайған мекені

Адамның жан дүниесін тербетіп, рухани әлемін байытатын ең асыл қазыналардың бірі – мәдениет. Қай өңірдің болсын тыныс-тіршілігі осы рухани өрістің деңгейімен өлшенетіні белгілі. Күнделікті қарбалас тірліктен тыс, адамға бір сәт тыныштық сыйлайтын концерттер, өнер кештері, кітап көрмелері немесе дәстүрге құрылған думанды шаралар – бәрі де қоғамның рухани сұранысын қанағаттандыруға бағытталғаны анық. Ауданда мәдениет саласында қандай жаңалықтар орын алуда, елді мекендерде бұл бағыттағы тіршілік қалай жүзеге асуда деген сыңайдағы сауалдарымызға жауап алу үшін біз ауданымыздың рухани саласына жауапты мекеме – Мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне бас сұғып, аталған бөлімде басшы міндетін уақытша атқарып отырған Көпбаева Балжан Шәкірғалиқызымен сұхбаттасқан едік. Сұхбат барысында жемісті жұмыстар, бүгінгі жетістіктер және тіл саясатының өңірде жүзеге асу барысы туралы кеңінен әңгімелестік.

– Балжан Шәкірғалиқызы, алдымен бөлімнің басты міндеттері туралы айтып берсеңіз және аудандағы мәдениет саласында соңғы жылдары қандай оң өзгерістер орын алды деп айтар едіңіз…
– Біздің бөлімнің негізгі мақсаты – аудан тұрғындарының рухани қажеттілігін өтеу, ұлттық мәдениетті дәріптеу, тіл саясатын дұрыс әрі жүйелі жүзеге асыру. Қазіргі таңда мәдениет саласының қызметі тек концерт ұйымдастырумен шектелмейді. Бұл – кітапхана ісін дамыту, шығармашылық ұжымдарды қолдау, жас дарындарды тәрбиелеу, ауылдық мәдени ошақтардың жұмыстарын үйлестіру сынды кешенді міндеттерді қамтитын кең ауқымды жүйе.
Соңғы жылдары біз инфрақұрылымды жақсартуға, мәдениет нысандарын жаңғыртуға, жаңа форматтағы іс-шараларды енгізуге ерекше мән беріп келеміз. Мысалы, балалар мен жасөспірімдерге арналған өнер үйірмелерін көбейту, ауылдағы кітапханаларда электронды қор жүйесін молайту, мәдениет үйлерін заманауи жарық және дыбыс құралдарымен жабдықтау сынды жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асуда.
Шу ауданы – тек кең дала мен еңбеккер елдің ғана емес, руханияттың да терең тамыр жайған мекені. Бұл өлкеде бүгінде халыққа қызмет етіп тұрған жиырма мәдениет ошағы бар. Әрқайсысы – өнердің отын өшірмей, ел жүрегіне жылу сыйлап тұрған шығармашылық шаңырақ.
Биылғы жылдың тоғыз айында осы мәдени ошақтарда 521 мәдени шара өтіп, 59 мыңнан астам көрермен рухани сусындады. Мұндағы қойған мақсат – өнерді өрістету, рухты көтеру, ұрпақ санасына сәуле құю. Осы жолда ауданның үш бірдей мәдениет үйін жөндеуге бюджеттен 48 миллионнан астам теңге бөлініп, Шоқпар, Бірлікүстем және Көктөбе ауылдарының мәдениет үйлеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды.
Балалар мен жастарға арнайы ұйымдастырылатын шығармашылық байқауларға қатысушылар саны жыл сайын көбейіп келеді. Бұл – жас буынның өнерге деген қызығушылығының айқын көрсеткіші.
Жалпы оңды өзгерістер аз емес. Ең басты өзгеріс – халықтың мәдени шараларға деген қызығушылығы артып келеді. Бұл – дәлелді көрсеткіш. Өнер кештеріндегі, ұлттық дәстүрге негізделген шаралардағы көрермен санының айтарлықтай өсуі бізді қуантады. Бұл өз кезегінде мәдениет саласының жаңарып, заманауи форматқа бейімделіп келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар, өңіріміздегі шығармашылық ұжымдардың кәсіби деңгейін арттыру бағытында мәдени қызметкерлер республикалық байқауларда жүлделі орындар алып жүр. Бұл жетістіктер ұжымдардың еңбегі ғана емес, оларға жасалған жағдайдың да нәтижесі деп айтар едім.
