Айтары бар басылым
Қазіргі уақытта газет-журналдың қоғамдағы орнын ғаламтор мен теледидар басты. Бірақ қолыңа алып, өз көзіңмен көріп оқыған газеттің жөні бір бөлек. Мен сонау Кеңес Одағы уақытынан, 1976 жылдан бастап еңбек жолымды Т.Әшімбаев атындағы орта мектепте трактортану, кейіннен технология пәнінің мұғалімі болып жұмысымды атқарған кезімнен аудандық «Шу өңірі» және облыстық «Ақ жол» газеттеріне тұрақты түрде жазылып келемін.
Газетке мектеп кітапханашысы Нұргүл Оспанбекова арқылы жазыламын, себебі мен ауылдың және мектеп кітапханасының оқырманымын. Міне, биыл газеттің тұрақты оқырманы болғаныма 50 жыл толды. Ол туралы жылы лебізін аудандық редакция ұжымы газет арқылы жеткізген еді. Ауылда, мектепте атқарылып жатқан игілікті іс-шараларды, жақсы жандардың өнегелі өмірі, еңбек жолдары, ұлы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске 80 жыл, «Жұмысшы мамандықтар жылы», «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы туралы түрлі маңызды мақалалар газет беттерінде тұрақты жарық көріп келеді. Осы күнге дейін менің де мақалаларымды кері қайтармай, газет бетіне жариялағанына редакция ұжымына рахметімді айтамын. Болашақта да тұщымды мақалалар жазуды жалғастыра беремін.
Қазіргі кезде газеттің бет-бейнесі өзгеріп, мазмұны байи түсуде. Ажары өзгеріп, түрлі-түсті түрде баспадан шығуы газеттің сапасын көтерді. Сондықтан елімізде, ауданда болып жатқан оң өзгерістерге қуанып, сүйікті газетімізге аудан тұрғындарын, әріптестеріме ұйымшылдық көрсетіп, бір кісідей жазылып атсалысуға шақырамын. Себебі мұнда басылымның мықты, биік деңгейге лайық, қаламы қарымды шығармашылық ұжымы жұмыс жасауда.
Ал 2016 жылы зейнетке шыққаннан бастап облыстық ардагерлер газеті «Ғұмыр дария», ал биылдан бастап ардагерлерге арналған республикалық «Ардагер айнасы» газетіне жазыла бастадым. Газет облыс, республика көлемінде ардагер ұйымдарының қызметін, сонымен қатар ұлттық құндылықтар, адами болмыс, жасампаз жандардың өнегелі өмірі, еңбек жолдары туралы мақалалары газет бетінде жиі жарық көреді екен. Сол себептен аудан ардагерлерін өзіміздің төл газетіміз «Шу өңірі», «Ғұмыр дария» және «Ардагер айнасы» газеттеріне жазылуға шақырамын!
Әділхан ТОҚТЫБЕКОВ,
ардагер ұстаз.
Далақайнар ауылы.