Ақпараттық портал

Еркіндік жолындағы ерлік ұмытылмайды

1986 жылдың 16 желтоқсаны қазақ тарихындағы қатпарлы күн. Дәл осы күні үрімдей жастар алаңға бейбіт шеруге шығып, өз ұстанымдарын ашық білдірді.  Оның соңы толқуларға ұласып, жастарға нақақ жала жабылып, күш қолданылды.

16-17 желтоқсан күндері билікке өз талаптарын қойып шыққан аға-әпкелеріміз аяусыз соққыға жығылып, 200-ден астамы жан тәсілім етті. Тағы соншасы жараланған. 1000-нан астам адам тұтқындалған еді. Із-түссіз кеткендері де аз болмады. Олардың арасында Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова сынды жалынды жастардың есімдері ел жадында ерекше жатталып қалды. Олар ел егемендігі жолында қаза тауып, қазақ жастарының өшпес рухын өнеге етті.
1991 жылғы 16 желтоқсанда КСРО елдері ыдырап, еліміз өзінің егемендігін жаһанға жария етті. Мұхиттың арғы жағындағы АҚШ бізді бірінші болып мойындады. Ал мұсылман елдері арасында Иран елімізді мемлекет ретінде таныды. Бауырлас Түркия 17-ші ел ретінде мойындап, бірінші болып елшілік ашқан екен. Сол сәттен бері еліміз экономикасын дамытуға күш салып, бүгінгідей бақуатты елге айналып отыр.
Өткен күнгі оқиғаларды құрметтеу – ортақ парыз. Осы мақсатта Тәуелсіздік мерекесі күні Төле би ауылындағы «Қазақ елі» монументі алдында аудандық мәслихат төрағасы Ж. Әбенов, ардагерлер, желтоқсаншылар, мекеме басшылары мен этномәдени орталық жетекшілері, білім қызметкерлері жиналған болатын.
Олар еңселі ескерткіш алдына гүл дестелерін қойып, желтоқсан ызғарына жаны мен тәнін тоңдырған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Тәуелсіздік бастауы болған күнге бір сәт ой жүгіртті.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.