– Атқарылған мәдени жұмыстар туралы толығырақ тарқатып берсеңіз…
– Ең алдымен биылғы жылы қасиетті мекен – Шу ауданының құрылғанына 95 жыл, Шу қаласының құрылғанына 65 жыл және баһадүр бабамыз, ұлт қайреткері Балуан Шолақ Баймырзаұлының туғанына 160 жыл толуына орай кең көлемде аталып өткен ауқымды шараның өз деңгейінде өтуіне мәдениет қызметкерлері ретінде белсенді атсалысқанымызды тілге тиек еткім келеді. Одан бөлек, аудандағы театрлар туралы да сөз қозғағым келіп тұр. Себебі өңірдің мақтанышы саналатын «Шу» және «Шу қаған» халықтық театрлары және «Шу еркесі» халықтық ән-би ансамблі бүгінде елге рух сыйлар өнердің қара шаңырақтарына айналды. Олардың әр қойылымы мен әрбір әні – бір-бір тағдыр, бір-бір сыр. Осы театрлардың сахнасында ел тарихы мен бүгінгі күннің бедері астасып, көрермен көңіліне жол табуда.
11 ақпан күні сахна төрінде «Шу» халық театры ұжымымен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығаршашылығы көрерменге ыстық сезім сыйлады. Ақынның нәзік те асқақ әлемін танытқан «Есіңе мені алғайсың…» атты әдеби-сазды кеш көрермен көңілін тербеп, жүректе ұмытылмас із қалдырды. 1 наурызда аталған театр ұжымы М.Мағауиннің «Бір атаның балалары» драмасын сахналап, адамдық борыш, ағайындық байланыс, қиындықпен шыңдалған тағдырлар туралы ой қозғады. 26 наурызда өткен театрлар байқауында театр режиссері Нұрхат Төлеудің «Құмардың құлы» спектаклімен өнер көрсеткен театр ІІ орынды қанжығасына байлады.
Абай Құнанбаевтың 180 жылдығы аясында 31 қаңтарда «Шу қаған» театрының қойылымында жас Абайдың бейнесі сомдалып, көрерменді ой кешуге жетелесе, «Шу» халық театры ұлы ақынның өмірінен алынған «Абайдың аманаты» сахналық көріністерді ұсынып, ақынның даналыққа толы мұрасы қайта жаңғырып, көрермен жүрегіне жол тартты.
16 наурызда «Шу қаған» театры ұжымының «Қара пима» драмасы жүректерге жол тауып, адам тағдыры мен уақыттың қатал заңын суреттеген туынды аудандық байқауда ІІІ орынға ие болды.
Ауданның өнер додасындағы жетістіктері тек театрмен шектелмейді. 4 маусымда облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен «халықтық» атағы бар көркемөнерпаздар ұжымдарының «Өнер көзі – халықта» облыстық байқау-фестивалінде «Шу еркесі» халықтық ән-ансамблі сахнаны сәнге, көрерменді әнге бөлеп, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Ал 14 қарашада «Баласағұн» ОКЗ-да өткен байқауда «Әсем әуен» фольклорлық ансамблі өз атағын абыроймен қорғап қайтты.
Шығармашыл жастарға да әрдайым қолдау көрсетіп келеміз. Тек осы жылдың тоғыз айында 121 іс-шара ұйымдастырылып, жас өнерпаздарға үлкен сахнаға жол ашылды. Мәселен, 17 сәуірде аудандық мәдениет үйінде өткен «Екі жұлдыз» байқауы талай жастың өнерін жарқыратып, жаңа есімдердің танылуына мүмкіндік берді.
13 тамызда Теміржолшылар саябағында «Шырайлы Шу – кешкі әуен» атты ашық аспан астындағы әсем концерт аудан тұрғындарын жазғы кештің сиқырына бөледі.
Сонымен қатар шулық өнерпаздардың үлкен сахнадағы жеңістерін де мақтанышпен атап өткіміз келеді. 13 қаңтар және 22 ақпан күндері Мақсат Мақсұттың жеке жобасымен «Махаббат терапиясы» музыкалық драмасы ауданда және Тараз қаласында сахналанып, көрерменге шаттық пен әсерлі сәттер сыйлады. Одан бөлек Ұлытау облысында өткен Тайжан ақынның шығармашылығына арналған IV республикалық «Ұлытаудан қанат қаққан ақын Тайжан» дәстүрлі ән байқауында Жалғас Нұрғожа мен Гүлайым Бесіншібай облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталған болатын. Сонымен қатар, Гүлайым Бесіншібай «Әулиеата әуендері» жобасының жеңімпазы атанса, «Атасы асыл сөздің – ақын Абай» облыстық байқауда Нұрғожа Жалғас І орынды қанжығасына байлады. Ал әнші Балдат Бейсеқожа Дубайда өткен халықаралық ән бәйгесінде І орынға ие болып, ел абыройын асырды.
