Ақпараттық портал

Жайсанның жүрек жылуы

Адам өмірінің әрбір күнінің ар жағында маңдай тер, төзім, ізгілік пен жүрек жылуы жатады. Медицина саласында қызмет еткен жанның тағдыры – бір ғана мәрте айтылып, бір сәтте түсіне алатын әңгіме емес, халықтың алғысы мен батасынан құралған тұтас тарих.
Сол секілді Есполова Күнсұлу Досанқызының еңбек жолы – қарапайым ауылдың тынысымен біте қайнасқан, сан жүрекке шипа болған өмір шежіресі.

Күнсұлу Досанқызы 1964 жылдың 12 қарашасында Өзбекстан Республикасы Навайы облысы, Канимех ауданының Коммунизм ауылында дүниеге келді. 1981 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепті тәмамдаған соң, жүрегінде әлдеқашан қалыптасқан «адамға жақсылық жасау» мұраты оны медицина жолына жетеледі. Осылайша ол 1982–1984 жылдары Абу-Али Ибн Сина атындағы медициналық колледжінде білім алып, мамандығының қыр-сырын терең меңгеріп шықты.
Өмірдің жаңа белесі 1984 жылы Газлин ауданындағы фельдшерлік емханадан басталды. Жас маманға артылған сенім де, жауапкершілік те зор еді. Ауыл тұрғындарының алғысы мен ақ батасы оның әр қадамын нық етті. Қандай жағдай болмасын Күнсұлу Досанқызы өз міндетін адал атқара білді. Түннің бір уағында шақырту келсе де, қарлы боранда жол қатынасы қиындаса да, ол ешқашан мойыған жоқ. Әрбір науқастың беті бері қарап, жүзінде үміт оты жанған сайын оның еңбегіне деген сенімі күшейе түсті.
1992 жылдан бастап Алға ауылдық округіне қарасты Жайсан ауылында мейірбике болып қызмет етуі — оның кәсіби жолындағы ең ұзақ та берекелі кезең. Талай жылдар бойы осы ауылдың тынысына араласып, тұрғындардың денсаулығын күзетіп, сан баланың өсіп-өркендеуіне себепкер болды. Күнсұлу апайдың есімі бұл өңірде денсаулық сақшысы ғана емес, адамдықтың, парасаттың, мейірімнің үлгісі ретінде қадірленеді.
Жайсанның әрбір үйінде оның қолының жылулығын сезінген жан бар. Біреуге екпе салса, тағы біріне алғашқы көмегін көрсетеді, жүкті ананың жағдайын бақылайды, қарттардың хәліне үнемі алаңдап жүреді. Осының бәрін жасай жүріп, ол ешқашан өзін ерекше етіп көрсетуге ұмтылған емес. «Мейірбикенің ең үлкен марапаты – науқастың «Рахмет» деген бір ауыз сөзі» деп жиі айтудан жалыққан емес.
Күнсұлу Досанқызы – тек маман ғана емес, ауылдың арқа сүйер абзалы, адамгершіліктің айнасы. Бүгінгі күні оның өмір жолы жас мамандарға үлгі, ал атқарған қызметі – қарапайым еңбектің ұлылығын айқындайтын айқын дәлел.
Жылдар бойы төккен маңдай тері, адам өміріне деген жауапкершілігі ескерусіз қалған жоқ. Абзал жан Шу ауданына сіңірген ұзақ жылғы еңбегі үшін арнайы төсбелгімен және Шу ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған және тағы да басқа көптеген құрметтерге бөленіп келеді.
Бұл марапаттар — оның тынымсыз еңбегіне берілген лайықты баға, ел алғысының көрінісі.
Күнсұлу апайдың бір салаға қырық жыл өмірін арнауы — елге қызмет етудің және ауыл медицинасының мәнін терең ұқтырған бағалы жол. Осындай жанның жүрген жолы, жасаған қызметі — ертеңгі ұрпаққа өнеге, бүгінгі қоғамға мақтаныш деп білеміз.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.