Талабы таудай бүлдіршін
Шу өңірі елімізге талай көрнекті тұлғалар дүниеге келген, өнерлі өлке ретінде танымал. Тарих тереңіне бойласақ, оған нақты дәлелдер жетіп артылады. Бүгінде сол таудай тұлғалардың ізін жалғап, өнер өлкесінде биік белестерді бағындырып жүрген жерлестер де жоқ емес. Әсіресе, жас буын өкілдерінің әдебиет пен өнерге деген құштарлығы қуантады. Ал оларға қолдау көрсетіп, бойындағы өнерге деген қабілетін шыңдауға аға буынның арқау болуы ауадай қажет.
Сондай жандардың бірі – Ақсу ауылдық округі, Оразалы батыр ауылының тумасы, осыдан бірнеше жыл бұрын осы округте әкімдік қызмет атқарып, ауыл халқымен етене жақын болған Итекеев Талғат Қалқанбайұлы. Ол округке басшылық жасаған тұста мұндағы мәдени шаралардың жоғары деңгейде өтуіне зор үлес қосып, өзінің іскерлігін көрсете білген жан. Осы үрдісті өзінің отбасында да берік ұстанған болса керек, бүгінде оның кішкентай немересі Талғат Томирис өлеңді жатқа айту, мәнерлеп оқу бағытында өзін жақсы қырынан танытып келеді. Ал, Томиристің әкесі Айзат Талғатұлы ел тәуелсіздігінің теңдей құрдасы. Ол 1991 жылдың 17-желтоқсанында Оразалы батыр ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда Алматы облысында тұрып жатқан кішкентай бүлдіршін мектеп табалдырығын енді ғана аттағанына қарамастан, өзінің өнерге деген кызығушылығын айқын көрсете білді. Оған Томиристің Абай өлеңдерін жатқа айтуы, Республика күні, Тәуелсіздік күні мерекелері тақырыбына арналған өлеңдерді өз еркімен жаттап, осы бағыттағы байқауда бақ сынағаны дәлел. Атап айтар болсақ, осы жылы Республика күні мерекесіне орай, “SНАМ EDU” білім беру орталығы ұйымдастырған республикалық «МЕНІҢ ЕЛІМ – ҚАЗАҚСТАН» атты қашықтықтан өткізілген байқауға белсенді қатысып, шығармашылық қабілеті мен білімін жоғары деңгейде көрсете білгені үшін, үздік дайындық пен талпынысының нәтижесінде жеңімпаз атанып, аталмыш орталықтың бірінші дәрежелі дипломымен марапатталды. Алматы облысы, Қарасай ауданы, Долан ауылындағы жайлы мектепте білім алып жүрген мектепалды даярлық сыныбының оқушысы Томирис Талғат аталған шара барысында “Қазақстан” атты өлеңді жатқа айтып, елге деген сүйіспеншілігін нәзік балалық жүрегімен жеткізді.
Сонымен қатар, Тәуелсіздік күні мерекесіне де дайындықсыз емес. Ол өзіміздің жерлесіміз, Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі, Желтоқсан көтерілісін зерттеушілердің бірі, баспа басылымдарында Желтоқсан көтерілісінің көрнекті тұлғаларының бірі – Қайрат Рысқұлбеков туралы бірнеше мақалалары жарық көрген Мәкен Уақтегінің “Қайрат. Желтоқсан. Тәуелсіздік” атты кітабынан алынған “Бақытты өмір бастауы” атты менің авторлық өлеңімді жатқа айтуға жаттығып жүр. Өзге өңірде жүрсе де сол ортада өз жерлестеріміздің шығармашылығын насихаттап, оны әсерлі жеткізе білуі оның ата-анасының, ата-әжесінің өнегелі тәрбиесінің көрінісі болса керек. Екіншіден, Отанға деген таза көңілдің, бейбіт өмірді бағалаудың, болашаққа деген сенімнің белгісіндей. Сондай-ақ, мектепалды даярлық сыныбында оқып жүріп, аталған бес шумақ өлеңді жатқа айтуы үлкен ерлік десек те болады.
“Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу”-демекші, осы тұста Томиристің бойынан жарқ еткен осындай қабілетін шыңдап, оны жарқын белеске жетелеп жүрген жетекшісі Гульзада Жуламановаға да айтар алғыс мол. Ал, Томирис бүлдіршіннің болашағы жарқын болып, алдағы уақытта да биік белестерден көрінуіне тілекшіміз.
Динара Батырхаирова,
журналист.