– Бөлім міндетіне тек мәдени жұмыстардан бөлек тіл саясаты да жататыны белгілі, ендеше мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту бағытында бөлім тарапынан қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын айта кетсеңіз…
– Иә, мемлекеттік тіл мәселесі – біздің бөлімнің негізгі басым бағыттарының бірі. Біз бұл бағытта тек қағаз жүзіндегі жоспармен шектелмейміз, нақты нәтижеге бағытталған істерді жүйелі жүргіземіз.
Ауданда мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған 2024–2026 жылдарға арналған жол картасы аясында игілікті істер жалғасып келеді. Осы межелі жылдар ішінде мемлекеттік тілді меңгеруге ниеттенген 329 тіл үйренуші арнайы курстардан өтіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Солардың ішінде сан түрлі этностың өкілдері бар. Бірі – орыс, бірі – әзірбайжан, бірі – түрік, енді бірі – күрді және тағы басқалары. Осылайша, әрқайсысы өз жүрегінде қазақ тіліне деген құрметін өсіріп, өзара түсіністіктің алтын көпірін қалыптастыруға үлес қосып келеді.
2025 жылға бекітілген жоспар да ауқымды – 350 тыңдаушыны қамту көзделген. Себебі, қалың жұртты құрайтын 106 мыңнан аса тұрғынның төрттен бір бөлігі өзге ұлт өкілдері болғандықтан, тіл үйренуге деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Қазіргі таңда ауданда 10 топта 200 адамның оқу процесіне белсене араласып жатуы – осының айқын дәлелі.
Тіл саясаты көшедегі қарапайым жазудан да байқалады. Қалаға кірген әрбір жан ең алдымен маңдайша, жарнама, нұсқағыш сынды көрнекі ақпаратқа көз салады. Сондықтан да облыс пен аудан әкімдері арасындағы келісімде мемлекеттік тілдің көрнекі ақпараттарда қолданылуы – негізгі көрсеткіш ретінде белгіленген. Ауданымызда тіл жанашырларының да шоғырланғаны қуантады. Кітапханашылар бастамашы болған «Тіл жанашырлары» тобы мен құрамында 18 мүшесі бар «Халықаралық қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі Әділет департаментінде тіркеліп, тіл тазалығын сақтауға, сауаттылықты арттыруға бағытталған жұмысын жүйелі жүргізіп келеді.
Өткен жылғы рейдтік шаралар барысында 1739 көрнекі ақпарат зерделеніп, 259-на түзету енгізілді. Ал 2025 жылдың қазан айында ұйымдастырылған көрнекі ақпараттар айлығында 279 нысан тексеріліп, 46 кемшілік анықталып, тиісті талап ескертілді. Бұл жұмыс– әр жазудың әрпіне дейін жауапкершілікпен қараудың қажеттігін көрсетеді.
Ал көше атауларын айқындайтын аншлагтар – қаланың көзге көрінетін мәдениеті дер едім. Себебі дұрыс жазылған, бірыңғай үлгідегі әрбір тақтайша қалаға сымбат беріп, өткен мен бүгінді жалғайды. 2016 жылдан бері жаңғыртылып келе жатқан бұл жұмыс 2024 жылы жаңа қарқын алды. 9,5 миллион теңгеге QR-коды бар заманауи үлгідегі 2714 аншлаг орнатылды. Биылғы жылы тағы 3142 QR коды бар аншлаг ілу жоспарланып отыр. Бүгінде аудандағы көшелердің 87,7 пайызы, ал аулалардың 84 пайызы жаңартылған белгілермен қамтамасыз етілген. Бұл – ауыл да, қала да жаңарып, заманауи тыныс алып келе жатқанын білдіреді.
Қазақ тілін меңгеру деңгейі Қазтест жүйесі арқылы бағаланатыны белгілі. 2024 жылы тестілеуге білім беру саласының қызметкерлері мен бірнеше мемлекеттік қызметші қатысса, 2025 жылдың қазанында білім саласының 30 қызметкері өз білімдерін тағы бір мәрте саралап, сынақтан өтті. Жалпы бұл жүйе олардың тілдік деңгейін ғана емес, мемлекеттік тілге деген жауапкершілігін де танытады.
Өңірде тіл мәдениетін көтеру мақсатында түрлі форматта іс-шаралар өткізілді. ҚР халқы тілдері мерекесіне орай бөлімнің ұйымдастыруымен онкүндік өтіп, түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылды. «Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауындағы жүрекжарды сөздер, «Тіл – ұлттың жаны» атты әдеби сазды кештің шырайлы сәттері – барлығы мемлекеттік тілдің мерейін өсіре түсті. Сонымен қатар көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамадағы сауаттылыққа арналған айлықта ауылдық округтерде зерделеу жұмысы жүргізіліп, кемшіліктер ретке келтірілді.
– Ендігі кезекте бөлімнің тағы бір үлкен әрі жауапты бағытының бірі – ономастика жұмысы туралы баяндап берсеңіз…
– Атқарылған жұмыс туралы айтпас бұрын, ең алдымен ономастикалық жұмыстың мақсаты – ол ұлттың болмысын тану, тарихын түгендеу екенін тұрғындар жіті түсінсе екен дейміз. Себебі атау өзгертуге келгенде тұрғындар тарапынан даулы мәселелер орын алып тұратынын да жасырмаймыз.
Жалпы атқарылған жұмыс легіне оралсақ, аудандағы атаулары қайталанатын және атаусыз 7 мектепке атау өзгерту туралы жұмыстар жүргізіліп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 11 сәуірдегі №204 қаулы негізінде ауыстырылды. Олардың ішінде Дінмұхамед Қонаев, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынов, Ілияс Жансүгіров, Шерхан Мұртаза, Кенен Әзірбаев, Құрманғазы секілді ұлы тұлғалардың есімдері бар. 2023 жылдан бері осы жұмыс жалғасын тауып, 1 кітапханаға, 7 атауы жоқ мектепке (№40 мектеп-лицейі, Оқушылар сарайы, Өнер мектебі, Техикалық шығармашылық орталығы, Балалар–жасөспірімдер орталығы №1,2, Туризм, өлкетану орталығы), 4 елді мекенмен аталатын (Еңбекші, Мойынқұм, Жиенбет, Жайсан), 1 атауы қайталанатын (Алға) мектепке атау беру жұмыстары жүргізіліп, ономастика комиссиясына қарауға құжаттар ұсынылды. Аудан әкімінің орынбасары төрағалық ететін аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің, аудандық мұрағаттың, Шу аудандық баспа қызметкерлерінен және ардагерлер ұйымының мүшелерінен жиналған аудандық ономастика жөніндегі жұмысшы топ құрылып, топтың 4 отырысы өткізілді.
2023-2024 жылдар аралағында атау беру жұмыстарына уақытша тоқтату тапсырылған болатын. Тек үстіміздегі жылдың қазан айынан бастап уақытша тоқтау алынып, Төле би ауылдық округіндегі атауы ескірген Панфилов, Макаренко, Гагарин көшелерінің атауларын жаңартуға көше тұрғындарынан қолдау таппауына байланысты бұл мәселе өзгеріссіз қалды.
Төле би көшесіндегі 30 лет Победы көшесі Қасым Қайсенов көшесі деп қайта аталып, көше атауын өзгерту жұмыстары толық аяқталды. 30 лет Победы көшесін Қасым Қайсенов көшесіне қайта атау, Жаңа жол ауылдық округі Жаңа жол ауылында орналасқан Тәңірберген Тәжіұлы 1-бұрылысын Домалақ ана көшесі деп қайта атау туралы ұсыныстар облыс әкімдігі жанындағы ономастика комиссиясының қарауына ұсынылып, оң шешімін тапты. Қазіргі таңда аталған көшелер бойынша заңдастыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 2026 жылдың жол картасына аудан бойынша 10 көше ұсынылды. Қазіргі таңда Республикалық ономастика комиссиясының шұғыл тапсырмасы бойынша Шу қаласындағы атауы қайталанатын Құрманғазы көшесін ерлікпен қаза тапқан өңір азаматы Амантаев Рахат Сегізбайұлының есімімен қайта атау жұмыстары бастау алды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.